Айтылмай жүрген ақындар

Өнерге кеш келсе де, дес бермеген

Өнерге кеш келсе де, дес бермеген

Менің байқауымша, өмірге деген құштарлығы бар адам ерте ме, кеш пе, өнерімен бір танылады. Бар өнердің ішіндегі ең әулиесі де, өміршеңі де, берер ғибраты да мол өнер – ақындық.
Міне, осындай өміршең өлең жолына Омар Есімбекұлы 60-тан асқанда ден қойып, бойындағы бар талантын, күш-қуатын жұмсап, өрістете, өндірте жазып, көркем шығармаларымен, мазмұнды да мәнді шумақтармен баспасөзде, жиын-тойларда, құрбы-құрдастары арасында таныла түсті. Арнауларымен, әзіл-оспақ өлеңдерімен өзін таныта білді. Сонымен қатар Омекең өзінің өскен ортасы – бұрынғы Мақаншы ауданында біркісідей еңбек етіп, аудан экономикасын өркендетуге өзіндік үлес қосқан, абыройлы да сыйлы азамат болған-ды.
Омар Есімбекұлы таланты мен іскерлігі арқасында түрлі қызметте болып, талай басшылармен қызмет бабында кейде қоян-қолтық іс атқарса, кейде талас-тартысқа түсіп, іс бабымен сөзге де келіскен күндері болғаны даусыз. Осындай қызықты да қиын кезеңдерде туған шығармалар – мазмұны жағынан аса сәтті шыққан туындылар. Бірде оның шығармаларын оқып отырып: «Ақсақал, бұл өлеңдеріңіз – өткен өмір сырлары ғой, бүгінгі күнге қанша қажеттілігі болар екен?» – дегенім бар. Ол өзіне тән салмақты һәм салиқалы қалпын бұзбай маған бір қарады да, ойын сабақтай: «Оның рас, қазір заман өзгерді. Нарық заманы қарық қыла ма, арық қыла ма, оны білмеймін. Менің білетінім – өз өмірімнің дәуірі, жазып отырғаным – сол дәуірдің тарихы. Ендеше, неге маған ертеңгі жас ұрпақ үшін тарихи құнды мұра қалдырмасқа?» – деп езу тартты.
– Бәрекелді, ойыңыз ойып түсті, Омеке! – деген мен бұл азаматтың әріден ойлап, тереңге бойлағанына тәнті болдым. Сөйтіп, Омар ақсақалдың ақындық жолын ашып, азаматтығын танытатын жинағын парақтап, талдай бастадым. Бұл жинақ мағынасы мен мазмұнына қарай бірнеше тарауға жіктеліп, әр тарау оқырман жүрегіне жол табатындай іріктеліп, құрылыпты. Тақырыбы да сан алуан. Оның барлық түрін талдап, жіктеу мүмкін емес.

