НАУРЫЗ КЕЛДІ АЛАШТЫҢ АЛАБЫНА
Серік ҚҰСАНБАЕВ
Біздің қоғамда даулы дүние өте көп. Өзгесін айтпағанда, бұйыртса биыл 32 жыл болатын Тәуелсіздігіміздің өзін: «Біздің Тәуелсіздігіміз – тек аты ғана, қазақ елі әлі күнге дейін Ресейдің боданы» немесе «Біз Тәуелсіздікті күллі КСРО құрамындағы мемлекеттер тарап кеткен соң барып, елдің ең соңында, амалсыздан алуға мәжбүр болғанбыз» деп сан-саққа жүгіртетіндер арамызда әлі күнге дейін толып жүр. Менің ойымша, қазақ Тәуелсіздігі қандай жолмен, қалай келді және қазір «кімге тәуелді, кімге тәуелсіз?!» деген алып-қашты әңгімелерге нүкте қоятын мезгіл жеткен секілді.
Қайта, біресе аштық, енді бірде репрессия, одан қала берді Ұлы Отан соғысында қынадай қырылып, содан әупірімдеп тірі қалған аз қазақтың қанын қайтадан төкпей, ың-шыңсыз келе қалған «Тәуелсіздігімізге, тәубе!» деуіміз керек.
«Білгенге маржан, білмеске арзан» дейтін болсақ, қарға тамырлы қазаққа Тәуелсіздіктің де бергені жоқ емес. Басқасын айтпағанда, қаншама жыл бойы аттарын атап, түстерін түстеуге хақымыз да, дәтіміз де болмай қалған Алаш арыстарының жаппай ақталып, өз халқымен жылап көрісуі, кешегі ел қорыған, жер қорыған батыр, аузы дуалы би, көсем де, шешен бабаларымыздың түп-тұқиянынан бастап түгенделіп жатуы. Жер-жерлерде солардың құрметіне қойылып жатқан еңселі ескерткіштер тағы басқа игі істердің барлығы, білген жанға сол Тәуелсіздіктің арқасы.
Әлдекімдер айтып жүргендей, «Шала болса да, шарпы болса да» осы Тәуелсіздігіміздің арқасында ұзақ жылдар көз жазып қап, туған жұртымен қайта қауышқан жәдігеріміздің бірегейі – Наурыз мерекесі.
Жоғалып-табылған жәдігер
Дәл осы жерде 30 неше жылдан бері еліміздің түкпір-түкпірінде өз нақышымен тойланып келе жатқан Наурыз мерекесі: «Қазақстанға қашан және қалай келді?» деген бір сауалдың құлағы қылтияды. Баспасөз деректеріне үңілер болсақ, бұл тіпті біздің айтып отырған Тәуелсіздігімізден бірер жыл бұрын болған оқиға көрінеді.
Білетіндер, «Қазақтың төл мерекесін өзіне қайта сыйлаған – әйгілі қазақ ақыны Мұхтар Шаханов!» деседі. Жалпы, кешегі Кеңес үкіметінің «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» боп тұрған заманында құрамындағы бірде-бір мұсылман елдерінде, оның ішінде Қазақстанда 1926 жылдан бастап Наурызды тойлауға мүлдем тыйым салынған көрінеді. Тек 1988 жылы Мұхтар Шаханов Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысына хат жазып, осы мерекені қайта жандандыруды сұрапты.
Хат мәтінінде: «Геннадий Васильевич!
Кешегі күллі әлем назарын өзіне аудара білген Желтоқсан оқиғасы Республикамызды мекен етіп жатқан ұлттар арасында жік қалдырды. Қазіргі күні қазақтар сізге жек көрінішпен қарайды. Егер Сіз, Наурыз мейрамын жандандыруға көмектесетін болсаңыз, онда барлық қазақ сізге басқа көзқараспен қарайтын болады!» – делінген.
Сонда Колбин Горбачевты көндіруге уәде беріп, артынша Республика көлемінде Наурыз мерекесін атап өтуге Мәскеуден ресми рұқсат алған екен. Сөйтіп, сол жылдан бастап Қазақстан Наурыз мейрамын қайта тойлай бастайды.
Қай кезде болмасын қазақ халқының жоғын-жоқтап, мұңын-мұңдап жүретін Мұхаңдай ақын ағамыздың бұл әрекетін ерлік демеске лаж жоқ.
Осы оқиғадан соң арада 22 жыл өткенде ғана барып, яғни, 2010 жылғы 19 ақпандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында «Әлем мәдениеті» бағдарламасының 49-тармағына сәйкес «Халықаралық Наурыз мерекесі» деп аталатын қарар қабылданады. Сөйтіп, «Наурыз мерекесі» БҰҰ-мен мойындалды.
Содан бері Наурыз Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия, Тәжікстан, Иран, Әзірбайжан, Албания, Ауғанстан, Ирактың Күрдістанында, Үндістан және Македонияда мемлекеттік мереке болып табылады. Оны Татарстан, Башқұртстан тіпті Қытай мен Жапонияда да «жергілікті деңгейде» атап өтеді. Ал 2010 жылдан бастап Наурыз Грузияда «Ұлттық мереке» болып жарияланған.
