Мереке

Наурыз көктем, шуағын төккен

Біз әуелгі заманнан бері әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз табиғаттың тылсымымен тамырлас халықпыз. Бағзы заманнан бері күн мен түннің теңелуін көктемнің бастауы санағанбыз. Бұл күні Самарқанның көк тасы жібіп, самарқаулы көңіл шуаққа бөленеді. Биыл да шығыста күн шытқыл болғанымен, жұрттың көңілі шуақты болды.  Орталық алаңға жиналған жұртты облыс әкімі құттықтап, көпшілікке арналған концерттік бағдарламалар мен ұлттық ойындар өтті.

Орталық алаңды айнала ақшаңқан киіз үйлер тігілсе, жол жиегін жағалай сауда-саттық жаймалар орналасқан. Ал алаң ішінде бірі караокеде ән салса, бірі цирк өнерін көрсетіп жатыр. Енді біреулер қой көтеріп күш сынасса, балалар алтыбақан теуіп асыр салып жүр. Дәл осындай ойын-сауыққа толы алаңға кіріп кеткен адамның көңіл-күйі көтерілмеуі мүмкін емес. Сондықтан да болар алаңға жиналған жұрттың жүзі жадыраңқы, көңілі тоқ көрінді.

– Құрметті жерлестер Наурыз мейрамы құтты болсын! Наурыз – жаңару мен жаңғыру мейрамы, жаңашылдық пен жасампаздық жаршысы. Берекелі бірлік, ырысты ынтымақ, тұғырлы татулықтың арқасында тағы бір жаңа жылды, Ұлыстың ұлы күнін қарсы алудамыз. Наурыз жыл басы ғана емес, достық пен мейірім, қайырымдылық пен жанашырлық символы. Жұртты игілікке, азаматтарды бауырмалдыққа шақыратын мереке. Дастарқанға ақ толатын, елімізге бақ қонатын мейрам. Біз әз Наурызды зор үмітпен, ақ тілекпен қарсы аламыз. Жаңа саяси жағдайда бейбітшілік пен келісімді сақтау өте маңызды. Сондықтан да мерекелі де, берекелі күніміз көп болсын, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Осыдан кейін көпшіліктің көңілі ән мен күйге бөленді. Көпке танымал өнер жұлдыздары сахнада өнер көрсетіп, ұлттық мейрамның мәні мен сәнін келтірді. Ал киіз үйлерге жайылған көрмелерді тамашалаған жұрт өткен тарихтың тереңіне бойлап, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды танып, көшпелі өмірдің өрнегіне көз жүгіртті. Тіпті заманауи технология тетігін де ұйымдастырушылар кәдеге жаратыпты. Республика алаңына ШҚТУ-дың тіккен ІТ киіз үйіне көпшілік VR-тур жасап, шығыстың шырайлы да, киелі жерлерін тамашалады. Осылайша жұрт онлайн болса да өңіріміздің жазиралы жасыл желек жамылған даласы мен киелі жерлеріне саяхат жасап қайтты. Ал бұдан өзге де киіз үйлерде көрнекі көрмелер мен ұлттық мұралар көпшілікке ұсынылған. Алаңның қай бұрышына барсаң да байырғы баба ғұрыптың өрнегі көзге шалынады. Сонымен қатар әуелгі әдет бойынша көпшілікке тегін көже ұсынып тұрғандар да болды. Солардың бірі «Asarlike» атты бағдарлама  негізінде жұмыс атқарып жүрген топ. Бұл компания Наурызда көже таратқанымен, басқа уақытта «пәтер таратумен» айналысады екен.

– Биылғы Наурызды ерекше көңіл-күйде қарсы алудамыз. Жалпы жұрт еркіндікті сезініп, Жаңа Қазақстанған деген үлкен үмітпен жүрген секілді. Қолымыздан келгенінше жиналған жұртқа көже таратып тұрмыз. Көже ғана таратып қоймай халыққа пайызсыз жолмен үй алу мүмкіндігін де насихаттап жүрміз. Біз «Asarlike» бағдарламасы бойынша халыққа пәтер, автокөлік алып береміз. Жұмыс істеп жатқанымызға 4 жыл болды. Жалпы Қазақстан бойынша осы уақытқа дейін  2000 адамды үймен және пәтермен қамтамасыз еттік. Бүгінде көжемізді бере тұрып, халыққа пайызсыз үй алу туралы ақпарат жеткізіп жатырмыз. Ел пайызсыз дүниені пайдалансын деген ниет, – дейді Бақжан Құмарбекқызы.

