Нейрохирургтер жаңа технологияны меңгермек
Облыстық ана мен бала орталығының нейрохирургтері өздеріне алдағы уақытта эпилепсияны емдеуде жаңа технологияларды меңгеріп, тәжірибеге енгізсек, дің жасушаларын өзімізде өсірсек деген өршіл мақсаттар қойып отыр.
Бөлімше меңгерушісі Талант Арыстанбекұлы жуықта ғана Израильден үш айлық біліктілігін жетілдіру курсынан оралды.
– Эпилепсияны (қояншық ауруы) емдеудің жаңа әдістері көп. Мысалы, алматылық нейрохиругтер арнайы сенсор қою керек дейді, Нұр-Сұлтан қаласының дәрігерлері мидың осыған жауап беретін бағанасын алып тастау қажет деп санайды. Біз, 28 дәрігер жуықта Израильде үш ай біліктілігімізді жетілдіріп келдік. Сонда израильдік әріптестеріміздің вагус нервісіне электростимуляция қоятынын көрдік. Бұл отаның ұтымды тұсы – эпилепсияның түрін талғамайды, науқас мүлде жазылып кетпесе де, ұстамасын екі есе азайтуға болады екен. Біз өзімізде осы технологияны енгізіп көрсек дейміз, – деп бөлісті бөлімше меңгерушісі.
Шығысқазақстандық балалар нейрохирургтерінің тағы бір арманы – болашақта дің жасушаларын өзімізде өсіру. Талант Арыстанбекұлының айтуынша, нәресте туған кезде оның жолдасында дің жасушылары өте көп болады, ол артынан кез келген клетканы өсіруге қолайлы екен.
– Ал бізде аса құнды осы медициналық тауар бүгінге дейін жөн-жосықсыз жойылып келеді. Бұл бағытты дамыту үшін бөлімшеге сақтау камерасы қажет, инженер-лаборант мамандарымыз да жеткілікті болу керек, ал генетикалық зертханамыз жақсы жабдықталған. Осы бағытта көптеген еңбектеріміз бар, ары қарай дамыта береміз деп отырмыз, – дейді басшы.
Айна Ескенқызы