Нашақорлықпен күресуде жаңашыл амал-тәсілдер қолданылады – ШҚО
Нашақорлық – қоғамдағы ең маңызды проблемалардың бірі.
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев жастар көшбасшыларымен, қоғам қайраткерлерімен, үкіметтік емес ұйым басшыларымен кездесу өткізіп, нашақорлық мәселесін жан-жақты талқылады, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Облыс әкімінің айтуынша, осы бағыттағы профилактикалық жұмыс барысын түбегейлі өзгерту шарт.
Атап айтсақ, әлеуметтік желі мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, білім беру мекемелерінде өтетін нашақорлықтың зияны туралы дәрістердің форматын қайта қарастырған жөн. Әртістерді, жастарды және танымал тұлғаларды шақырып, флешмоб, спорт ойындары арқылы бұл індеттің қаншалықты зиянды екенін жеткізу қажет. Оның тиімділігі де жоғары болмақ.
– Біз табысты жобалардан тәжірибе алып, өзіміз де жаңа тәсілдерін енгізуіміз керек. Сондықтан біз ең ұтымды идеялар мен ұсыныстарды барынша тыңдап, қолдауға дайынбыз. Ең бастысы, жастарға есірткінің қаншалықты зиян әрі бұл бұқаралық дертке айналып кетуі мүмкін деген қағиданы түсіндіре білсек, жақсы нәтиже болады, – деді өңір басшысы.
Бұл ретте, әрине, жаңашыл тәсілдер мен амалдарды қолданумен қатар, ата-аналармен жан-жақты жұмыс жүргізу де өте маңызды. Бұған ерекше мән берілетін болады.