Нұртай Тілеужанұлы, ақын, әнші: – Атамекенге жеткенше асықтық
«Ел іші – өнер кеніші» дегендей, облысымызда өнерді жанына серік еткен жандар жетерлік. Солардың бірі – өзі ақын, өзі әнші Нұртай Тілеужанұлы. Тоқсаныншы жылдардың басында атамекенін аңсап келген азаматтың бұл күнде абыройы да, атағы да бір басына жетерлік. Төменде Нұртай Тілеужанұлымен сұхбатты оқырмандар назарына ұсынамыз.
Әкем суырыпсалма ақын еді
– Нұртай, сіздің есіміңіз Ұлан ауданына ғана емес, бүкіл өңір халқына ақын, әнші ретінде өте жақсы таныс. Өткен жылдың соңында «Ердің жасы елуге» келіп, шығармашылық кешіңізді де өткіздіңіз. Осы орайда артта қалған өмір жолыңызға бір көз жіберіп, оқырман қауымға өзіңіз туралы айтып берсеңіз деймін.
– Өскемен өңіріне есімім жақсы таныс болғанымен, менің өзім Моңғолия елінен келген қазақпын. Қалың қазақ мекендеген Баян-Өлгей аймағында туып-өстім. Әкем Тілеужан қолөнер шебері болатын. Күмістен белбеу соғатын, ер жасайтын, әрі суырыпсалма ақындығы, шешендігі де бар еді ол кісінің. Күлдіргі әңгімелері, балаларына шығарған өлеңдері мен мақал-мәтелдері әлі де Моңғолия қазақтарының аузында жүр. Жалпы, қазақ талантты халық қой. Баян-Өлгейде де тойда әу демейтін қазақ жоқ еді. Өнерге, өлеңге жақын болуымның бір себебі де осы қазақтың әуезді әні мен жырына кішкентайымнан сусындап өскендігімнен болар. Мен ғана емес, отбасымыздағы үш ұл, екі қыздың барлығы өнерге жақын болдық. Бірақ мен ұяңдау едім. Елдің алдына шығып, өнерімді көрсетуге қымсынатынмын. 16-17 жасқа келгенде қолыма домбыра алып, ішімнен өлең шумақтарын құрастыратынмын. Кеудеме төгіліп келетін сол шумақтарды сыртқа шығаруға ұялатынмын. Бәлкім, қазіргідей әдеби орта болғанда, нағыз жазғышбектің, айтқышбектің өзі болар ма едім, кім білсін. Әскери борышымды Ұланбатырдың өзінде өтедім. Әскери міндетімді өтеп, елге келгенімде, «Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алды» деген қуанышты хабар жеткен болатын.
– Иә, Қазақстан тәуелсіздігін алғанда Моңғолия қазақтары ерекше қуанған шығар…
– «Қазақстан тәуелсіздік алды» дегенде, бірінен-бірі сүйінші сұрамаған адам болмаған шығар. Тәуелсіздік алғанда Моңғолия қазақтары бөркін аспанға атып, ерекше қуанды ғой. Жүректі ерекше қуаныш кернеді. Сөйтіп, көңіліміз марқайып жүргенде Моңғолияға Қазақстаннан алғашқы делегация келіп, шеттегі қазақтарды елге шақыра бастады. Виза алу жолы жеңілдеді. Барлығымыздың жүрегімізді «атамекенге барсақ» деген бір тәтті арман әлдилейтін.
