«Дидардың» қонағы

Нүриден Иманбаев, дәстүрлі әнші: – Жиырмаға тарта әнім Қазақ радиосының «Алтын қорына» жазылып алынды

Таяуда өңірдің мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін дәстүрлі әнші, Семей қалалық Мәдениет сарайының директоры Нүриден Иманбаев «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін кеудесіне қадады. Осы ретте өнер иесімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Қырықтан астам көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс істейді

– Сіз Семей қалалық Мәдениет сарайының директоры қызметін атқарған кезден бері шаһардың рухани дамуы мен көркеюіне зор үлес қосып келесіз. Семейліктердің көңіліне «Семейдің өнері мәңгілік» деген сенім ұялай бастағандай. Азғана уақытта табысқа жетуіңіздің сыры неде?
– Қалалық Мәдениет сарайы 1951 жылы Семей облыстық атқару комитетінің шешімімен ашылған. Көптеген ұлт өкілдерінің басын қосып келе жатқан Мәдениет сарайының қаламыздың мәдени өмірінде алатын орны зор. Біздің мақсатымыз – жастар мен жасөспірімдердің бойына ұлттық тәрбиелік мәні зор сахна өнерін сіңіру, адамның бос уақытын мазмұнды өткізуге ықпал жасау. Сондықтан болар біз осы сарайдың жоғарғы жағына «Менің жұмыс орным, менің қалам, менің Қазақстаным» деген патриоттық сезімге толы сөзді жазып қойдық. Мәдениет сарайында 40-тан аса көркемөнерпаздар үйірмелері мен спорттық секциялар, әртүрлі әуесқой бірлестіктер жұмыс істеп, өнерлерін шыңдауда. Жоғары халықтық атағы бар түрлі ұлт өкілдерінен құралған 18 шығармашылық ұжым қызмет етуде. Олардың қатарында «Семей тау» фольклорлық ансамблі, «Айнхайт» неміс ән-би ансамблі, «Ертеш моннары» татар ән-би ансамблі, халықтық «Котнаби» ән-би ансамблі, «Истәлік» татар фольклорлы-этнографиялық ансамблі, «Молодость» ән-би ансамблі, «Истоки» орыс хор ұжымы, ардагерлер хоры, Дәмеш Омарбаеваның ақындар орталығы, орыстың ұлт-аспаптар ансамблі, «Русская песня» вокалдық ансамблі және тағы басқалары бар. Олардың қай-қайсысы болмасын қаламызда аталып өтілетін барлық саяси және мәдени шараларға белсене қатысып отырады. Сонымен қатар, бұл қара шаңырақта Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, сазгер, дәстүрлі әнші Тұрсынғазы Рахимов, Мәдениет қайраткері Нағима Әбділдина, татар халқына еңбегі сіңген өнер қайраткері Габдулхак Ахунжанов, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері Салтанат Сибанбаева, Дәмеш Омарбаева, Мапруза Өтеуленова, Мәдениет саласының үздігі Гүлдана Ноғайбаева еңбек етуде. Осы қызметке 2012 жылы тағайындалдым. Келе сала күрделі жөндеу жұмыстарына кірісіп кеттім. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаражатқа біраз уақыт кететін болғандықтан өз есебімізден жөндеу жұмыстарын қолға алдық. Қанша дегенмен, сарайдың Мәдениет деген аты бар ғой. Біздің қала тұрғындары, жоғарыда аталған өнер қайраткерлері Мәдениет сарайының заман талабына сай екендігін толық сезінулері керек қой. Ғимараттың алды-артын жөндеп, айналасына оннан астам түнгі шам орнаттық. Электрогирлянд дюралаймен жарықтандырылып, сарайдың сыртқы қабырғасына ілінген ұлттық үлгідегі домбыра мен арфа бейнесі ғимараттың түнгі көрінісін тамашалаған қала тұрғындары мен қонақтарының көңіліне жылу сыйлайды. Және сарайдың жоғарғы жағына электртабло іліп қойдық, онда концерттік бағдарламалардың қашан өтетіні, кімдердің өнер көрсететіні толық жазылып, жүгіртпе жол болып өтіп жатады. Ауланы көркейтіп ағаш, гүл отырғызып жатқанымызда «Семейдің суығында гүл өсе ме екен?» деп бізді сөккен адамдар да болды. Бірақ алғашқы жылы-ақ, ақпанның аяғы, наурыздың басында қыраулы қыстың тоңы жібімей жатып, қызғалдақтарымыз бүр жарды. Содан соң, жазда гүлдеп тұратын көпжылдық жауқазын отырғыздық. Сахнаны безендіріп, жылу жүйелерін толық ауыстырдық. Көрермендер залындағы орындық арқалықтарына қаптар тігілді. Сахнаға қосымша 20 дана жарықтандыру шамдары орнатылды. Көпшілік-мәдени ауқымды іс-шараларға арналған 8 қанатты киіз үй сатып алынды. Сөйтіп бас-аяғы жинақталып болған соң, көптен бері өз ойымда жүрген «Қазақтың ұлттық қол өнерінің түрлері мен ерекшеліктері» тақырыбындағы облыстық семинарды өткізуге мүмкіндік алдым. Табысқа жетудің сыры адам баласының жылт еткен жаңалыққа, жақсылыққа құмартып, тынымсыз еңбек ете білуінде деп ойлаймын.

