Нұржамал ҮСЕНБАЕВА, опера әншісі: – Әке-шешем бір сиырды сатып, пианино алып берген
Бүкіл әлемді өнерімен тәнті етіп жүрген қазақтың опера әншісі Нұржамал Үсенбаевамен кеңінен отырып әңгімелесудің сәті түсті. Қазақстан Республикасының Халық әртісі операның ерекшелігін, артықшылығын эстрада өнерімен салыстыра отырып әңгімелеп берді. Қарапайым халық операны түсіне бермегенімен, опера – ән өнерінің шарықтау шыңы екен.
Сахнадағы алғашқы қадамымды «Қыз Жібектен» бастадым
– Бірнеше күн қатарынан Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының өнерпаздары өскемендіктер үшін арнайы концерт бердіңіздер. Халық қалай қабылдады?
– Шығыс Қазақстанға бірінші рет емес, бұған дейін де бірнеше рет келгенбіз. Халық қазақ, итальян, орыс спектакльдерін жақсы қабылдады. Қойылымымыз тыңдаушылардың, көрермендердің жүрегінен орын алды деп ойлаймын. Әртістер үшін ең бастысы – халықтың ықыласы, көңілі, қошеметі ғой. Шығыс өңірі жайнай берсін, гүлдене берсін!
– Шындығында, эстрада мен осы операны салыстырып қарасақ, халықтың көбі эстрадалық әнді сүйіп тыңдайды. Опера мен эстраданың бір-бірінен артықшылығы неде?
– Эстрада әншілерінің жұмыстары да жеңіл емес. Олар заманның ағымынан қалмай бірге ілесіп отырулары тиіс. Ал опера – мәңгілік өнер. Ешқашан өзгермейді, өшпейді. Опера өнері тарихта қалай орын алды, қазір де солай келе жатыр. Операны орындау қиынның қиыны. Бір спектальдің өзін көрсету үшін қаншама адам жұмыс істейді?! Ұжым өте үлкен. Мен үшін опера өнері – классиканың ең биік шыңы. Негізінен өзім эстрада бағытында да әндерді орындаймын.
– Талантты жастардың опера өнеріне деген көзқарасы қалай? Өзіңіз шәкірт тәрбиелеп жатырсыз ба?
– Талантты жастар өте көп. Бірақ біздің кезімізде шетелге шығып өнер көрсететін әншілер кемде-кем еді. Қазір жастар үшін мүмкіндік мол. Ал шәкірт тәрбиелеу – өте жауапты жұмыс. Ол үшін үлкен дайындық керек. Бір жағынан қазір бос уақытым да жоқ. Сондықтан ойда бар бұл шаруаны кейінге қалдырып отырмын.
– Өзіңіз Оңтүстіктің тумасы болғаныңызбен, Шығысқа, дәлірек айтсақ, Семей өңіріне келін болып келесіз. Осы өлкеге алғаш келген кезіңіз есіңізде ме?
– Төлеген ең алғаш өзінің туған жеріне алып барды. Бесқарағай ауданындағы Беген ауылы. Қыс кезі болатын. Сонда ауылдың мәдениет үйінде шағын концерт бердім. Ғимараттың іші суық. Халық сырт киімдерімен отырды. Сонда мен жұп-жұқа театр көйлегімен шығып, өнер көрсеттім. Ондағы мақсатым – бар үйренгенімді кәсіби деңгейде халыққа ұсыну еді. Ән айтып жатқан кезде залда отырғандардың бірі: «Жылырақ киін, тоңып қаласың» деп қайтадан киініп шыққаным бар.
– «Қыз Жібек» операсы өзіңіздің бой тұмарыңыз десе де болады. Ғабит Мүсіреповтің өзі «Менің Жібегім осындай болуы керек» деген екен…
– Сахнадағы ең бірінші қадамымды студент кезімде осы «Қыз Жібек» операсынан бастадым. Сахнадағы Төлегеннің рөлінде Әлібек Дінішев болды. Ол кісімен бірге сахнаға шығу – мен үшін үлкен бақыт еді. Әлібектей тұлғамен сахнаға шығуды көп армандадым. Сөйтсем, адамның арманы орындалады екен. Тек тынбай еңбек ету керек.
Бала кезімде ыңылдап айтып жүретін әнімнің Төлегендікі екенін кейін білдім
– Осы өнер жолын таңдауыңызға, үлкен өнерге келуіңізге ата-анаңыздың да септігі тиген болар.
