Ауыл шаруашылығы

Негізінен етті-майлы бағыттағы қой өсіреміз

Өткен жылы әлемді жайлаған коронавирустық пандемияға байланысты елімізден экспортталатын қой еті екі есеге азайғаны белгілі. Ал Шопан ата түлігін түлеткен шығысқазақстандық шаруалар былтыр өзімізде өндірілген қой етінің басым бөлігін өңір халқын етпен қамтамасыз етуге бағыттаса, қалған бөлігін сыртқы нарыққа экспорттаған.

Экспорт неге азайды?

 Коронавирустық індет соңғы бір жарым жылда әлем елдерінің экономикасына бірқатар нұқсан келтіргені рас. Бұл әсіресе, еліміздің ауыл шаруашылығы саласының ажырамас бөлігі саналатын қой шаруашылығын да айналып өтпегені белгілі. Бірқатар республикалық электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, өткен жылы қой етіне деген сұраныс әлем бойынша күрт азайған. Бұл бізге де өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Мысалы, inbusiness.kz сайтының хабарлауынша, Қазақстаннан экспортталған қой етінің көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 2 есеге азайған. 2019 жылы ел аумағынан экспортталған қой етінің құны 12,6 млн. долларды ғана құраған. Ал былтыр бар болғаны 5,6 млн. доллар ғана.

Шопан ата түлігінің етін бізден ең көп сатып алған елдердің үштігіне Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан және Ресей кіріп отыр. Осы үш ел бізден 5,5 млн. доллардың етін сатып алған. Пайызға шақсақ, экспортталған қой етінің 97,1 пайызы осы елдердің үлесінде. Қалған 100 мың доллардың етін Иран, Әзірбайжан, Бахрейн және Оман елдері тұтынған. Қой етін сыртқа қай өңірлер көбірек сатты дегенге келсек, Жамбыл, Түркістан жәна Батыс Қазақстан облыстары алда тұр. Әсіресе, Түркістан және Батыс Қазақстан облысының ет өндірушілері өнімді жас күйінде тоңазытып жолдап отырған.

Ал бұл істе жағдайды тез болжаған шығысқазақстандық шопандар өткен жылы өзімізде өндірілген қой етінің 13,6 мың тоннасын, яғни 71 пайызын облыс жұртшылығын етпен қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарыққа бағыттаса, қалған 29 пайызын шетелдерге экспорттаған.

– Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Экспорттық саясат жөніндегі кеңес отырысы кезінде тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортын жедел ілгерлету, яғни 16 түрлі тауарды экспорттаудың әлеуетін, оның ішінде қой етінің үлесін арттыру туралы тапсырма берілген болатын, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ертай Қуанбаев. – Қазіргі таңда министрлік «Қазақстан Республикасынан ауыл шаруашылығы жануарларын экспорттауға арналған квоталар көлемдерін бөлу қағидаларын бекіту туралы» құжаттың жобасы әзірлеуде.

Оның айтуынша, аталған жоба аясында биылғы жылдың соңына қарай облыстың қой өсіріп отырған шаруашылықтары шетелге 355 бас еркек тоқтыны 14 200 келі тірідей салмақта экспорттауды жоспарлап отырған көрінеді. Айта кетсек, былтыр облыс шаруалары жалпы сомасы 59,2 мың АҚШ долларын құрайтын 9,5 тонна қой етін Иранға экспорттаған болатын.

 

Төртінші орындамыз

Жалпы, елімізде төртінші болып Шопан ата түлігін түлетіп отырған Шығыс өңірі соңғы 23 жыл ішінде қой санын 64 пайызға арттырған. Бүгінде шығысқазақстандық шаруалар жазы жайлы, қысы қытымыр келетін аймақтың ауа райына төзімді, төлдеу қарқыны жоғары қазақтың құйрықты қылшық жүнді және жартылай қылшық жүнді, сондай-ақ байыс типті қойларының санын көбейтуде. Бұл қойлардың түрі жылқы тектес шөпті тебіндеп жейтіндігімен және етті-майлы бағытымен ерекшеленеді.

– 1997 жылы облыс аумағында барлық қой саны 1 015 597 бас болды, – дейді Ертай Қуанбаев. – Статистикалық мәліметтерге сәйкес, биылғы жылдың бірінші сәуіріндегі жағдай бойынша, облыстағы қой саны 1 667 902 басқа жетіп, өсу қарқыны 1997 жылмен салыстырғанда 652 305 басты құрады. Осылайша, аймағымыз қой саны бойынша республикада Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарынан кейінгі төртінші орынға жайғасты.

