Президент тапсырмасы

Індеттің алдын алуды тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Қытайда

тараған қатерлі індеттің алдын алуды тапсырды.

«Үкіметке Қытайда пайда болған коронавирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу жөнінде нақты ұйымдастыру шараларын қабылдау тапсырылды» деп жазды Президент туиттердегі парақшасына.

Үкімет

Коронавирустан қорғау мәселелерін қарады

Премьер-Министр Асқар Мамин Қазақстан аумағында коронавирустың тарауына жол бермеу және оның алдын алу шаралары жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, Мəдениет жəне спорт министрі А.Райымқұлова, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ш.Нұрышев, Қазақстанның бас санитарлық дəрігері Ж.Бекшин, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің директоры Д.Ділманов, сондай-ақ Алматы жəне Шығыс Қазақстан облыстарының басшылығы орын алған жағдай мен əрекет ету шаралары туралы баяндады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдан Қазақстан аумағына коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша шешуші ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды», деді А. Мамин.

Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы кешенді алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды. Атап айтқанда: мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде, оның ішінде əуе, автокөлік жəне теміржол көлігі нысандарында санитарлық-эпидемиологиялық жəне көші-қон бақылауын күшейту, ҚХР-дан келген барлық адамдарға тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық бақылау орнату, эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда халыққа қажетті көмек көрсететін медициналық ұйымдардың дайындығын қамтамасыз ету, Қытайға қызметтік іссапарларды шектеу, сондай-ақ жеке істер мен туристік мақсаттарда бармауға кеңес беру, ҚХР-дан келетін транзиттік жолаушыларға ел аумағына 72 сағаттық визасыз келу режімін уақытша тоқтату, «Қорғас» ШЫХО қазақстандық бөлігінің жұмысын уақытша тоқтату, ҚХР аумағындағы қазақстандық азаматтармен оларға консулдық жəне өзге де көмек көрсету мақсатында жұмысты жандандыру, мемлекеттік органдар коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі іс-қимылды үйлестіру мақсатында ҚХР жəне басқа да мүдделі елдердің тиісті мемлекеттік құрылымдарымен қажетті өзара іс-қимылды ұйымдастыруы тиіс, қажет болған жағдайда ҚХР Ухан қаласында жүрген Қазақстан студенттері мен Қазақстанның басқа да азаматтарын шұғыл эвакуациялауды қамтамасыз ету жəне Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаевтың төрағалық етуімен ведомствоаралық комиссия құру, оған Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі іс-қимыл жоспарын əзірлеу тапсырылды.

Осы айдарда

Back to top button