Тарих

Құнанбайдың Төр Алтайдағы қуғын сапары

Құнанбайдың Төр Алтайдағы қуғын сапары

1850-ші жылдар тұсында Құнанбай Өскенбайұлы қуғын сапармен керейлердің Алтайдағы мекеніне барған екен. Бұл туралы бұрынырақта қытай қазақтарына арнап алғаш газет шығарған Асқар Татанайұлы мен Нұқан Кәкешаұлы газет беттерінде деректер берген болатын. Биыл ғана Моңғолия астанасынан жарық көрген «Шәку баба шежіресі» атты кітапта аталған сапар жайында толық мәлімет ұсынылыпты. Осы оқиғаның қысқаша мазмұны мынадай.
Қазақ жеріне ішкерілей ене бастаған орыс отаршылдарына наразы болып жүрген Қиям мен Табыл есімді екі жігіт Семей губернаторының сенімді адамын өлтіріп, Алтай асып кетсе керек. Губернатор екі «қылмыскерді» ұстап әкелу үшін Төр Алтайға аға сұлтан Құнанбайды жібереді. Керейдің игі-жақсылары ақылдаса келе, ел үшін қуғынға ұшыраған боздақтардың ерлігін ескеріп, «Бұтаны паналаған торғай да аман қалады. Ерге пана болмасақ, несін ел болғанымыз» деген тоқтамға келеді. Керейге кеңінен танымал Шәу жыраудың бастауында өткен жиында «Сіздер сипаттағандай екі жігіттің келгені рас. Бірақ екеуі де бір жылдың ішінде қайтыс болды. Зираттары мынау» деп екі адамның жаңа қабірін көрсетеді. Құнанбай сұлтанның күткені де сол болса керек. Өзінің құдыреті жетпес іске жұмсаған губернатордың тапсырмасына құлықсыз аттанған Құнанбай «Керейлер елдігі божымаған болса, есіл ерлердің қанын мойныма жүктете қоймас деген» сенімде болады. Абақтың елдігіне іштей сүйсініп, сырттай сенген сыңай танытып, қағазға қол қойғызып, кері аттанады.
Қонақтар Қабаның Алқабек-Білезік деген жеріне жеткенде, алдарынан бұл жақтың атақты байы Шәку Есілбайұлы сәнді киінген сал-сері, саятшыларымен шығады. Екеуі де сонадайдан аттан түсіп, жаяу келіп, құшақ айқастырады.
-Аға баласы Құнанбай келеді деп естіген едім. Әкеңіз Өскенбай біздің Ер Жәнібектің қызынан туған жиен екенін білем. Жиеннің жолы үлкен ғой деп, сәлемдесуге келдім. Етекке түсер мезгіл жетсе де, елді әдейі көшірмей ұстадым, – деп, дәм татып кетуді ұсынады.
Қасында жүзден астам нөкері бар Құнанбай сұлтан бірнеше күн аялдап, қайтатын кезі болғанда Шәку бай оған үстінен су төгілмес күрең жорғаны сыйға тартады.
– 62 күрең жүйрікке сатып алған жорға еді. Керей елінің сыйы деп қабылдаңыз, – дейді. Жорғаның жүрісін көрген Құнанбай: «Жануар 62 атқа алса алғандай-ақ екен!» депті разы көңілмен. Сол сәтте Бейсенбі күйші домбырасын алып, бұрын ел естімеген жаңа күйге басады. Күйін аяқтай бере:
-Күйдің аты «Алпыс екі қоңыр». Қоңыр жорға астыңызда, «Алпыс екі қоңыр» құлағыңызда жүрсін – деп ілтипат білдіреді. Құнанбайға еріп жүргендердің тең жартысына кілең ақбоз, тең жартысына кілең қан жирен ат мінгізіледі. Қандастардың мырзалығына разы болған аға сұлтан оңашалана бере жанындағыларға сапардан алған әсерін жайып салыпты.
-Түбінде біздің қазақтың елдігінің бір белгісі осы керейлер жақта қалады екен, – депті сұңғыла сұлтан. Құнанбайды ханға лайық құрметпен қарсы алған Шәку байдың ұрпағы бүгінде сұлтан айтқандай өсіп-өніп, 1200 түтінге жетіп отыр.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button