 Нүриден Иманбаев, дәстүрлі әнші: - Жиырмаға тарта әнім Қазақ радиосының «Алтын қорына» жазылып алынды

«Әй-Керім» ансамблі Абай мен Шәкерім әндерін насихаттайды

– 2007-2012 жылдары Семей қаласында өзіңіздің жеке концерттеріңізді жоғары, кәсіби деңгейде өткіздіңіз. Қазіргі репертуарыңызда дәстүрлі әндермен қатар, ретро әндер, аспаптық ансамбльмен орындайтын эстрадалық әндер де бар. Халық әндерінің орындаушысы болып жүріп не себептен басқа жанрға ауыстыңыз?
– Өзім Абай ауданында туып-өскендіктен, ауылдың баласы болғандықтан Абай, Шәкерім әндерін айтқанды ұнатамын. Содан болар республикалық «Абай әлемі» байқауының бас жүлдегері атандым. Бұл әрине, мен үшін бір белес еді. Анкарада өткен түркі тілдес халықтар фестивалінің лауреатымын. Дәстүрлі әнші ретінде танылып жүріп, халықтың сұрауымен ретро әндерді де шырқадым. Репертуарымда халық әндерімен қатар Сегіз Серінің, Біржанның, Ақан серінің, Абайдың, Естайдың, үкілі Ыбырайдың, Әсеттің әндері бар. Жиырмаға тарта әнім Қазақ радиосының «Алтын қорына» жазылып алынды. Құдайға шүкір, бүгінде елімізде дәстүрлі әндерге ерекше көңіл бөлініп келеді. Әрине, бір қайнауы кем, олқы тұстар да бар. Мәселен, әйгілі әнші, жерлесіміз Әміре Қашаубаевты «Ән атасы» деп халық қаншалықты құрметтесе де, бірақ осы күнге дейін оның әндері толық насихатталған жоқ. Сондықтан осы бір олқылықтың орнын толтырсақ па деген ниетпен қалалық Мәдениет сарайында Әміре Қашаубаевтың құрметіне «Ән-ата» әншілік мектебін ашқыздым. Бұл мектеп алдағы уақытта талантты, дарынды семейліктердің басын қосып, дәстүрлі халықтық әншілердің қатарын көбейтуге жұмыс істемек. Мұнда домбырамен ән салуға ниетті үлкен-кішіге кез келген уақытта есігіміз ашық. Мақсатымыз – Әміре әндерін насихаттаумен қатар халыққа барлық өңірдің әнін, мақамын, сазын меңгерту. Жаңадан ашылып отырған «Ән-ата» әншілік мектебі арқылы келер жылы Тұрсынғазы Рахимов атындағы дәстүрлі әндер байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз. Реті келгенде айта кетейін, ұлы күйші-композитор Тәттімбет Қазанғапұлының зиратына ескерткіш орнату туралы бастама көтеріп, ол ойымыз сәтті жүзеге асты. Мүмкіндігімізше, шама-шарқымыз жеткенше осындай жұмыстарды қолға алып жатқан жайымыз бар. Байқап қарасам, Семейге заман талабына сай, жастардың көңілінен шығатын бір аспаптық жаңа ансамбль керек сияқты көрінді. Әйтпесе, халық біздің ұлттық талғамымызға жат әуендерді тыңдауға бой үйретіп алған. Содан, 2012 жылы «Әй-Керімді» ашпақ болдық. Бірақ қаражаттың жоқтығынан, Мәдениет сарайына қажетті штаттың берілмеуінен ансамбльдің әртістері бір жылдай еңбекақы алмай жұмыс істеді. Қажетті аспаптарды өздерінің үйінен әкеліп отырды. Бір күні мен қала басшылығында, мәдениет бөлімінде жүрген азаматтарды шақырып, ансамбльдің өнерін көрсеттім. Олар риза болды. Мұндай өнер иелерін қолдау қажет деді. Алғашқы концерт кезінде-ақ, көрермендер бірнеше мәрте көңілдерінен шыққан әндерді қайта-қайта сұратты. 60-80 жылдардағы эстрада әндерін орыс, итальян, қазақ тілдерінде орындадық. Орындадық деп тұрғаным өзім де ән салдым, менімен бірге еліміздің Еңбек сіңірген әншісі Салтанат Сибанбаева, Қалбет Қалым да ән салды. Ән-аспаптық ансамбльде 7 музыкант, 2 саксафоншы, 3 гитара ойнаушы қызмет етеді. Көркемдік жетекшісі Мәуліт Рахымбаев студенттерге, үлкен кісілерге, жоғарғы сынып оқушыларына арнап бірнеше студиялар ұйымдастырмақшы. Онда барлығы ән айтуды, аспаптарда ойнауды үйрене алады.

