Нәсен СЕМБАЕВ, қоғам қайраткері: – Соғыс кезінде қалай ғана аштан өліп қалмағанбыз деп таңғаламын

Қарттары көп ел – қазыналы ел. Бұған ешкімнің таласы болмаса керек. Семейдегі сондай көргені көп, көңіліне түйгені мол, көкірегі дария қарттардың бірі – Абай, Көкпекті аудандары мен Семей қаласының Құрметті азаматы Нәсен Сембаев. Таяуда ұзақ жылдар басшылық қызметте болып, өңіріміздің дамуына елеулі үлес қосқан ардагер ақсақалмен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.
– Нәсен аға, өмір-өзен деп жатамыз. Кейде өткен өмір жолдарына көз салғанда, ойыңызға не келеді? Алыста қалған балалық, жастық шағыңызды сағынасыз ба?
– Менің туған жерім – Көкпекті ауданының Көкпекті ауылы. Балалық шағым сұрапыл соғыстың кезіне тап болды. Әсіресе, біздің буын соғыстың зардабын тәуір-ақ тартты. Аштықты да, жалаңаштықты да – бәрін бастан өткіздік. Соғыс басталған жылы сегізге енді толған баламын. Бала болсам да, жесір қалған әйелдер мен жетім қалған балалардың бейнесі көз алдымда мәңгілік сақталып қалды. Буынымыз бекімей жатып еңбекке араластық. Бала ғой деп ешкім бізді аямады. Таңертең ерте бәрімізді бригадир оятатын еді. Тәтті ұйқыңды қимай бұлғақтасаң, ұрыс естисің, кейде тіпті таяқтап та жіберетін. Десе де, бір таңғалатыным, сол кездегі балалардың білімге деген құштарлығы ерекше болатын. Қарны аш болса да, жалаң аяқ, жалаң бас жүрсе де, сабақтан қалмауға тырысатын еді. Онда жаңа оқу жылы жиын-терін жұмысы аяқталған соң ғана, қазан айында басталатын.
Ол кезде өзі тамақ та жоқ еді ғой. Қазір кейде сол кезде қалай ғана аштан өліп қалмағанбыз деп таңғаламын.
Бригадир жұмасына бір қой сойып, шөпте жүргендерге таратып беретін. Жұмысшылардың ішіндегі ең кішкенесі менмін. Бригадир мені теріс қаратып отырғызып қойып, «мынау кімге?» деп сұрайды. Мен теріс қарап отырып, «бәленшеге» деймін. Содан кейін тағы сұрайды. Мен «түгеншеге» деймін. Тегі біреуге аз, біреуге кем кетіп қалмасын деп ойлайтын болса керек. Сонда біреу бір нәрсе деп қарсы сөз айтпайды. Бұйырғанын алып, азық етеді. Қазір сол кездегі үлкендердің әділдігіне, адамдардың бір-біріне деген адалдығы мен сыйластығына сүйсінемін. Мұның өзін демократияның бір көрінісі деуге болады емес пе? Ал қазіргі күні теледидардан қаншама қаржыны жеп қойып, шетел асып қашып кетіп жатқан жемқорлар қанша? Соларды көргенде, осы бір көрініс ойыма оралады.
Жазда шөп жинайтын тырмаға отыра қалсақ, бір таққа отырғандай, төбеміз көкке жететін. Бір-бірімізге мақтана қарайтынбыз.
Мал дегенде, үйімізде бір сиырымыз бар. Түскі үзілісте үлкендер демалып жатқанда, әлі буыны қатпаған бала болсам да, орақпен шөп шабамын. Кешкісін бригадирден өгіз сұрап алып, түсте шапқан шөбімді үйіме тасып алатынмын. Сол шөппен қыстан шығатын едік. Қазір ғой 15-20 жасқа келіп қалған жастар өйтіп жұмыс істеуге құлықсыз.
Қазақта «өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген сөз бар. Бұл рас сөз. Ашаршылық кезінде біздің елдің жанын сақтап қалған – өзен. Кішкентай балалар балық аулаймыз. Ол кезде балық аулайтын қармақ та жоқ. Аттың қылын пайдаланамыз. Бес-алты балық ауласақ, соның өзі үлкен қорек еді.
Не деймін, өткенін сағынбайтын адам бола ма екен? Бүгінде бәрі де сағынышқа айналғаны рас. Кейде соның бәрін ойлайсың. Бәрі де кеше ғана болған секілді. Өмірдің зымырап өтіп кеткеніне бір түрлі сенбейсің.
Өзіміздің малға жетері жоқ
– Сіз саналы ғұмырыңызды өңіріміздің өркендеуіне арнадыңыз. Сол үшін тер төктіңіз. Көкпекті, Ақсуат, Абай аудандары мен Семей қаласында жемісті еңбек етіп, тер төктіңіз. Қалай ойлайсыз, сол кездегі еңбек адамына жағдай жасалды ма?