Көп ұзамай Қазақстанға жолым түсті. Күйші, жәнібектанушы ғалым Тұрымтай Мүсірбайұлы деген ағамыздың соңынан еріп, Сүйеніш Жеңісбайұлы, Болат Шаяхметов және мен Моңғолия қазақтарының өнерін дәріптеу мақсатымен алдымен Семейге, сосын Абай ауданына, ары қарай Абыралы арқылы Қарқаралыға бардық. Атом полигонының эпицентрі болған Доғолаңда да болдық. Мінгеніміз «Газ-53» жүк көлігі. Жол болса ауыр. Бірақ Қазақстан, атамекен, туған жер деген ұлы сезімдер шаршағанымызды ұмыттырып жіберетін. Абыралыдан қайтарда Өскемен жаққа да ат басын бұрып, Шымқораның Мәдениет үйінде концерт қойдық. Сол кезде Жаңабай Әшімов бастаған ел ағалары «елге келіңдер» деп бізді шақырды. Моңғолияға келген соң, ата-анама Қазақстанға көшкім келетінін айттым. Бірақ үйдегілер менің бұл шешіміме қарсы болды. «Сені жалғыз Қазақстанға жібермейміз. Ертең қаңғып қаласың. Үйленсең ғана, жібереміз» деді. Сөйтіп, маған жар болып, Қазақстанға кететін қыз іздеуге кірістім. Бірақ ешкім қыздарын Қазақстанға жібергісі келмейді, қорқады.
– Содан қыз таптыңыз ба?
– Таптым ғой. Сол Қазақстанды аралап қайтқан жылдың күзінде Моңғолияда үлкен ақындар айтысы болды. Қазақстаннан айтулы ақындар, әншілер келді. Баян Өлгейдегі Мәдениет үйінде бір апта бойы күндіз концерт, кешке айтыс болды. Халық дегеніңіз Мәдениет үйіне бір апта бойы лық толды. Өнер адамдарының арасында Айтақын Бұлғақов, Жаппарқұл, Қанат-Айткүл Құдайбергеновтер, Жанар Айжанова бар. Сол жолы Айтақын маған айтыс үстінде «үйленбейсің бе, келіннің бетін ашып кетейін» деді. Мен айтыс үстінде «өзің кеткенше, үйленемін» деп сөз бердім. Сөйтіп, аяқ астынан Қаршығаға құда түсіп, үйге әкелдім. Жаппархан, Айтақын, Қанат-Айткүл бар бәрі тізіліп тұрып, беташардың әдемі бір үлгісін көрсетті. Ол кезде тойды кафе, ресторанда жасау деген жоқ қой. Үйдің ішіндегі сол той да қызықты өтіп еді-ау.
«Ақын жігіт» деген атағым ауданға жетіпті
-Сөйтіп, үйленген соң Қазақстанға көшіңізді түзедіңіз ғой…
-1992 жылдың маусым айында Қазақстанға келсек, тамыз айында тұңғыш қызым дүниеге келді.
Мені Ұлан ауданының бұрынғы Передовой ауылына (қазіргі Айыртау) бөлді. Ұзынбұлақ деген бөлімшесі бар екен. Бір-бір ат беріп, алдымызға қойымызды салып берді.
Бір күні малдың соңында жүрсем, келіншегің босанды деген хабар алдым. Не керек, бір қойдың етін бөктеріп алып, Бозанбайға тартып отырдым. Қызымның есімін әлі қоймаған екен. «Баланың атын кім деп қоясыз?» дейді келіншегімді босандырып алған акушер қыз. Өзінің есімі Жанар екен. Жанар дегенде, есіме Жанар Айжанованың түсе кеткені. Баяғыда атамекеннен келген әнші қыз бір апта концерт қойғанда Баян-Өлгейдің барлық жігіті Жанардың әніне, өзіне естерінен тана ғашық болғаны бар. «Жанар болсын» дедім. «Менің құрметіме қойды» деп ойласа керек, әлгі акушер Жанарым да риза болып, жымың ете қалды.
Ал жаңағы Сандықтастан өңгеріп әкелген бір қойдың еті сасып кетіпті. Жаңа үйленген жас жігіт еттің жайын қайдан білсін. Бар ойым – жаңа босанған келіншегім сорпа ішсін дегенім ғой.
-Бір кезде жақсы басталған сол көш бүгінде тоқтап қалды ғой. Қазіргі уақытта Моңғолияда қанша қазақ қалды екен?
-Моңғолиядан атамекенге бет түзеген алғашқы көш Ұланбатырдан пойызбен көшкен болатын. Одан кейінгі жылдары көш қарқын алды. Оның үстіне Үкімет 2011 жылға дейін квота беріп тұрды ғой. Одан кейін көш тоқтап қалды. Сол тоқсаныншы жылдары Моңғолияда 200 мыңдай ғана қазақ болса, қазір қайтадан 150 мыңға жетті.
