Науқастарды білікті мамандар тегін қабылдайды
Облыс орталығында 20-22 ақпан күндері қан ауруына шалдыққан науқастарды танымал білікті гематолог дәрігер Антон Клодзинский тегін қабылдайды. Тұрғындар бұдан басқа республикалық орталықтардың тағы да он бес түрлі дәрігер мамандарына көріне алады. Мұндай сирек мүмкіндік шығысқазақстандықтарға елімізді аралап жүрген «Мәңгілік ел» үгіт пойызының арқасында беріліп отыр.
Пойыз бір ай көлемінде кең байтақ елімізді түгел аралап, отыз үш шалғай елді мекенге тоқтайды деп жоспарланған. Үгіт бригадасының құрамындағы мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлердің ұлттық палатасының әлеуметтік қызметтің өкілдері мен дәрігерлер тұрғындармен кездесіп, оларға көмек беруге тырысады. Халыққа бес институционалды реформа мен «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының мән-мағынасы түсіндіріледі. Республикалық акция ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр.
Дәрігерлердің құрамында белгілі гематолог, медицина ғылымдарының докторы, Мәскеу қаласындағы Ғылыми гематология орталығында білім алған Антон Клодзинский бар. Атақты доктор Қазақстанда жілік майын алмастыруды алғаш енгізген, бірнеше жобаның авторы. Сонымен қатар жілік майы донорын таба алмағандар үшін Астанада тұңғыш рет балама операция жасаған дәрігер.
Облыс орталығындағы №4 қалалық ауруханада (Серікбаев көшесі, 1/5, МЧС-2 стационары) орналасқан гематология орталығында 20-22 ақпан күндері қан ауруына шалдыққан науқастарды Астанадан келген және жергілікті білікті гематолог мамандар қабылдайды. Пациенттерге барлық кеңестер «Мәңгілік Ел» үгіт пойызы акциясының шеңберінде тегін беріледі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, шараның мақсаты – әрбір науқас үшін жеке емдеу жоспарын жасап, олардың кепілді тегін дәрігерлік көмек көлемінде білікті кеңес алып, науқастардың жілік майын алмастыруға дайындықтан өтуіне, лайықты донор табуларына мүмкіндікті қарастыру болып табылады.
Аталмыш акцияның шеңберінде тұрғындарды республикалық орталықтардың невролог, нефролог, уролог, гематолог, ортопед-травматолог, ревматолог (ересектер), пульмонолог, педиатр, гастроэнтеролог, ангиохирург, кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, онколог, хирург сияқты он бес білікті маманы тегін қабылдап, кеңес береді.
Өскеменде дәрігерлер пациенттерді 21 ақпанда сағат 11.00-18.00 аралығында қабылдайды, 13.00-14.00 түскі үзіліс.
Ересек науқастарды диагностикалық орталықта (Әуезов даңғылы, 26, 2 қабат), балаларды №1 балалар емханасында ( Әуезов даңғылы, 18, 2 қабат) қабылдайды.
Өздерімен тексерулердің қорытындылары болғаны дұрыс.
Өскемен қаласында қаралудан өту үшін науқас өзі бекітілген емханаға хабарласуы керек немесе info@hemcenter.kz поштасына хат жазуға, сондай-ақ, 619028, 619029 телефондары арқылы жазылуға болады.
Айна Ескенқызы