Тәлім алар ұққандар

Мақсат – ақынның қайсыбір тақырыпты терең жырлап, сөз асылын тере біліп, өзінше ой-тұжырымдар жасағанын таныту. Омекең кітаптың кіріспесінде:
– Қолыңдағы өлеңнің,
Керек жерін құптаңдар.
Өмірдегі сәттерден,
Тәлім алар ұққандар,
– деп ой тастайды да, одан әрі «Өмір» деген өлеңінде:
– Өмірдің кейбір соқпағы,
Кімдерді жарға соқпады.
Бақытын іздеп талай жан,
Тура жол соңын таппады»
– деп, өмір жолының әсте де оңай жол еместігін ескертеді.
Ал туған жері Қарағашқа деген ыстық сезімін ақын былайша толғайды:
– Қарағаш, анам едің мені өсірген,
Әлпештеп аялаған жас кезімнен.
Мен-дағы ардақтаушы ем арқа тұтып,
Бауырыңа еркелеуші ем жан сезіммен.
Мен үшін ана да бір, өзің де бір,
Өзен-су, ойың-қырың көңілімде жүр.
Дүниеде сендей жер жоқ маған ыстық,
Сыйлаған жүрегіме өшпес бір сыр,
– деп ішкі сезімін ақтара отырып, туған жердің бай табиғатын толғана жазады. Ал Келдімұрат өзеніне:
– Суын ішсең, сарайың ашылады,
Көңілің өсіп, мауқың бір басылады.
Зәм-зәм суы нақ мұндай әсер етпес,
Сезінерсің құшқандай ғашық жарды,
– дейді.
Ақын жырларында адамға тән күйіну, сүйіну сезімдері шынайы сипатталады. Адамның жастық шағын қимай:
– Жиырма бес-ай, жиырма бес,
Ертең сен де кетесің.
Сері деген серпіңді,
Қайда тастап кетесің? – десе,
– Кәрілік, ойласаңшы, мен де адаммын,
Кінәсіз жан-тәнімді жараладың.
Үрейлі құбыжықтай ажалыңа,
Сенсіз-ақ өз еркімнен бара аламын»
– деп, қашса құтылмайтын кәрілігіңе де қыр көрсетіп қояды.
Ақын жинағына кірген бір топ өлеңдерінен азаматтық, отаншылдық сезімді білдіретін ой-пікірлер байқалады. Оған «Қазағым», «Желтоқсанды еске алу», «Қайғылы қара сөз», «Пайғамбарға хат», «Ата-бабам», «Наурыз келді» деген жырларын жатқызуға болады. «Суға да сұрау бар» деген өлеңінде:
– Биік таудың шыңы бар,
Ханның-дағы мәні бар.
Халқы оны сынау бар,
Биіктен бір құлау бар.
Тайраңдаса бұрау бар,
Көп күлсе егер, жылау бар.
Ұзын сөздің қысқасы,
Құдайыңды ұмытпа,
Суға-дағы сұрау бар.
Сендерге айтам, жастарым,
Пікірімді ұғып ал!
– деп жастарға өмір жайында ғибратты ескерту жасайды.
Жинақтағы тағы бір құдіретті тақырып – «Өлең ән сұрайды» деген айдармен берілген бір топ лирикалық өлеңдері. Ондағы «Толғанай», «Сарбаздар анты», «Ақ қайың», «Сезім елесі», «Сағыныш» деген өлеңдерін жай оқығанның өзінде сазды әуен сыңсып шығып тұрғандай. Мысалы, оның «Ақ қайың» өлеңін оқиық:
– Құстар тұрса әнге бөлеп маңайды,
Нұр шашасың таңыма сен арайлы.
Сенің әсем келбетіңе таңданып,
Сұқты көздер қызғанышпен қарайды.
Ақ қайың-ау, ақ қайың,
Құлпырасың күн сайын,
Айтшы маған жасырмай,
Махаббаттың мән-жайын,
– деп табиғаттың сұлу бейнесін адам сезіміне сыйғыза жырлап, өзінен-өзі ықтиярсыз сазды әуен тілетіп тұрғандай.
Омекеңнің ұзақ жыл қызмет етуі елеусіз, ескерусіз қалмаған. Ол өзімен қызметтес болған азаматтардың өктемдік, қиянатшыл, пайдақұмар, өзімшіл мінез-қылығына төзбей, бірбеткей адалдығына тартып, өлең шығарып, әшкерелеп отырады. Сонау бір жылдары бұл жағымсыз дерт жасырын-жымысқы түрде жүрсе, қазіргі дәуірде жемқорлық пен сыбайластық белең алып бара жатқанын жасырмай, жырға қосады. Мысалы, «Сыйластық пен сыбайластық» деген өлеңінде ол:
– Деген сөз сыбайластық оңай емес,
Адамдар пікірлесіп, құрар кеңес.
Топ құрып, өздерінше пайда таппақ,
Қоғамда қазіргі дерт алған белес,
– деп күйзеле жырлайды.