Наурыз – көпшілігі ойлап жүргендей, діни мереке емес. Сонымен қатар көптеген ислам елдерінде бұл мерекені атап өтуге тыйым салынған. Сирияда және Иранда Наурыз мейрамы тойланбайды. Түркияның өзінде бұл мерекені 1991 жылға дейін атап өтуге тыйым салынған болатын.
Шамасы, Наурыз мейрамын мұсылман мерекесі ретінде қабылдау халықтың этникалық тамырымен тығыз байланысты болса керек. Осы уақытқа дейін Орта Азияның негізгі байырғы халқы, яғни, қазақтар, қарақалпақтар мен өзбек, қырғыз, тәжіктер мен түркімендер этникалық мұсылмандар ретінде саналады және соның нәтижесінде, бұл халықтардың барлық ұлттық мерекелері мұсылман мерекесі ретінде қабылданады.
Бұл мереке кезінде ислам діні тарапынан қудалауға ұшырап, Кеңес Одағы кезінде атап өтілуге тыйым салынғанына қарамастан, бүгінгі таңда қазақ халқының ең маңызды мерекелерінің бірі болып қалды.
Дегенмен Наурыздың шығу тарихы белгісіз. Иран мифологиясына сәйкес, осы күні Тұран ханы Афрасиабтың қолынан қаза тапқан атақты Саяуыш батыр жер қойнына тапсырылған. Бұл аңыздың Авестада айтылғаны белгілі.
Наурыз – әлемдегі ең көне мейрамдардың бірі саналады. Орта Азия елдері оны 5000 жылдан аса уақыт атап өтіп келеді. Наурыз мейрамы заманауи діндер мен көптеген мемлекеттер пайда болғанға дейін шамамен 5 мың жыл бұрын пайда болған деседі.
Бұл ежелгі мереке күнәдан тазару, киім-кешектерді тазарту, үйді тазарту, жамандықтан және өшпенділіктен тазару мерекесі ретінде атап өтіледі. Ол адамдарды басқалардың күнәлары мен жамандықтарын кешіруге шақырады. Сондай-ақ бұл күні Шығыс елдері екі арадағы кез келген соғысты тоқтатқан. Ал қазақ ақсақалдары бұл мерекеде араздасқан ру-тайпалар мен ағайын-жегжатты татуластырған.
Наурыз мерекесінің шығу тарихы жайында айтылатын аңыз-әфсаналар да баршылық. Солардың бірі төмендегідей болып келеді екен.
Аңыздың астарында ақиқат бар
Ерте заманда қазақ елін ауық-ауық жау шауып, үдере көшкен елдің мал-жаны қырылып, ел басына ауыр күн туыпты. Сондай қилы да, қасіретті жылдың бірінде Наурыз деген қария өзіне қарасты елін бастап елге қамал, малға жайлы бір қамысты-қопалы аймақты қыстапты. Құдай оңдап, сол жылы азаматтары шабуыл жасаған жауды жеңіп, мал-жандары қыстан аман-есен шығып, ел-жұрт мәре-сәре болыпты. Наурыз қарт өзі оқымысты, астроном адам болған көрінеді. Ол күн мен түннің теңелген, жер бетінің бусанған дәл 22 наурыз күні ерте тұрып ел аралап, «Бүгін ұлыстың басталар күні. Күн мен түннің теңелген, бота боздап, қой қоздайтын қасиетті күн. Жан-жануар, өсімдіктердің өсіп-өнетін, Жер анадан қуат алып, ерекше күйге енетін күн!» екендігін ел арасына құлаққағыс қыла келіп:
– Сондықтан барлық үй той жасаңдар! Бұдан былайғы атар таң, көрер жылдарымыз бүгінгідей қуаныш мерекемен басталар болсын!
Ұрпақтарымыздың көңілін қайғы-қасірет торламасын!», – деп әмір етіпті.
Сонда қарияға кемпірі күліп:
– Ау, шал! Еліңде арықшылық уақытта той жаса дедің, қысылып әрең шыққан жұрт ол тойды несімен жасайды? – депті.
Оған қарт та күліп: – Тойдың қызығы байлық пен қарын тойдыруда емес. Қайта көңіл көтеріп, рухани азық алуда. Көппен бірге көңілді отырып ішкен бір ұрттам қара су мен бір аяқ көженің нарқы есерлікпен өткен 40 күндік сауық пен 40 жыл жинаған байлықтан артық.
Ал енді кемпір, сен де отырмай, қабыңның түбін қақ! – депті.
