Жолдау жол нұсқайды

Нақты бағыт-бағдарымыз айқындалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын бүкіл қазақстандықтар тікелей эфирден тамашалап, бұрын ортаға салынбаған көптеген тың жайларға куә болды. Президенттің бұл жолғы Жолдауында тыңдаған жұрт сүйіне құптаған тармақтардың мол болғаны рас.

Сол себепті халықтың келешек өміріне нақты бағыт-бағдар сілтейтін аса маңызды құжаттың жұрт көңілінен толықтай шыққаны да шындық.

Ел тұрғындарының барлық санаттарын қамтып, сол санаттардың баршасына игілік пен ізгілік шуағын сеуіп өткен жақсы хабарлардың ел арасына тез тарап, ауыздан-ауызға көшіп жатқаны тегін болмаса керек. Әсіресе зейнетке 63 жаста шығатынын біліп, сол жасқа жете алмай жүрген әйелдер қауымы зейнет жасының 61 жасқа дейін шегерілетінін естіп, шынайы қуанышқа бөленсе, ең төменгі жалақы мөлшерінің көбейгені де талай адам үшін дәтке қуат, көңілге медеу болып отыр. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлының бұдан былай Ұлттық қорға жыл сайынғы инвестициялық кірістерден түсетін қаржының 50 пайызы қазақстандық нәрестелер дүниеге келген күннен бастап кәмелетке толғанша төленіп тұратынын естіген жастардың шынайы ризалыққа бөленіп, ынталана түскенін әркім де айқын ұғынуда. Бұл балалар кәмелетке толған соң  өз есепшоттарына жинақталған қаржыны білімге, баспана сатып алуға жұмсайтын болады. Сондай-ақ кішкентай сәбилеріне күтім жасайтын жас аналардың ақылы демалысы енді бүлдіршін 1,5 жасқа толғанға дейін ұзартылғаны да көпшіліктің ықыласын арттыра түскені рас. Өзім халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін саланың басшысы болғандықтан осының барлығы менің де көңілімді көтеріп, мерейімді асырғаны жалған емес. «Балаларға төленетін бұл қаражаттың олар үшін нағыз үлкен өмірге есік ашатын жолдама  болары сөзсіз, – деп атап көрсетті бұл жайды ел Президенті. – Қор енді шын мәнінде ұлттық деген дәрежеге ие болып, халықтың мүддесіне қызмет ететін болады». Елімізде жыл сайын 400 мың сәбидің дүниеге келетінін есепке алар болсақ, қаншама отбасының қуанышқа бөленетінін мөлшерлеп ұғынудың қиындығы жоқ.

 

Президент сонымен бірге ел көлемінде заң үстемдігінің салтанат құруына, бәсекелестікті дамытуға, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жол ашып, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды үнемі жіті назарда ұстауға барынша күш салынатынын қадап тұрып айтты. Мұның барлығы заманның қиындығы мен тұрмыстың ауыртпалығы қажытып жүрген адамдар үшін үлкен қуаныш болып, әрқайсысының көкейіндегі үміттің шоғын үрлей түскені даусыз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ еліміздегі жолдардың жақсаратынын, құрылыс саласына баса көңіл бөлінетінін, игерілмей жатқан жер телімдері мен жыл өткен сайын арнасы тайыздап бара жатқан су мәселелерін ортаға салып, осы мәселелердің оң шешілуін шындап қолға алатын уақыттың жеткенін мәлімдеді. «Құр айтып қана қоймаймыз, мұның барлығын жақын арада шешетін боламыз!» – деп кесіп айтты. Мұны ықыласпен тыңдаған жұрт көп ұзамай келелі өзгерістердің қолға алынатынына шынымен иланып, қуана құптап отырды. Мемлекет басшысы жіліктеп тұрып айтып өткен осынау жоба-жоспарлардың бәріміз үшін де өте маңызды екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Ендеше, олардың жүзеге асуына бүкіл халық болып атсалысып, бірлігіміз бен берекемізді одан әрі нығайта түсейік.

 

                                          Қайрат Бақтияров,

Күршім аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар

және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы

Осы айдарда

Back to top button