Науқастардың барлығына сапалы дәрігерлік қызмет көрсетіледі
Облыс орталығында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов медицина саласының өкілдерімен кездесті. Басқосуда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мен оған дайындық мәселелері сөз болды. Талқылау кезінде вице-министр медицина қызметкерлері мен тұрғындардың денсаулық саласын қаржыландырудың жаңа форматына көшуге қатысты сұрақтарына жауап қайтарды.
Шенеуніктің айтуынша, міндетті медициналық сақтандыру еліміздегі барлық азаматтарға бірдей дәрігерлік көмек алуға мүмкіндік бермек және тұрғындардың өз денсаулығына деген ынтымақтасқан жауапкершілікті арттырады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру азаматтардың барлығына олардың кірістерінің мөлшеріне қарамастан, бірыңғай әрі жан-жақты дәрігерлік қызметтерді пайдалануға жағдай жасайды. Елжан Біртанов жаңа жүйе қаржыны мұқтаж еместерден мұқтаж жандардың пайдасына көбірек бөлуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Бұл бюджеті аз аймақтарда тұратын немесе өз кірісі төмен науқастарға заманауи жан-жақты дәрігерлік қызмет түрлерін алуға жол ашпақ.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жарнасы оның мүшесінің төлем төлеу қабілеттігіне тура пропорционалды түрде төленеді, яғни оның кірісіне қарай белгіленеді. Азаматтардың он бес категориясы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жарнасын төлеуден босатылған, оларға мемлекеттік бюджеттің есебінен төленеді. Олардың қатарына балалар, көпбалалы аналар, ҰОС қатысушылары мен мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген жандар, интернат ұйымдарында оқитын және тәрбиеленетіндер, техникалық және кәсіптік оқу мекемелерінде, орта білімнен кейін жоғары білім алатын, күндізгі бөлімде оқитындар, жоғары білімнен кейін резидентурада оқитындар, бала күтімімен үйде отырғандар бала үш жасқа толғанға дейін, зейнеткерлер, әскери қызметтегілер, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының өкілдері жатады. Жаңа жүйе медициналық қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге, мысалы, амбулатория жағдайында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мен профилактикалық көмекті жетілдіруге оңтайлы болмақ. Әлеуметтік маңызы бар дерттер мен жедел көмек көрсету кепілдендірілген тегін медициналық көмектің есебінен өтеледі.
Облысқа сапары барысында вице-министр мемлекеттік-жеке әріптестік аясында салынып, жуықта ашылған гематология орталығында болды. Елжан Біртанов бұл жобаның жақсы тұстарын ерекше атап өтті. Мысалы, пациенттерге қолайлы жағдайлар жасалғаны, науқастарды диагностикалық және емдеу протоколына сәйкес медициналық қызмет түрлері және дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етуге қол жеткізілгені вице-министрдің назарынан тыс қалмады. Сонымен қатар, қызмет көрсету сапасы жақсарып, қызметкерлерге кеңейтілген әлеуметтік пакет қарастырылған.
Кездесу соңында тұрғындарды денсаулық саласын дамытудың бағдарламаларымен ақпараттандыруды жетілдіре түсу, аймақта денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жеке әріптестікті, медицина қызметкерлеріне оқыту бағдарламаларын дамытуға қатысты жоспарлар жасалды.
Айна Ескенқызы