-Жақсы ғой…
-Өйткені ол жақта бала туу көрсеткіші өте жоғары. Бір отбасында кемінде 6-7 бала бар. 4-5 баласы барлар өте аз. Ол жақта бір-екі баласы барлар қызметтегі адамға ғана тән секілді болып тұрады.
-Кейін қойды тастап, өнерге біржола бет бұрдыңыз ғой…
-Моңғолиядан домбырамды арқалап келген болатынмын. Қой жайып жүріп бәрін өлеңге қосатынмын. Сөйтіп жүргенде «Моңғолиядан ақын жігіт келіпті» деген атағым ауданға жетіпті. Сөйтіп, ауданда басшы қызметте істейтін Қайырбану дейтін апайымыздың ұлы үйленіп, Ұзынбұлақтан мені әкеліп келіннің бетін аштырды. Сөйтіп, той болса мені алып кететін болды. Сол жылдары Күршім ауданында Барақ батырдың тойы өтіп, республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Абаш ақынмен сол кезде таныстым. Мен бас жүлде алдым.
1993 жылдың көктемінде Жаңабай Әшімов аға мені ауданға шақыртып алды. Бозанбайдан үй беріп, Мәдениет үйіне жұмысқа орналастым.
-Ол мәдениет саласында жұмыс істейтін адамдар үшін өте қиын кез еді ғой…
-Ой, өте қиын жылдар болды. Ауыл-ауылды аралап концерт қоямыз. Халықта ақша жоқ. Айлық уақытында берілмейді. Концерт көру үшін ауыл тұрғындары бос бөтелкелері мен жұмыртқаларын алып келеді. Біз оны өткізіп, автоклубқа бензин аламыз.
Сөйтіп жүргенде, 1997 жылы оңтайландыру жүргізіліп, аудандар қосылды. Мен сол кездегі Молодежное кентіне көшіп келіп, отбасыммен жатақханаға орналастым. Мұнда да әншімін. Бір шапан, бір домбырадан басқа ештеңем жоқ. Ауданға алыстан қонақтар келсе, құрақ ұшып қарсы аламыз.
1999 жылы ғой деймін Өскеменге Елбасы Н.Назарбаев келіп, мен арнау айттым. Елбасы қай жақтан келгенімді сұрады. Тағы бір ән айтып беруімді өтінді. Әйтеуір, осы еңбегімді елеп, қала басшылығы Өскеменнен пәтер берді. Ол кезде КШТ-дан ешкім үй алғысы келмейтін. Өйткені қалаға алыс, автобустар дұрыс жүрмейді. Бір-екі жыл менің де үйім қаңырап, бос тұрды.
-Сіз өнер адамы ғана емес, әрі аудандық мәслихаттың депутатысыз ғой…
-Иә, аудандық мәслихаттың үш шақырылымының депутатымын. Екі мәрте Қасым Қайсенов кентінен, бір мәрте Бозанбай ауылынан сайландым. Бос жүрген жоқпыз, ұсақ-түйек болса да, біраз мәселелерді шешуге атсалыстық деп ойлаймын. Бозанбай ауылында аурухананың құбырлары көп жылдар бойы ауыстырылмаған екен, өзім демеуші тауып, сол мәселені шештім. Көшеге жарық тартылды. Алғабасқа дейінгі 90 шақырымдық жолдың сапалы салынуына бақылау жасадық. Сондай-ақ Алғабасқа мектеп салынды.
Халыққа титтей де болсын пайдамыз тисе, мақсатымыздың орындалғаны.
-Былтыр «ердің жасы елуге толдыңыз». Шығармашылық кешіңізді неге облыс көлемінде жасамадыңыз?
-Атамекенге келгеннен кейінгі өмірім, өнерім, шығармашылығымның барлығы Ұлан ауданымен байланысты екен. Шынымды айтсам, Ұлан ауданын аттап, облыс орталығы Өскеменде өткізуге ұялдым.
-Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілеймін.
Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали