Тылсым дүние

Найзағай отынан аман қалған бала

Найзағай отынан аман қалған бала

Ана бір жылы Алматы көшелерінің біріндегі аялдамада барар жеріме жеткізетін автобусты тосып тұрғанмын. Аялдамада кісілер де көп емес болатын. Шеткерірек тұрған бір жігіттің маған қарағыштай бергенін байқап қалдым. Автобусқа алаңдап тұрған болар деген оймен мән бермегенмін. Сәлден кейін күткен автобусым келіп, елдің соңын ала кіре бергенімде арт жағымнан: «Аға, сәл кідіре тұрыңызшы» деген дауысты естіп, жалт бұрылдым. Жаңағы азамат екен.
– Аға, бөгеп қалғаныма кешіріңіз, сізді жыға танымасам да, шырамытқандықтан тілдесіп қалмасам, өкінетіндей болдым, –деді жігіт ағасы жасындағы бейтаныс азамат мені кетіп қала ма дегендей бастырмалата сөйлеп.
Бетіне қарасам, танымайтын адамым сияқты. «Иә, не айтпақ едің?» дегенім сол еді: «Сіз Өскемен жақтан емессіз бе, аға?» деді бетіме күлімсірей қарап.
– Болсақ, болармыз.
– Онда қателеспеген екенмін. Демек, Ұлан ауданынансыз ғой?
– Дәл таптың. Ал өзің кімсің?
Ол мені бірден аялдаманың іргесіндегі дәмханаға шақырды. Кірдік, отырдық. Өзін таныстырмас бұрын менің кім екенімді тағы бір анықтап алайын дегендей: «Сізді Жәнібектің ағасы деп, біліп тұрмын, бір-біріңізге қатты ұқсайды екенсіздер» деп бұл күнде өмірде жоқ інімнің атын аузына алды. Үнсіз басымды изедім де, оның осыдан жиырма жыл бұрын жол апатынан қайтыс болғанын айттым. Біраз үнсіздіктен кейін: «Кешіріңіз, естімеп едім, біз сегізіншіге дейін бірге оқығанбыз» дей келіп, көңіл айтты. Сабырлы, ойлы азамат екені әр сөзінен байқалып тұр. Менің кім екеніме анық көзі жеткеннен кейін жұмбақ жігіт шешіле сөйлеп кетті. Алдымен өзін таныстырды, сонда барып оның көрші үйдің баласы екенін білдім. Оның әңгімесі осыдан шамасы қырық жыл бұрынғы бір аянышты оқиғаны есіме түсірді.
…Ауылда тұратын әке-шешемнің амандығын біліп қайтуға келсем, көрші-қолаңдар абыр-сабыр екен. Шабындық басында жүрген көршіміз Әділғазыға найзағай оты түсіп, қайтыс болыпты. Ал қасына еріп жүрген алты-жеті жас шамасындағы ұлы Ерболсын ғайыптан аман қалған. Оқиға болған жерге барып келгендердің айтуларынша, көрші ағамыздың денесі жартылай күлге айналып кетіпті, ал жегулі тұрған екі ат сол қалыптарында сеспей қатқан көрінеді. Кейін ауылдағылар көрер қызығы бар екен, баланы періштесі қаққан ғой деп айтып жүрді.
– Аға, періштесі қаққан сол бала мына алдыңызда отырған пақырыңыз мен болатынмын. Әлі есімде, аспанды қою қара бұлт торлап, күн күркірей бастаған соң қайтуға жиналғанбыз. Әкем маған азық салып әкелген кенеп дорбаны алып келуге жұмсап жіберді де, өзі шөп машинасының орағын көтермекке кеткен. Кенеттен аспан әлемі сатыр-күтір етіп, найзағай жарқ ете түскенде, әкемнің қасына тақап қалғанмын. Одан кейінгісі есімде жоқ, ен далада бет алды маңып бара жатқанымда, маңайда жүрген сиыршы байқап қалып, атпен қуалап жүріп, әрең ұстап алыпты. Үйге алып келген де сол кісі екен. Біраз емделуіме тура келді, әйтеуір, ақыл-есім ауысқаннан аман болып шықтым. Мен жетіншіні бітірген жылы шешемнің төркін жағына көшіп кеткенбіз, мені танымауыңыз содан шығар. Содан бері туған жерге барған емеспін және іздеп баратындай ол жақта туған-туыс та жоқ қой, – деп қабағына кірбің ілінген Ерболсын іштегі біраз сырын ақтарған.
Иә, тылсым табиғаттың оқыс құбылысы – найзағайдың алапат отынан аман қалған сол баланың бұдан кейін де көрмегені жоқ екен… Бұл енді бөлек әңгіме.

Мұрат Әміренов

Осы айдарда

Back to top button