Мәдениет

ӘН САЛСАҢ, ОРАЗДАЙ САЛ ӘУЕЛЕТІП

БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ЖІГІТТЕРІ

ӘН САЛСАҢ, ОРАЗДАЙ САЛ ӘУЕЛЕТІП

Қас талантымен Халық жазушысы Сәбит Мұқанов пен әнші Манарбек Ержановқа таңдай қақтырған дарынды өнерпаз Ораз Кәкеев десе шығысқазақстандық әнсүйер қауым әлі күнге дейін елең ете қалады. Ел ішіндегі «Ән салсаң, Ораздай сал әуелетіп» деген қанатты сөз сол кездегі қасиетті ән өнерін қастерлей білген тыңдарманнан қалса керек.

ТАУЛЫ ӨЛКЕНІҢ ТАУ ТҰЛҒАЛЫ ҰЛЫ ЕДІ…

Алайда, «Орекең ғажап әнші еді» деп қысқа қайыра салсақ, тума талантты кеміткендей болар едік. Біз білетін Ораз – сахнада небір образды сәтімен сомдай білген дарынды актер болатын. Біз білетін Орекең – боз кілемде атой салған балуан еді. Ол – әкеден өте тумаса да, жете туған Арыстанбектей өнерлі ұлдың асқар таудай әкесі, қамқоршы ұстазы болған. Орекең – көзінің тірісінде зайсандық жастардың кумиріне айналып, жергілікті халықтың тау тұлғалы азаматы болды. Заманында Орекеңнің бастамасымен құрылып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерде өнер көрсеткен «Зайсан халық театры» мен «Айнакөл» ұлттық ән-би ансамблі әлі күнге дейін ел алғысына бөленуде.
Ол кездегі той-томалақтың дені аулаға тіге салатын қарапайым палаткаларда өтетін. Сол тойларда, әсіресе, жаздың мақпал түндерінде әуелете ән салған Орекеңнің тұнық дауысы шағын ғана Зайсан қаласының о шетінен бұ шетіне емін-еркін естіліп, тыңдаған жанның жан дүниесін әлдебір сиқырымен тербетіп жіберетін.
Бұл – сан қырлы сахна саңлағы жайында там-тұмдап білетініміз ғана. Орекеңнің бала күнгі досы Бисапа Садықайұлының өнерпаз туралы айтары көп.
– Ораз екеуіміздің бір Кеңсайдан екеніміз өз алдына, біз бір жылы, бір күнде дүниеге келіппіз. Шешелеріміздің айтуынша, ел жайлаудан түсіп, егін орылып жатқан кез болса керек. Дәл сол күні толассыз жаңбыр жауған көрінеді – дейді ұзақ жыл ауданда жауапты қызмет атқарған зейнеткер ағамыз. – Есімде қалғаны, Ораздың анасы керемет әнші кісі болды. Ел ішіндегі той-томалақтарда құйқылжыған дауысы таң атқанша бір сыр бермейтін. Ал әкесі Кәкейді көрген жоқпын. Біздің үш-төрт жасымызда майданға аттанып, содан оралмады. Дегенмен, Оразға әншілік қасиет ана сүтімен дарыған-ау деп ойлаймын. Ол төртінші сыныптан бастап Зайсандағы мектеп-интернатта оқыды. Өнерге де сол кезден араласа бастаған.

ЖАЛПАҚ ЖҰРТҚА ТАНЫТҚАН «ЖАЛҒЫЗ АРША»

ӘН САЛСАҢ, ОРАЗДАЙ САЛ ӘУЕЛЕТІП

– Орекеңнің алғаш елге таныла бастауы есіңізде болар?
– Оның ең алғаш дәл қай жерде, қандай ән орындап елге танылғанын білмеймін. Әйтеуір халықтың назарына ерте ілінді. Сол кездегі мәдени шаралардың бірде-бірі Оразсыз өтпейтін. Дауысында ешкімге ұқсамайтын бір ерекшелік болды. Осы ерекшелігінің арқасында 1955 жылы (екінші суретті) бар болғаны 17 жасында Алматыда өткен республикалық әншілер конкурсының жеңімпазы атанды. Сол жолы Шығыстан келген бозөкпе баланың:
– Қарқаралы басында жалғыз арша,
Хатқа жүйрік сол қалқа мұсылманша – деп әуелеткен «Жалғыз арша» әніне астана жұртының риза болғаны соншалық, дуылдата қол соғып, жас әншіні сахнадан жібермей қояды. Ән салған сайын ашыла түсетін тұнық дауысы мен ән орындаудағы өзіндік мәнеріне тәнті болса керек, конкурсты қорытындылаған комиссия төрағасы Бекен Жылысбаев сол жерде Ораз Кәкеевтің ұлттық консерваторияның бірінші курсына қабылданатынын да хабарлап жіберіпті.
Алайда, О.Кәкеевтің өмірбаянына үңілсек, кіндігі туған жерге байланған тума таланттың маңдайына ұлттық консерваторияның студенті болу жазылмапты. Есесіне республикалық әншілер конкурсының жеңімпазы атанған өреннің ендігі жерде өнердегі тасы өрге домалап, қайда барса да халықтың қошеметіне бөленеді. Ол кезде Кеңес үкіметінің заңы қатал болатын. Бүгінгідей әскерге барғың келсе, барып, барғың келмесе, ойыңа келгенді істеп, шолжаңдап жүру деген жоқ. «Денің сау, қол-аяғың бүтін бе, әйда, Отан алдындағы борышыңды өте» деп әскерге қуып жіберетін. Осылайша әншілік өнердің арқасында уайым-қайғысыз сауық-сайран құрып жүрген бозбала Ораз да, 1958-дің күзінде сонау Белоруссия жерінен бір-ақ шығады.