– Еңбек адамына жағдай жасау сол кездегі басшылардың басты міндеті болатын. Кеңестік заманда малшылардың бәрі шатырланған үйлерде тұрды. Жоғары желілі электр қуаты әрбір шопанның үйіне дейін барды. Суды да қолмен тартпайтын еді, мотормен дүрілдететін. Қыстақтан жайлауға қалай көшіп-қонамын деп еш бас ауыртпайтын. Абай ауданында үш жылға таяу партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істедім. Ондағы жұмысымның да негізгі мақсаты – бақташыларға, шопандарға жағдай жасау болды. Көп жұмыстар істелді. Менің алдымда бұл ауданды Хафиз Матаев басқарған-ды. Мен сол кісінің қолға алған жұмыстарын әрі қарай жалғастырдым. Және біз бір-бірімізге әркез қолдау көрсететінбіз. Қазаққа Абай, Шәкерім, Мұхтар сынды алыптарды берген бұл ауданның халқы аса еңбекқор. Табиғатының қолайсыздығына қарамастан, әркез алдыңғы қатардан көрінетін. Бірнеше жыл қатар Министрлер кеңесінің Қызыл туын қолдан бермеді. Кеңестік дәуірде ауыл шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлінді ғой.
– Ал қазіргі ауыл шаруашылығының бет алысына көңіліңіз тола ма?
– Қазіргі жағдайда ауыл шаруашылығын дамыту оңай емес. Неге десеңіз, шаруашылықтар ұсақталып кетті. Менің ойымша, ауыл шаруашылығында ірілендірілген шаруашылықтардың тірлігі ғана нәтижелі болмақ. Кезіндегі колхоздар мен совхоздар қалай дамыды? Шет жағасын өзің де көрген шығарсың, орталықтары қандай еді? Барлық жағдай жасалған болатын. Электр жарығы да, мәдениет үйі де, аурухана да, пошта да, бәрі де болды. Осының бәрін бытырап, өз бетімен жүрген шаруа қожалықтары жасай ала ма? Кейде менің ауылдарға жолым түседі. Сонда азын-аулақ малын жалғыз өзі бағып жүрген шаруаларды көремін. Егер ондай шаруа қожалықтарды ірілендіретін болсақ, ұтпасақ, ұтылмаймыз. Біреу мал бағады, біреу шөп шабады, тағы біреуі қора-қопсыны жөндейді дегендей. Бұрын ауылда жұмыс көп болатын. Мал бағудан шаршағандар «Мына малыңды ала бер, маған жұмыс табылады» деп совхоз директорымен сөзге келіп те қалып жататын. Ал қазір ауылда жұмыс жоқ дегенді қалай түсінуге болады. Әрине, кеңестік заманның да өз кемшілігі болды. Ол мынау еңбекақы төлеу мәселесіне байланысты. Еңбек адамы қанша артық өнім өндіріп жатса да, ол оның пайдасына шешілмеді. Кейіннен кеңестік одақ ыдырағаннан кейін, совхоз-колхоздарға тиісті ортақ мал-мүліктің тез талан¬-таражға түсіп кеткенінің себебі осында ма деп ойлаймын.
Қазіргі күні асыл тұқымды мал басын көбейтеміз деп шетелден мал әкеліп жатыр. Ол малды анау жер түбінен ұшақпен жеткізеді. Әрі жейтін азығы да бөлек, керемет күтім керек. Тағы бір атап өтерлігі, шетелден жеткізілген малдардың өзі дұрыс іріктелмейді. Артынан неше түрлі ауру шығып, өртеп те жатырмыз. Мұндай жолмен мал шаруашылығын өркендетеміз деп айта алмаймын. Шындап келсек, асыл тұқымды мал бізде де бар ғой. Мысалы, қазақтың ақ бас сиырларын көптеп өсіруге неге көңіл бөлмейміз. Ол шетелден әкелінген сиырлардан кем емес. Және шетелден әкелінген сиырға беретін жемшөпті осыған беретін болсаң, қазақтың ақ бас сиырлары да көл-көсір өнім береді. Немесе еділбай қойларын алайық. Бұл да өзіміздің күй талғамайтын төрт түлігіміздің бірі. Кеңес одағы кезінде шетелдерден мал келмеді емес, келді, бірақ олар аталық мал болды. Қалай десек те, өзіміздің малға басымдық беру керек. Өзіміздің малға жетері жоқ деп ойлаймын.
Күнделік жазбағаныма өкінемін
– Мал өнімдерін кәдеге асыра алмай, бүгінде ысырап етудеміз. Оған да ішіңіз удай ашитын шығар.
– Кезінде Семейде жүн өңдейтін үлкен фабрика болды. Сол фабрикаға жарты Қазақстан жүнін әкеліп өткізетін десем, өтірік айтпаймын. Тіпті, Қарағандыдан, Жамбылдан да жүн жеткізілетін. Ол жүндерді жуып, тазалап, жіп иіретін фабрикаларға тарататын. Маталар шығаратынбыз. Тоқсаныншы жылдары сол жүн өңдейтін фабрикамыздың қондырғылары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.
