Құндыздарды пір тұтқан Құндызбай
Өтей ішіндегі Шона 106 жасында бақилық болған Себет ақсақал қазақтың ауызша тарихының кейінгі өкілдерінің бірі еді. Өз басым ол кісіні осылай деп бағалаймын. Өйткені ақсақал кез келген тақырыпқа нанымды, мазмұнды мысалдар арқылы сөйлейтін. Бүгін сол кісіден естігендерімді бүйірге тықпай, суыртпақтап жарыққа шығарып шығармашылық жұмыстарым арқылы жұртшылыққа насихаттап жүрген жайым бар. Әрине, оқырман қауым бұл әрекетімді қалай қабылдайды, ол жағын айта алмаймын, дегенмен мұндай құндылықтар иесін табатынына да шүбә келтірмеймін. Әсіресе, кейінгі ұрпақтарға татымды тарту екені сөзсіз. Рас, ақсақалдың әңгімелерінің ішінде аңыз тектестері де бар. Алайда аңыз әңгімелер мен ертегілердің астарында да түптеп келгенде, бір шындықтың бар екені белгілі ғой. Не десек те, ақсақалдан естіген тағы бір әңгімені оқырман қауымға ұсынып отырмыз. Бәлкім «естімеген елде көп» дегендей, ел аузында бұл бағытта айтылмай жүрген әңгімелер де бар шығар.
Ертеде ішкері жақта Тасберген деген аңшы болыпты. Оның аңшылық шеберлігін пайдаланып, бай-шонжарлар терісі бағалы аңдарды аулатады екен. Әсіресе құндыз ұстауға шебер болса керек. Құныққан байлар күш көрсетіп, тыным бермейді. Тасберген аңшылықты тастағысы да келеді, бірақ олай етуге дәрменсіз, тақыр кедей. Сөйтіп жүргенде өзен жағалауындағы қалың қамыстың арасындағы құпия ауына бұрын-соңды кездеспеген үлкен құндыз шырматылып қалыпты. Кездігін кезеп, олжасына жақындағанда құндызға тіл бітіп: «Ей, адамзат баласы, сен мені қоя бер. Мен жалғыз баламды үйлендіріп, той жасап жатыр едім. Бір себептермен осы маңға келгенімде, сенің ауыңа түсіп қалдым. Сенен тағы өтінетінім, біздің ұрпақтарымыз құрып барады, бұл әрекетіңді тоқтат енді» дейді. Мең-зең болған аңшы оны қоя береді де, сылқ етіп құлап түседі. Кешкілік өзіне-өзі келіп, көзін ашса, қасында ат басындай алтын жатыр. Ақылды аңшы тәубесін айтып, сол алтынды іске асырып, байиды. Бұрынғы байлардың бәрінен асып түседі. Мұның қалай байығанын білгісі кеп ауылдың әкімі билерді, қари молданы, атақты байларды қатыстырып кеңес өткізгенде Тасбергеннің өз аузынан болған жайды естіп, таң-тамаша болады. Оқиғаны қорытындылаған қари молда: «Бұл – Жаратқан иеміздің ісі. Тұқымы құрып бара жатқан құндыздарға жасаған қамқорлығы, еріксіз әрекетке барған пендесіне кешірім жасап, «жауыздықтан» құтқарғаны. Құндыз боп келген періште болса керек. Оның айтқанын орындамаса Тасбергеннің күні қараң болатын еді. Демек, АллаҺ Тағала күнәдан пәк, ары таза, тәубесі бар өзі жаратқан тіршілік иелерінен ешқашан жақсылығын аямайды» дейді. Отырғандар молданың айтқанына тоқталып, тәубе деседі. Тасбергенді Құндызбай деп атауға пәтуаласады. Ал Құндызбай болса өмірінің ақырына дейін құндыздарды пір тұтқан екен. Демек құндыз да қасиетті тіршілік иесі болғаны ғой.
Советхан Қалиғожин