Бұл бірінші кезекте мемлекет тарапынан жасалатын кешенді қолдаулардың арқасында жүзеге асып жатқаны белгілі. Әсіресе, қой малын асылдандыруға бағытталған жұмыстар соңғы жылдары өз нәтижесін беруде. Атап айтсақ, соңғы бір жылдың ішінде ғана облыс аумағындағы асыл тұқымды қой саны 26 мың басқа, яғни 6,4 пайызға артқан. Осылайша, асыл тұқымды қойдың үлесі облыс аумағындағы қой санында 18,2 пайызды құрап, 250,9 мың басқа жетті.

– Бүгінгі күні қой шаруашылығына қатысты мемлекеттен субсидиялау бағдарламасы қарастырылған, – дейді Ертай Қуанбаев. – Ауыл шаруашылығы министрінің «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, қойдың асыл тұқымды аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізу үшін әр басына 4 мың теңгеден, қойлардың тауарлық аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізуге әрбір басына 2500 теңгеден, отандық асыл тұқымды қошқарларды сатып алуға 15 мың теңгеден, импортталған асыл тұқымды аналық қойларды сатып алуға 30 мың теңгеден, импортталған асыл тұқымды қошқар сатып алуға 150 мың теңгеден, тауарлық отардың өсімін молайту үшін пайдаланылатын асыл тұқымды қошқарды күтіп-бағуға 10 мың теңгеден субсидиялар беру қарастырылған.

Бұдан бөлек, қой шаруашылығын дамытқысы келетін ел азаматтары Аграрлық кредиттік корпорация мен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына жүгініп, «Қарапайым заттар экономикасы» және «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламалары арқылы жеңілдетілген несие ала алады.

Жүн қабылдап, тері өңдейтін кәсіпорындар да бар

Жауапты тұлғаның айтуынша, қазіргі уақытта облыстағы қой малының 3,1 пайызы – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, 49 пайызы жеке кәсіпкерлер мен шаруа немесе фермерлік қожалықтарға тиесілі болса, 47,9 пайызы жұртшылық шаруашылықтарының үлесінде көрінеді. Ал Шопан ата түлігін түлетіп отырған шаруашылықтар мен олардағы қой саны бойынша бірінші орынды Тарбағатай ауданы алады. Қазіргі уақытта облыстағы барлық қой санының 18,2 пайызы осы ауданның еншісінде.

– Бүгінде қой шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың жалпы саны шамамен 800-ден  асады. Олардың көпшілігі Абай, Аягөз, Жарма, Күршім, Тарбағатай, Ұлан және Үржар аудандарында орналасқан, – дейді Ертай Қуанбаев.

Жоғарыда атап өткендей, облыста өсіріліп отырған қой малының негізгі бағыты етті-майлы бағыт. Бұл бірінші кезекте қой терісі мен жүнінің асқан сұранысқа ие болмауымен байланысты. Осы себепті, шығысқазақстандық қой өсірушілер бағасы арзан тері мен жүнді өткізуден гөрі, оның етін сатып пайдаға кенелуді жөн көрген.

– Аудан орталықтарында жеке тұлғалармен қой терісі мен жүнін қабылдайтын пункттер ашылған, – дейді Ертай Қуанбаев. – Дегенмен, олар қой терісі мен жүнінің сапасыздығына, сондай-ақ қаражат тапшылығына байланысты аталмыш жұмыстарды өте баяу жүргізуде.

Дей тұрғанмен, бұл істі мүлде тоқтап қалды деуге келмейді. Статистикалық деректерге сәйкес, биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыста 128 244 дана қой терісі өндірілсе, оның 497 данасы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, 48,4 мың данасы жеке кәсіпкерлер мен фермерлік қожалықтарға, ал 79,2 мыңы жұртшылық шаруашылықтарына тиесілі. Бұдан қой терісін өндіру ісінің 60 пайыздан астамының жұртшылық шаруашылықтарына тиесілі екенін байқауға болады. Алайда, олардың өндірген терілерінің сапасыздығы қабылдау пункттері үшін экономикалық жағынан өте тиімсіз. Міне, нақты осы фактор бүгінгі күні кәсіпорындардың қой терісін жинау жұмысын жолға қоюға қолбайлау болып отыр.

– Қазіргі таңда Семей қаласында орналасқан «Роза» кәсіпорны мен Абай ауданындағы «Дерикар» кәсіпорны қойдың жүнін қабылдап, қайта өңдеумен айналысады, – дейді Ертай Қуанбаев.

Қой шаруашылығын ілгерлетіп отырған аудандардағы ұсақ малдың саны

 

Азамат Темірбеков  

Осы айдарда

Back to top button