Бір шумақ өлеңі бір дастанның жүгін көтеретіндей

Ақынның тағы бір ерекшелігі – қазақ ақындарының сирек қолданатын «төрт таған» деп аталатын қысқа шумақты тәсіліне барып, өндіріп жырлауында. Онда философиялық ой- толғамдарын барынша дәл, мағыналы етіп, өмір сырларын тиянақты көрсете білген. Кейде бір шумақ өлеңі бір дастанның жүгін көтеріп кетеді. Оның шеберлігі де – осында.
– Атанғың келсе азамат,
Адамға бол қамқоршы.
Адамзатты сүйе біл,
Адамзат деген, міне, осы.
Салт-дәстүрді білмеген,
Ана тілін сүймеген.
Ұғымы кем адамнан,
Ерте бастан жирен сен!
Адамның бір жағымсыз,
«Нәпсі» деген жауы бар.
Оны тежеп, тыйатын,
Ұяты мен ары бар.
Өз пайдаңды ойласаң,
Өкініп бір күн қаларсың.
Ел пайдасын ойласаң,
Бақытыңды табарсың.
Бір сүйсең, аруды сүй, өсе берер қанатың,
Бір болсаң, арумен бол, мейірің бір қанатын.
Бір күлсең, арумен күл, көңілің жай табатын,
Үйленсең, аруға үйлен, «тозаққа» да бір баратын.

Біздіңше, бұл шумақтарға түсініктеме берудің, талдаудың еш қажеті жоқ сияқты.
Ақынның өзінің айтуынша, ол 1934 жылы 5 мамырда Үржар ауданына қарасты Науалы ауылдық кеңесінің Қарағаш ауылында дүниеге келіпті. Әкесі – Есімбек, шешесі – Зиуа. Өзі төрт ағайынды. Олар: Оспан, Омар, Омархан, Мақсұтбек. Шешелері дүниеден ерте өтіп, жетімдік пен жоқшылықтың зардабын жастай тартқан көрінеді. Есесіне, Омар ақын ерте есейді. Сия орнына керосинге езілген қара күйе, қалам орнына ұшталған қамыс, дәптер орнына ескі газет-журналдарды пайдланып жүріп, он жылдықты бітірген. Бұл Ұлы Отан соғысы жылдарындағы барлық баланың басынан өткен жоқшылық зардаптары болатын. 1957 жылы Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген ол Мақаншы ауданына мал маманы болып келіп, сол ауданда 37 жыл түрлі салада басшы қызметте болған.
Омар Есімбекұлы қазақ ақындары көп қалам сілтемей келген дастан жазуға да батыл барып, оқушысын таңғалдырып отыр. Ол дастандардың тақырыбы – ХХ ғасырдың соңғы жылдарында өмір сүрген, оқыған, жас мамандар. Сондай дастанның бірі – «Ботахан мен Ботагөз». Ақын:
– Көргенін баяндаған қол қойғандай,
Қалайша сөз болады болмаған жай.
Болған бір жағдаяттан сөз қозғайын,
Ертеде ғашықтардың арасында-ай,
– деп бастап, оқиғаны кең желісін құрып, жастар арасындағы таза махаббатты, адамшылық сезімді қиын-қыстау күндерде кезіккен қысылшаң сәттерді эпикалық түрде, нанымды суреттейді. Ол жастар болса ақылды үлкендердің қолдауымен өз мақсаттарына жетеді.
Екінші бір желілі дастан – «Аңызақ». Тақырыбы ауыл шаруашылығына арналған дастанда сол өткен ғасырдағы ауыл адамдары арасындағы, еңбек басқару саласындағы күрделі оқиғалар сенімді суреттелген.
Омар ақынның «Тіршілік толқыны» (2005 ж.) және «Тіршілік тәлкегі» (2013 ж.) деген екі жинағы жарық көрді. Ал оның «Қыпшақ-қазақ» тарихын оқысаңыз, Қыпшақ елінен шыққан белгілі, даңқты батыр, ғалым, ақын, қоғам қайраткерлерімен тілдескендей боласыз.
Ал екінші кітапта жарық көрген «Сағымбай мен Самал» дастаны да махаббат тақырыбына арналған. Жастай жетім қалған екі жас бірін-бірі ұнатып, адасып қалып, соңында табысады. Оқиға өте қызық, тартымды суреттелген. Бір өкініштісі, Омекең 80-нің сеңгірінен асар-аспаста, кенеттен о дүниеге аттанды. Артында әлі де жария болмаған мол мұра қалды. Ақынның артындағы саналы ұрпағы бағалы дүниені оқырман қауымға жеткізер деген сенімдеміз.

Мәуітқазы Зүкенов

Осы айдарда

Back to top button