«Құнанбай» фильміне бидің рөлін сомдауға шақырды

 Нүриден Иманбаев, дәстүрлі әнші: - Жиырмаға тарта әнім Қазақ радиосының «Алтын қорына» жазылып алынды

– Өткен жылы көрермен назарына ұмынылған «Туған елдің түтіні» фильмінде дәрігер образын тамаша сомдап шықтыңыз. Байқап отырсақ, шашыңызды тықырлап алдырып тастапсыз. Тағы да киноға түсіп жатқан жоқсыз ба?
– Ол рас, мен Қарауылда Досқан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмінде Өскембайдың асына келетін бидің образын сомдадым. Ол заманның қазақтары қазіргідей шаш қоймаған деген соң шашымды тықырлап алуға келісім бердім. «Құнанбай» фильмінің түсірілімі қар түсе жалғасын табады. Ал жазда өткен түсірілім бойынша Құнанбай әкесіне ас берді. Бұл ас шындықпен сәйкес келді дей аламын. Өскембай жайында терең ой толғайтын билердің қатарында мен де болдым. Жәй ғана эпизодтық рөл болғанымен бидің рөлін сомдау оңай емес екен. Осы рөлге түсер алдында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын қайтадан оқып шықтым. Кітаптың көп көмегі тиді. Фильмде Абай ролін алматылық Әліби деген бала сомдайды. Режиссер Досқан Жолжақсынов бала Абайдың фильмде болуы аса қажет, маңызды деп түсіндірді маған. Бүгінде Қарауыл даласында тыныштық, аспанда дырылдай ұшып, киноға шырқ айнала түсіріп жүрген тікұшақ жоқ. «Мотор» деген кәдімгі бұйрық команда да естілмейді. 2015 жылы Ұлы Абайдың 170 жылдығы тойланбақшы. Сол мерейтойға дейін осы тарихи фильм дайын болады деп ойлаймыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button