Нашақорлыққа жол жоқ

Арам ақша алысқа апармайды

Әлеуметтік желілерде аптасына 150-200 мың теңге төленетін жұмысқа шақыратындар аз емес. Бірақ оның қандай жұмыс екенін, арты неге апаратынын біреу білсе, біреу білмес.

«Есірткі курьері» дегенді естігендер бар ма? Иә, дәл осы көп, бірақ арам ақшаға қызыққан қаншама жас бар. Кейбірі тез арада ақша тауып, шығып кетем десе, кейбірі шынымен ақшаға мұқтаж болып, амалсыз істейді. Соңы неге апаратынын біле тұрып, қылмысқа баратындарға не дейсіз?!

Дәл осындай жағдай Өскеменде де орын алған. Аптада миллион теңге тапқан Айжан (есімі өзгертілген) енді 20 жылын темір торда өткізбек. Бұрын оның бизнесі, жалға беретін пәтері болған. Бірде оның телефонына наша курьері болуға ұсыныс түскен. Ол ойланбастан келіседі.

– Басында қорқынышты болды. Бір апта жұмыс істедім. Мұнда тұрған ештене жоқ шығар деп ойладым. Кейін қоймашыға айналдым. Яғни, үйде «закладкаларды» өзім істеп, курьерлерге «бомба» қалдырдым. Ата-анамнан қатты ұяламын, – дейді жеңіл ақшаға құныққан ол.

Ал жеңіл атлетика мен жүзуден спорт шебері Ирина (есімі өзгертілген) оқуының соңғы курсында осы іспен айналысқан.

– Жұмысты ұсынушылар VК әлеуметтік желісінен жазды. Қазанның 1-нен осы жұмыспен шұғылдана бастадым. 10 қазанда ұстап алды. Оқу оқитынмын, жұмыс істеуге уақытым болмады, оған қоса несие жабу керек еді. Анама да ақшалай көмектескім келді. Кішкене істеп, шығып кетпек болғанмын, – дейді ол.

Өкінішке қарай, олар арам ақша азық болмайтынын ескермеді. Өздері есірткі қолданбағанмен, қолдануға көмектескендері үшін жазаланды.

Жастық шағын кім түрмеде өткізгісі келеді? Азғындардың жолына түспей, жеңіл ақшаға қызықпайық, жастар!

Мадина Болатханова,

студент

Back to top button