Көжеден дәм татқан соң жұртпен бірге  көше бойын жағалай қойылған сауда-саттық пен көрмелерді тамашаладық. Құрт пен май, айран мен сүт, қатық пен балдың түр-түрі тұр. Солардың арасынан бауырсақтың да түр-түрі бар екенін көріп біраз қызықтадық. Ең алдымен көзімізге «түйе бауырсақ» көрінді. Оның қасында «шай бауырсақ», «қалта бауырсақ», «ақ бауырсақ», «май бауырсақ», «жол бауырсақ» атты бауырсақтардың түрлері тұр. Бұның барлығы да тұрмыстың ыңғайына қарай пайда болғаны белгілі. Түйе бауырсақ той мен асқа, жол бауырсақ пен қалта бауырсақ жол жүргенге арналған дегендей. Қазақта бауырсақтың осынша түрі барын көбіміз біле бермейтініміз анық. Тіпті, ірімшіктің 100 түрі бар дегенді де естіген болатынбыз. Осыған қарап-ақ қазақ тағамының түрі көп, дастарқаны бай болғанын бағамдауға болатындай. Ал бай дастарқанын жұрт Наурызда жайып, арқа-жарқа қауышып жатады. Бұл үрдіс биыл да жалғасып, жаманшылық пен жұттан ада жұрт жадыраңқы күйде Наурыз дастарқанының басында жолығысты.

«Бақыт» бұлағының көзін ашты

Тіршіліктің көзі саналатын от пен суға деген құрметіміз қай уақытта да жойылмайтыны анық. Су иесі Сүлейменнен сақтанып ағынды суды түнде оятпау о заманнан ғұрпымызда бар. Ал отпан тауда от жағу үрдісі күні бүгінге дейін батыс өңірде жалғасып келеді. Осындай табиғатпен тамырлас дәстүрлердің бірі – бұлақ көзін ашу. Көктем келісімен бұлақ көзін ашып, маңайға тазалық жүргізу көшпелі салтымыздан бар әдет. Осы бір үрдісті Өскемен қаласына қарасты 20-шы шағын ауданның тұрғындары жаңғыртты. Бұл аумақта алғашқыда 6-7 бұлақ болса, қазір содан біреуі ғана қалған. Бұлақ көзі тартылып қалмаса екен деген тұрғындар Наурыз мейрамына орай бұлақ маңына тазалық жүргізіп, соңын мерекелік шарамен жалғастырған.

– Ең алғаш бұл таудың бөктерінде 2-3 ғана үй бар едік. Кейін үй көбейіп, шағын ауданға айналды. Біз алғаш қоныстанғанда мұнда 6-7 бұлақ көзі бар болатын. Қазір содан біреу ғана  қалды. Сол бұлақ көзі жойылып кетпесін деген оймен маңайын тазартып, Наурыз қарсаңында табиғатқа құрмет көрсеттік. Табиғи су көзінің құрымағаны жақсы ғой. Енді жыл сайын бұл шараны дәстүрге айналдырмақпыз. Осы жолы мейрамда қалалық ақсақалдар алқасының мүшесі Аман Қасенұлы бата берсе, әжелер ансамблі ән мен күйге бөледі, –  дейді ауған соғысының ардагері Қыдырғазы Баймұратов.

Ал мерекелік шараға жиналған жастар садақ атып жарысып, гір көтеріп күш сынасты. Осылайша шағын аудан тұрғындары бұлақ көзін ашып, өсіп келе жатқан ұрпаққа табиғатпен тамырлас екендіктерін көрсетті. Бұл да жас ұрпақ үшін өнегелі істің бірі болды. Ал табиғатпен тіндес жұрт бұлақтың сылдырына құлақ түріп көктемнің келгенін сезініп қайтты.

Осы айдарда

Back to top button