Күллі Одақта Семейдегі ет комбинатына жететін комбинат болған жоқ. Күніне 15-20 мың қой, 1000 сиыр, 1000 шошқа соятын. Ет комбинаты бүкіл әскерді қамтамасыз етті. Қала берді одан шыққан шұжықтар мен консервілердің бәрі Мәскеуге, Ленинградқа жөнелтіліп жататын.
Ал қазір оның бірі жоқ. Өйткені, ауыл шаруашылығын дамыта алмай отырмыз. Әйтпесе, Семейдің өзінің өндірген еті, сүті, астығы өзіне былай жетеді. Кезінде Семейде жеңіл өнеркәсіп керемет дамыды. Бір кездері Сарығашта демалып жүріп, Ташкенге барғаным бар. Дүкеннен өзіме көйлек сатып алдым. Қағазын қарасам, өзіміздің Семейдің «Большевичкасы» тіккен көйлек екен. Мұнан басқа бүкіл солдаттар киетін керзі етіктің бәрі Семейден шығатын. Әдемі қара тондар тікті. Қазір қаладағы тері мех комбинаты аяқ киім шығаруға бейімделіп жатыр деп естимін. Негізінде елдегі он жеті миллион халықты аяқ киіммен толық қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз былай жетеді ғой. Бір адамға жылына екі пар аяқ киім керек десек, сонда он жеті миллион адамға 34 миллион пар аяқ киім керек екен. Ал сол аяқ киімдердің бәрін шетелден тасып жатырмыз, қыруар қаржы өзге елдің экономикасын дамытуға жұмсалуда. Осыны өзімізде жасауға болады ғой. Мамандар да бар.
Сіздің мамандығыңыз – зоотехник. Тіпті, 1970 жылы «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген зоотехник» атағына да ие болыпсыз. Қазіргі күні осы мамандыққа неге сұраныс жоқ.
– Зоотехник дегеніміз – ол технолог. Мал шаруашылығының технологиясының бәрін жасайтын сол. Ветеринардың жұмысы тек емдеу. Рас айтасыз, қазіргі күні зоотехниктерді әзірлеуді мүлдем қойдық. Жоғары оқу орындары тек ветеринарларды ғана дайындап, шығарып жатыр. Ал негізінде қазіргі фермерлеріміздің мамандығы не зоотехник, не агроном болса, тіпті жақсы болар еді. Бірақ шаруа қожалық иелерінің көпшілігінің мамандығы да жоқ. Әйтеуір, бір ұйымдастырушы. Малмен, жермен жұмыс істеуді білмейді.
– Жастарды мал шаруашылығын дамытуға үгіттеген шұбартаулықтардың бастамасы туралы не айтасыз? Осы бастама ұлт дамуына кері әсер етті деп ойламайсыз ба?
– Жоқ, ешқандай кедергісі болған жоқ. Жазу-сызуды кәсіп еткендер сол уақытта «қазақтар неге оқымайды, неге қой бағуы керек» деген сөз шығарып жүрді. Бірақ осы қой баққаннан біздің ұлт кенжелеп қалды деп айта алмаймын. Керісінше, еңбек майданында шыңдалып шықты. Ал енді үгіт-насихат жұмысы жақсы жүрді. «Класыңмен қал, бірге жұмыс істеңдер» деді. Бір-екі жыл қой баққаннан ешкім де кем болып қалған жоқ. Ол кезде бір отар қойдың еңбегі дегеніңіз байлық еді ғой.
Шопандардың тұрмыстары жақсы болды. Астарында машина, ол болмаса мотоцикл дегендей. Әрі еңбек адамын қолдау, марапаттау дейтін де бір жақсы дәстүр болатын. Жыл сайын шопандар слеті өтетін. Сый-сияпат беріп марапаттайтын.
– Кітап жазу ойыңызда жоқ па?
– Жоқ, оған денсаулығым келмейді. Кітап жазуға құлшынған кезімде ауырып қалдым. Кейде күнделік жазуды әдет қылмағаныма қатты өкінемін. Жазушы Әзілхан Нұршайықовпен талай дәмдес болдым ғой. Ол кісінің қалтасында үнемі блокнот жүретін. Қонақта отырса да, бір нәрсесін сол блокнотына түртіп отыратын еді. Кейін өкініп қалмас үшін, күнделік жазып жүріңдер дегім келеді жастарға.
Баяғыда тоқсанға келген қариядан өзің секілді бір жастар: «Талай өмірді көрдіңіз? Өмір қандай екен? деп сұраған екен. Сонда әлгі қария «Өмір дегенің есікті ашып-жапқандай ғана екен» деп жауап беріпті. Бүгінде міне, сексеннен астық. Бірақ кеше ғана бала, кеше ғана жас болған сияқтымыз. Өмірдің жақсылығы – артыңдағы ұрпақтарың, немере-шөберелерің. Біреуіне ұрсасың, біреуіне ақыл айтасың. Өмірдің өзі сонысымен қызық көрінеді.
Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали