Науқастар айтқан арыз көп
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өкілдері 21, 23 наурыздағы мереке күндері облыс орталығындағы он емдеу мекемесінде болып, тұрғындарға қызмет көрсету сапасымен танысты. Рейд барысында денсаулық сақтау нысандарында орын алған бірқатар кемшіліктердің беті ашылды.
-Емдеу мекемелерінің тұрғындарға демалыс және мереке күндері көрсететін қызметтерінің сапасын бақылау – «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар. Рейдтің қорытындысын партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасарына, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына береміз. Әр кемшілік бойынша талдау жасалып, дәрігерлердің жұмысына баға, тиісті нұсқаулықтар беріледі, – деді топ жетекшісі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси жұмыстар бөлімінің кеңесшісі Аманбай Нүркенов.
Партия өкілдері тексеруді облыстық ана мен бала орталығының науқастарды қабылдау бөлімшесінің жұмысымен танысудан бастаған еді. Орталықтың кезекші дәрігері – жалпы терапия дәрігері Мәдина Екімбаева кезекті науқасты қарап жатты. Бұл жерде кезек күтіп отырғандардың қарасы көп екен. «Нұротандықтардың» қандай мақсатпен келгенін түсінген олар өздерінің арыздарын айта бастады.
-Біз Серебрянкадан таңертең ерте келгенбіз. Қызымның дене қызуы көтеріліп, 39 градусқа дейін барды. Кезекші дәрігер қарап, лор маманын шақыртқан, тосып отырғанымызға екі сағаттан асты. Таңертеңгі 10 сағат 15 минутта қан тапсырғанбыз, міне, сағат түскі бірге таяды, не оның қорытындысы жоқ, не лор қарамады, – дейді қолындағы екі жарым жастағы сәбиін алдаусыратып отырған Әйгерім Баяхметова.
Өскемендік Анна Галушкинаның үш жастағы ұлы Денистің үстіне бөрткен шыққан. Учаскелік терапевт қойған есекжем ( крапивница) диагнозымен орталыққа жедел жәрдеммен түскен. Алайда, кезекші дәрігер балаға энтеровирус деген диагноз қойып, оны балалардың инфекциялық ауруханасына жолдапты. Бұлардың да жедел жәрдем көлігін тосқандарына көп уақыт өткен. «Осынша уақыт отырғанда баламнан тым болмаса қан талдауын алса ғой, бұл жердің зертханасында сараптама жан-жақты жасалады. Кімнің диагнозы дұрыс екенін әлі білмеймін», – дейді жас келіншек.
Науқастарды қабылдау бөлімшесінде мереке күндері жұмыс істейтін кезекші дәрігерлер мен медбикелердің тізімі, жұмыс кестесі болғанымен, ол көрнекі жерге ілінбеген.
-Бұл ақпарат ең алдымен науқастар үшін жасалады. Олар өздеріне көрсетілетін қызметтің түрімен, сіздердің жұмыс кестелеріңізбен таныс болулары керек, сол себепті іліп қою қажет, – деген ескерту жасады Аманбай Нүркенов.
Рейд жасаушылар Сәтпаев көшесінде орналасқан оңалту орталығына да бас сұқты. 90 адамға арналған емдеу орнында бұл күні бар болғаны 48 науқас жатты. Физиотерапия, массаж, ЛФК кабинеттері жұмыс істеп тұрғанымен, 18-23 наурыз аралығында екі-үш адам ғана ем қабылдаған. Кардиология, инсульт бөлімшелерінің өзі жартылай бос тұр. Бұл мекемеде де кезекші мамандар мен жұмыс кестесі туралы мағлұмат медбикенің үстелінен ары шықпаған. Орталықтың кезекшісі Сәуле Мұсабекованың түсіндіруінше, жатқан науқастар жазылып, үйге шыққан. Олардың орнына басқа келушілер әзірге жоқ көрінеді.
-Бұл оңалту орталығы халықтың қаржысына салынды. Медициналық құрылғыларға миллиондаған қаражат жұмсалды. Қала, облыс көлемінде орталықтың қызметіне зәру емделушілер жеткілікті. Алайда, осындағы медициналық қызмет түрлеріне қарапайым тұрғындардың қолы жетпейді. Өйткені, орталықтың жұмысында жариялылық жоқ. Егер учаскелік терапевтер орталықта қанша орын босағанын портал арқылы біліп отырса, келесі науқастарды дер кезінде жатқызар еді. Ал бүгін біз не байқадық? Қыруар ақшаға салынған орталықтың жұмысы тиімсіз, қаншама құралдар бірнеше күн қаңырап бос тұр. Орталықтың штаты 90 науқасқа қызмет көрсетуге арналғанымен, бүгін, 23 наурызда жұмыс күші 20-30 пайыз ғана пайдаланылды. Біз орталықтың тиімділігін арттыруға қатысты нәтижелі шешім қабылдайтын боламыз, – деген пікірін білдірді Аманбай Нүркенов.
«Нұротандықтар» мереке күндері облыстық аурухана, №1 қалалық аурухана, облыстық онкологиялық диспансер, Буров көшесіндегі №2 емхана, жалпы саны он денсаулық сақтау нысанының қызметімен танысты.
Олар анықтаған барлық мекемелерге тән кемшілік – кезекші мамандар мен медбикелердің тізімі, жұмыс уақыты халыққа көрінетін жерге ілінбеген. Екіншіден, қызметкерлер басшылардың бұйрығымен таныспаған, ауызша ғана тапсырма алған, олар мереке күні қосымша ақы төленетінінен де бейхабар, еңбекақы көлемі жайында бұйрықта ешқандай мәлімет жоқ. Ал мамандардан сұрағанда, «оған біздің қатысымыз жоқ, басшының өзі біледі» деген жауап алған. Қызмет көрсету деңгейі қанағаттанарлық деп облыстық аурухананы ғана айтуға болады екен. №1 қалалық ауруханада ординаторлар бөлмесінде тазалық жоқ, жуылмаған ыдыстар мен төгілмеген қоқыстар, науқастар жататын палаталардың ауасы тазартылмаған. Ем-дом қабылдау бөлмесіне кезек көп, науқастар 20-30 минут тосып отыруға мәжбүр.
Аманбай Нүркенов бұл – бақылаулардың бастамасы ғана екенін, емдеу орындарының қызметі алдағы уақытта да «Нұр Отан» партиясының қадағалауында болатынын, халыққа қызмет көрсету сапасы үнемі тексеріліп тұратынын ескертті.
Айна Ескенқызы