«АЛТАЙ» ТӨРІНДЕ ТӨГІЛГЕН ӘН

– Құрдасыңыздың әскерден кейінгі өнер жолы қалай жалғасты?
– Ораз – бүкіл саналы ғұмырын осынау киелі өнерге арнаған азамат. Оның өнері мен өмірі туралы таңнан таңға талмай айта беруге болады. Бірге жүрген кезіміздегі мына бір қызықты айтып берейін. Ол кезде мен аудандық комсомолдың хатшысымын. Өскеменде өткен кезекті бір жиыннан соң, төрт-бес адам кешкі ас ішпек болып «Алтай» ресторанына бардық. Дастарқанды молынан жаюға қалтамыз көтермеді.
Ораз өзін еркін ұстайтын әдетімен: – Әй, жігіттер, біздің осы дастарқанымыз жұпынылау болып кеткен жоқ па? – деп әзілдеп отырған. Бір кезде салып-ұрып музыканттарға барды. Әлгілердің бірі мұрны қоңқиған тау жігіті екен. Сол жылдарда ел ішіне өте танымал кавказдың «Гүлнара» деген әні бар болатын. Бір кезде оркестрдің сүйемелдеуімен осы әннің қайырмасы ойналды да, әрмен қарай Оразымыз шырқай жөнелді. Түкке түсінбеген біз аң-таңбыз. Әуелде беймәлім әншіге аса мән бермеген ресторан тола жұрт сәлден соң оның «тегін адам» емес екендігіне көздері жетіп, ән аяқталмай жатып-ақ дуылдата қол соғып жіберді. Шапалақтың соңы орыстың «Огонек» әніне ұласты. Әлгі жерде көптің қолқалауымен Орекең бірінен соң бірін төрт-бес ән айтып бір-ақ тоқтады. Даурығып алғандар жапа-тармағай оның қолын алып, үстелдеріне шақырып дегендей ризашылық білдіріп жатыр. Осы сәтте жанымыздағы көрші столдардың бірінен біздің столымызға қымбат коньяк бастатқан, әне-міне деликатес тағамы бар тарту да келіп жетті. Сол, сол-ақ екен, маңайымыздағылардың бірі шампан, енді бірі шарап, тағы біреулері ақша ұсынып, ойламаған жерден сый-сияпаттың астында қалдық.
Өзін ресторанның директорымын деп таныстырған орыс келіншегі бізге кетіп қалмаңыздар деп ескертті. Ол кезде ресторандар түнгі он бірге дейін ғана жұмыс істейтін.
Сөйтіп, Ораздың талантына риза болған мейрамхана басшысы ресторан жабылғасын бізге арнайы дастарқан жайып, түннің бір мезгіліне дейін қонақ еткені бар.

ЕРЖАНОВТЫ ЕЛЕҢ ЕТКІЗГЕН КЕШ

ӘН САЛСАҢ, ОРАЗДАЙ САЛ ӘУЕЛЕТІП

Сөз орайы келгенде сұхбаттас ағадан сол кездері Зайсан өңіріне ат байлаған қазақ зиялыларының арнайы білімі жоқ, жас өнерпаздың өнерін қалай бағалағанын сұрадым.
– Ол кездерде ақын-жазушы, өнер адамдары елді жиі аралап, халықпен кездесулер өткізіп тұратын. Елуінші жылдардың соңында Зайсанға әйгілі әнші Манарбек Ержанов келді. Домбыраны солақай тартатын адам екен. Жасы сол кезде 60-тың төңірегінде болса керек. Аудан орталығындағы клубта өткен концертінен кейін елдің атқамінерлері қонақасы берді. Мен секілді жас жігіттер қызмет көрсетіп жүрміз.
Бір әредікте ел ағалары: – Мәке, осында болашағына үміт артып жүрген жас әншіміз бар еді, сол бір ән орындап берсе, – деді. Манарбек ағамыз Ораздың әнін төмен қараған күйі, басын шұлғи отырып тыңдады. Сосын, әнін аяқтап, қалай бағалар екен деп үнсіз қалған жас әншіге «Тағы бір ән орындашы» деді сынағандай.
Ол кезде біреу-міреуден қысылып-қымтырылатын Ораз ба? Алдындағы арақ толы рюмкені тартып жіберіп, шырқай жөнелді. Бұл жолы дауысы алдыңғыдан да тұнық, тынысы да кең шықты.
Осылайша дастарқан басында төрт-бес ән орындаған Оразға көпті көрген тарлан әнші: «Бәрекелді, жігітім, жарайсың! Әнің де, үнің де керемет екен» деп бірден баға берген жоқ. Тек дастарқан соңында: – Қаласаң, менімен еріп Алматыға жүр. «Қазақконцертке» ертең жұмысқа алдыруға сөзім өтеді. Ал басыңа баспана әперем, бәлен-түген деп уәде бермей-ақ қояйын. Кейін консерваторияда талабыңды ұштап, еңбегіңмен елге еленіп жатсаң, баспана да ешқайда қашпас. Бірақ андағыңды қой, сені өсіретін де, өшіретін де осы тамағың болады – деді Ораздың алдындағы рюмкені нұсқап.
– Орекең шамданып қалған жоқ па?
– Жоға, Ораз ондай сөздерге көп пысқырмайтын.
Бір қайран қалатыным, дәл осындай ұсыныс араға үш жыл салып, атақты жазушымыз Сәбит Мұқанов келгенде де қайталанды. Онда да жазушыға Темірсудың бойында арнайы киіз үй тігіп, тай сойып дегендей, бар мәзірімізді көрсеттік. Өнеріне тәнті болған жазушы ертесінде клубта өтіп жатқан жиын үстінде Оразды «Қазақконцертке» жұмысқа тұрғызуға, кейін консерваторияға оқуға түсіруге уәде беріп, Алматыға шақырды. Бірақ неге екенін кім білсін Ораз Зайсаннан ұзап алысқа бармады.
– Ел арасындағы «Орекең балуан да болған» деген сөздің қаншалықты жаны бар?
– Ол жай дақпырт сөз емес. Ораз күресті де бір адамдай меңгерді және қайсыбіреулердей әншейін арамтер болып қана қойған жоқ. Ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге де қол жеткізді. Бір қызығы, ол әскерге дейін серейген бойы болмаса өте әлжуаз болды. Әне-міне жұмысқа да ебедейсіз еді. Ал әскерден оралғанда өзіміз танымай қалдық. Қапсағайдай денесі ұзын бойына жарасқан, еңгезердей жігіт болыпты. Күреспен айналысуды да сол әскерде жүргенде бастаса керек.

ӘН САЛСАҢ, ОРАЗДАЙ САЛ ӘУЕЛЕТІП

Бір жылы облыстың барлық аудандарының басын қосқан спорт жарысы Зайсанда өтіп, Ораз күреске түсті. Өз салмағындағы бес-алты жігіттің бәрін жеңіп, финалда өзінен жасы кіші бір жігітпен белдесті. Қанша дегенмен әртістің аты әртіс қой. Ортаға шығып ап, өз-өзімен сөйлеп жүр. – О, бейшара, әліне қарамай менімен күреспекші – деп қояды. – Қазір мен сенің аяғыңды көктен келтірейін – деп қарсыласына тап береді де, ізінше жалт беріп шегініп кетеді. Күресті қызықтап тұрған ел қыран-топан. Сөйтіп, белдесуді психологиялық шабуылмен бастап, ақыры әлгіні жеңді. Сол жолы облыстың абсолютті чемпионы атанды.
…Кім біледі, егер Ораз ағамыз сол кезде білікті бапкерлердің біріне жолығып, жүйелі түрде айналысқанда күресте де үлкен биіктерді бағындырар ма еді…

P.S. Бір жылы елге демалысқа барғанымда Орекеңмен көшеде жолығып қалдық.
– Екеуіміз де осы елдің тумасымыз, алайда сен елден жырақта жүрсің ғой. Үйге жүріп, қонағым бол. Асықпай отырып әңгімелесіп, бір-біріміздің өнерімізді тамашалайық – деді амандық-саулықтан соң.
Сол жолы Орекеңе уәде берген едім. Бірақ уақыт тар болды ма, әлде дәм тартпады ма, уәдемді орындай алмадым. Бұл менің Ораз Кәкеевтей өнер жұлдызымен жүздесіп, тілдескен соңғы кездесуім еді…

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button