Науқастар тағы да тегін дәрі-дәрмексіз қалды

Тасымалдаушылардың наразылығынан диспансерлік есепте тұрған шығысқазақстандық науқастар тағы да тегін берілетін дәрі-дәрмексіз қалды. 13 сәуірден бастап облыстың дәріханаларынан тегін препараттар босатылмайды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Райфа Сафиоллинованың түсіндіруінше, 13 сәуірде басқарма амбулаторлық емдеу препараттарын тасымалдауға жарияланған тендердің қорытындысын шығарған. Алайда, оның қорытындысымен келіспеген тасымалдаушылар өз құқықтарын пайдаланып, конкурстың қаншалықты заңды түрде өткенін анықтау мақсатында ауданаралық экономикалық сотқа жүгініпті.
– Біз өз кезегімізде прокуратураға бұрынғы шешімге наразылық көрсету туралы сұрау салдық. Жағдай бақылауда. Медикаменттер соттың шешімі шыға салысымен босатылатын болады, – деді Райфа Сафиоллинова.
Соңғы жылдары өңірде қалыптасқан бұл жағдайдан ең алдымен науқастар зардап шегуде. Басқарма басшысы мұндай жағдайда, әсіресе, онкологиялық ауруларға қиын болғандықтан, дерттің соңғы, төртінші стадиясына шалдыққандарды стационарға жатқызуға тура келгенін жеткізді.
Медикаменттерді тасымалдауға өткізелетін тендерге қатысты даурықпа жыл сайын қайталанып келеді. Тілшілердің «бәлкім, конкурсты өткізу тәртібіне өзгерістер енгізу қажет шығар?» деген сауалына Райфа Сафиоллинова:
-Денсаулық сақтау басқармасы алдағы уақытта тендерді өткізуде жариялылық болу үшін оны электронды түрде өткізу туралы толықтырулар мен өзгертулер дайындап жатыр, – деп жауап берді.
Тендерге биыл да былтырғы тасымалдаушылар қатысқаны белгілі болды. Соттың соңғы отырысы 2 мамырға белгіленген.
Кәмәл Естай