Сөйтсе, қаптан бір кәрі жілік пен бірнеше кесек ет шығыпты. Оны көрген қарт кемпірін мақтап:
– Жарайсың, кемпірім! Тұп-тура бір тойдың етін сақтапсың, дереу қазанға сал! Қазанның құлағына төрт жапырақ май қой. Оның біреуін піскен кезде өзің же де, біреуін үлкен балаңа бер, енді бірін күйеубалаңа бер. Қалғанын немереңе бер де, кәрі жілікті қарияларға тарт. Қалған еттерді ұсақтап турап-турап көжеге салып жібер және көжеге арпа, бидай, тұз, құрт (айран, қатық) сияқты жеті түрлі дәм қосылсын. Кәрі жілік бабалар дәстүрінің жалғасы, дән өсіп өркендеудің белгісі болсын. Су мен тұз ұрпақтарымыздың дәм-тұзы жарасып мәңгі тату-тәтті өтуіне дәнекер болсын. Айран, қатық айрандай ұйып, басымыздың өмірлік бір болып, ақ көңіл адал ниетте болатындығымыздың куәсі болсын.
Ал қазан құлағына қойып пісірілген төрт жапырақ май, төрт түлігіміз сай, бай-қуатты тұрмыс кешіруіміздің өмірлік бастамасы болсын!
Бүгінгі осы тағамнан дәм татқан үлкен-кіші, кәрі-жасқа түгел бір-бір жас қосып, осы той әр жылы, дәл осы күні әрбір отбасы міндетті түрде өткізіліп отырсын! – деген екен.
Сөйтіп Наурыз қарттың елі қап түбінде қалған еттерін түгел қазанға салып, ұлан-асыр той жасап, жадап жүрген көңілдерін көтеріпті. Ел қарияға алғысын жаудырып, той қызығын әлденеше күнге жалғастырыпты.
Әне-міне дегенше жаз шығып, одан күз келіп, көзді ашып-жұмғанша қыста өтіп, тағы да көктем келіпті. Ел Наурыз қарияның ұйғарымы бойынша, көктем тойына ерекше әзірленіпті. Қария бұл рет жан-жаққа ат шаптырып, тойға маңайдағы алыс-жақын елдің бәрін шақырыпты.
Тойға шақырушының бірі Алаша ханға барып:
– Мәртебелі, тақсыр! Сізді ауылымызда өтетін үлкен тойға шақыра келдім!», – депті.
Хан одан: «Ау, бұл қай уақытта жасалған той. Той деген жаз бен күзде жасалмаушы ма еді?! Ол кімнің тойы?», – деп таңдана сұрапты. Тойға шақыра келген жігіт не дерін білмей сасқалақтап: «Наурыз деген қарияның тойы, наурыздың тойы!», деген екен.
Сол күні ауа райы аса жайлы болса керек, хан шапанын жамылып далаға шыққан екен. Төбесінен қиқулап қаздар ұшып өтіпті. Көзіне дала төсінде тебіндеп келе жатқан жасыл өркендер шоқтай басылыпты.
Сонда хан көкірегін кере дем алып: «Бұл бір өміршең, өлмес той болып, ғасырдан-ғасырға жалғасқалы тұр екен!», – деп сүйіне тіл қатыпты.
Сөйтіп, сол той «Наурыз тойы» жеті дәмді біріктіріп жасаған көже «Наурызкөже», той өткен ай «Наурыз айы» аталып кетіпті.
Наурыз – көктемгі күн мен түннің теңелетін күні. Бұл күні жер шары алаңдарын қоспағанда, бүкіл жер бетінде күн мен түн теңеседі. XI ғасырдың өзінде ұлы ғалым әрі ақын Омар Хайям жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың толық циклды аяқтағаннан кейін, өзінің бастапқы жүру нүктесіне келіп, жаңа жолды – шеңберді қайта бастайтынын байқайды.
Бұл бақылауының негізінде Хайям сол кезде билік еткен Джалал ад Дин Мәлік Шах ибн Әл-Арслан Селжүктің құрметіне «Мәлік күнтізбесі» деп аталатын жаңа күнтізбе құрастырады. Онда жаңа циклдың басталуы 22 наурызға – көктемгі күн мен түннің теңелетін күніне түседі.
Бұл күнтізбе қазір пайдаланып жүрген күнтізбеге қарағанда, әлдеқайда дәлірек болған көрінеді.
Парсы тілінде Наурыз «Жаңа күн» деп аударылады. Түркі халықтары, заманауи қазақтардың ата-бабалары Наурыз мейрамында ақ киімдерін киіп, шаштарын қырып, алып тастайтын. Бұл күні тұрғындар бұлақ, бастау, су қоймасы мен құдықтардың бетін ашып, тазартады. Сондай-ақ мейрамда үйде міндетті түрде қымыз, шұбат, сүзбе секілді сүт тағамдары, яғни, ақ болу керек. Егер сүт болмаса, ыдыс-аяқты бұлақ суымен толтырып қоятын болған. Олар осы күні жаңажылдық дастарқанның сәнін келтіретін міндетті тағам – наурыз көже дайындайды.
Шығыс елдерінің есігін қағып кеп қалған Ұлыстың ұлы күні қазақ даласына да құт-береке ала келсін!
Әз Наурыз араздасқан ағайынды татуластырып, ел мен елдің арасын тек жақсылығымен жалғай берсін!