– Көпбалалы отбасында өстім. Әке-шешем бізді еңбекқорлыққа, қарапайымдылыққа, адалдыққа үйретті. Сонымен қатар, музыка, спорт үйірмелеріне беріп, үнемі қадағалап отырды. Мен кішкентай кезімнен әнге әуес болып өстім. Бойымдағы сол өнерді байқаған ата-анам бір сиырды сатып, пианино алып берді. Ол кезде пианино әрбір үйде бола бермейтін. Кішкентай кезімде фортепьяно сыныбында оқыдым. Кейіннен училищеде пианино сыныбында оқыдым. Сол кезде алғаш классикалық воколистердің дауысын естідім. Содан қызығушылығым артып, консерваторияның классикалық вокал факультетіне бардым. Ол кезде Әлібек Дінішевтің сахнаға шығып, елге танылған кездері еді. Соларға да еліктедік. Жалпы, өзім классикаға жақын болып өстім.
– Төлеген ағамен таныстығыңыз қалай басталды?
– Бала кезімде «Құс жолы» деген әннің ұнағаны сондай, аузымнан тастамай, ыңылдап айтып жүретінмін. Әннің әуезді әуені де, сөзі де керемет. Бірақ авторы Төлеген екенін білмеппін. Содан студент кезімізде консерваторияның жатақханасында жиналыс болып, әлгі әннің авторымен бірінші рет жолықтым. Төлеген сонда жиналысты жүргізді. Залда отырған мен сөйлеу мәнеріне, жүріс-тұрысына үзіліп қарап қалыппын. Ол да байқаған болуы керек, жиналыстан кейін жақындап келіп танысты. Сол танысқаннан кейін 10 жылдан кейін бірақ қосылдық. Тағдырдың жазуы солай болса керек… Қазір, құдайға шүкір, немерелеріміз бар.
– Менің білуімше, сіздің үлкен өнерге деген жолыңызды Самара қаласы ашты ғой деймін. Төлеген ағамыз сіздің бойыңыздағы өнерді көріп, бағалап, бір жарым жылға өзге елге баруға рұқсатын беріп, септігін тигізген екен…
– Абай атындағы опера және балет театры жөндеуден өтіп жатқан болатын. Сол кезде мені Ресейдің Самара театрына жұмысқа шақырды. Жолдасым Төлегеннің рұқсатымен, қолдауымен Самара қаласына ауыстым. Ол жерден кейін Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларында қызмет еттім. Төлегенге шексіз риза болдым. Негізінен, ер адамның кез келгені әйелін қолдап, басқа жаққа жібере бермейді. Ал Төлеген мен жоқта қиындықтар көрсе де, жан дүниемді түсінді. Бір жағынан өзі де өнер адамы болғандықтан шығар…
– Сіздің сахнада шетел композиторларының шығармаларын орындайтыныңызды жақсы білеміз. Ал қазақстандық қай композиторлардың әндерін шырқайсыз?
– Шетелдік шығармаларды ғана емес, қазақстандық композиторлардың туындыларын да көп орындаймын. «Гәкку» сияқты қазақтың халық әндерін де шырқаймын. Репертуарымда Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Темірбек Ержанов, Еркеғали Рахмадиев, Нұрғиса Тілендиев, Мұхтар Қалдаяқов сынды өзге де сазгерлердің туындылары бар.
– Сіздер үш айдай Францияда болып, жан-жақтан келген ұлттарға өз өнерлеріңізді көрсетіп, олардың өнерін тамашалапсыздар. Сонда Төлеген аға қазақтың қазақтығын танытуы үшін желтоқсан айының ортасына дейін суға шомылып, спортпен айналысқан екен. Ал сіз ұлт болмысын көрсету үшін не істедіңіз?
– Иә, ол кез есімде. Францияға әр мемлекеттен өнер адамдары жиналған болатын. Солардың ішінде мен ғана Францияның Ница қаласында сольный концерт беріп, халықтың қошеметіне бөлендім. Ол бұйырған мүмкіндікпен әлі күнге дейін мақтанамын. Қазақтың атын сол жерде шығардым деп ойлаймын.
– Өнеріңіздің арқасында биік белестерді бағындырдыңыз. Әлемге танылдыңыз. Десек те, адам болғаннан кейін арман таусылсын ба?! Ендігі арманыңыз қандай?
– Болдым, толдым деп айта алмаймын. Ендігі арманым – елімізде бейбітшілік, береке-бірлік болса деймін. Өркендеп келе жатқан Қазақстаным одан әрі қанатын кеңге жая берсе екен деймін. Келер ұрпақ өз ұлтының өнерін, тілін, дінін, мәдениетін ұмытпаса екен. Ал өз өнерім халықтың жүрегінен орын таба берсе деп ойлаймын. Халқым үшін еңбек етуден еш жалықпаймын.
– Сұхбатыңызға рақмет. Сізге шығармашылық табыс, шабыт тілейміз!
Әңгімелескен – Мерей Қайнарұлы