«Дидардың» қонағы

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ: -Халықтың үнін ұлыққа жеткізіп жүрміз

«Дидар» газетінің бүгінгі қонағы – «ALTAI» телеарнасының директоры, Қазақстан Журналистер одағының және Бас редакторлар клубының мүшесі, белгілі журналист Нұртас Солтанұлы.

«Бұл – саған берілген қызмет емес, мүмкіндік»

– «ALTAI» арнасы директорының балғын шағы Алтайдың қай қойнауында өтті?
– Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы «Марқакөлдің суы балдай» деп суреттелетін сұлу өңірдегі Жиделі ауылында дүниеге келдім. Сол аядай ғана ауылда ата-анам мен ұстаздарымның берген тәрбиесінің, білімінің арқасында өсіп, үлкен өмір сапарына қанат қақтым.
Журналист болуды бала күннен жоспарладыңыз ба?
– Бала арман, бала қиялдың жетегінде бәріміз де болдық қой. Өз басым журналист болуды бала күннен армандадым деп айта алмаймын. Десе де әр адамның белгілі бір салаға бейімі, ыңғайы болатыны белгілі. Мектепте гуманитарлық бағыттағы пәндерді сүйіп оқыдым.
Алғашқы журналистік жұмысымды С.Аманжолов атындағы университеттің 3-курсында оқып жүргенде қалалық «Қалкен» телеарнасынан бастадым. Бұл салаға мені жазуға деген қабілетім мен бойдағы аздаған талантым алып келді десек те болатын шығар. Әр адам өз жұмысын сүйіп істесе міндетті түрде нәтижеге жетеді. Кейін 2005 жылы, қазіргі «ALTAI», сол кезде «Қазақстан – Өскемен» деп аталатын облыстық телеарнаға жұмысқа шақырылып, біраз дүниені үйрендік. Ал 2006 жылы «Қазақстан» ұлтық телеарнасының Астана қаласындағы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясына журналист болып жұмысқа орналастым. Содан бері «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамында қызмет етіп келемін. Журналистік салада жолым болған адаммын деп айта аламын. Өйткені қасиетті қарашаңырақ – Ұлттық арнадағы мықты-мықты журналистермен, әріптестеріммен, ұстаздарыммен қанаттаса жүріп көп дүниені үйрендім. Кез келген салада озып шығуыңа ортаң көп әсер етеді екен. Талантты танытатын да, тасада қалдыратын да – ортасы.

– «ALTAI» арнасының тізгінін ұстағаныңызға бір жыл болды. Қандай тың жобалар жүзеге асып, игілікті істер атқарылды?
– Өткен жылы қыркүйек айында облыстық «ALTAI» телеарнасына «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төрайымы Ләззат Мұратқызының ұсынысымен басшы болып тағайындалдым. Ол кісі мені тағайындап тұрып: «Бұл – саған берілген қызмет емес, мүмкіндік», – деді. Сол берілген мүмкіндікті, артқан сенімді ақтауға тырысып келемін. Туған жерімде, кезінде өзім жұмыс істеген үлкен ұжымды басқару сөзсіз үлкен жауапкершілік жүктейді.
Әуелі «ALTAI» телеарнасының Қазақстанның медиа нарығында өзіндік орны бар екенін, тарихы тереңнен бастау алатынын ерекше айтқым келеді. Себебі, біз Қазақстан бойынша екінші болып эфирге шыққан телеарнамыз. Сондықтан да қалыптасқан дәстүрі мен жылдар бойы бекіген қағидасы бар «ALTAI» арнасынан шыққан белгілі журналистер қазір республикалық БАҚ-тарда табысты еңбек етіп жүр. Біздің арнада әр кезеңде әр басшы уақыт талабы мен қоғамдық жағдайға қарай өз миссиясын атқарды. Телеарнаның тізгіні маған тигелі бір жыл болды. Бұл енді аз да, көп те уақыт емес. Әлемді жайлаған індеттің кесірі біздің де жоспарларымыздың жүзеге асуына кесірін тигізді.
Мен келгенде ең әуелі көтерілген мәселе журналистердің айлығының аздығы болды. Сол себепті көптеген мықты мамандар жұмыстан кетіп жатты. Маған дейін де кеткені бар. Ойлана келе осы мәселені шешіп, орташа есеппен барлық қызметкердің айлығын 20-30 пайызға дейін өсірдік. Менің пайымдауымша, бұл күндері облыстардағы «Қазақстан» корпорациясына қарасты 14 филиалдың ішіндегі ең жоғары айлықтың бірі осы біздің «ALTAI» арнасында.

Жаңалықтар студиясын жаңарттық

Бәрекелді, енді шығармашылық жағына ойыссақ.


-Ал шығармашылық жайын айтар болсақ, бізде жалпы саны 44 бағдарлама бар. Тәулігіне 14 сағат эфирге шықсақ, соның 62 пайызы өзіміз түсірген төл өнім. Оның басым көпшілігі – қазақ тілінде. Қазіргі уақытта хабарлардың санына емес, сапасына көңіл бөлуді қолға алдық. Соның ішінде «Ашық әңгіме», «Шығыс жауһары», «Арнайы репортаж» т.б. хабарларды атап айтуға болады. Кез келген телеарнаның жүрегі – жаңалықтар қызметі. Сондықтан көрермендердің көзіне бірден түсетін жаңалықтар студиясын жаңарттық. Қазіргі «ALTAI-AQPARAT» студиясының дизайны әдемі әрі заман талабына сай. Бұл – көрермендердің және телевизия саласындағы өзге де әріптестеріміздің берген бағасы. Ол жердегі бір жаңашылдығымыз, екі диктор қатар отырып жаңалық жүргізеді. Ал жүргізушілердің артындағы мониторда Өскеменнің көрікті жерлері онлайн режимде көрсетіліп тұрады. Жалпы телеарнаның басты мақсаты – халық пен биліктің арасында алтын көпір болу. Сондықтан да ақпарат ағымын қадағалап отырамыз. Халық арасында қордаланған мәселелерді көрсетуге де тырысып жатырмыз. «ALTAI» арнасының тілшілері көтерген көптеген мәселенің оң шешіліп жатқан мысалдары жетерлік. Бір сөзбен айтқанда, біз халықтың үнін ұлыққа жеткізіп отырмыз. Қазіргі таңда әлеуметтік желінің әлеуеті артып бара жатқаны белгілі. Осыны ескеріп, тікелей эфирдегі хабарларды Фейсбук әлеуметтік желісі арқылы да онлайн режимде таратып отырмыз. Тікелей эфирге ватсап желісін қостық. Яғни, көрермендер бізге қоңырау шалып қана қоймай, аталмыш мессенджер арқылы сауалдарын жазбаша да жібере алады. Осындай заманауи коммуникациялық құралдардың арқасында біздің арнаны тамашалайтын өзге облыстағы көрермендеріміздің саны да артты.

Ұлы ақынды ұлықтаған жобалар

Абайдың 175 жылдығына орай қандай жобаларды жұртқа таныстырдыңыздар?
– Меніңше хәкім Абай барша қазаққа ортақ болғанымен, ақынның мұрасын насихаттау жолында Шығыс жұрты, оның туған жері аса белсенді болуы тиіс. Өз басым осылай деп түйсініп, былтыр телеарнаға келген бетте Абайға қатысты жобаларға ерекше мән бердім. Осылайша, «ALTAI» телеарнасы Абайдың 175 жылдығына арналған бірқатар жобаны іске асырып, ақын шығармашылығын насихаттауға ерекше атсалысты. Соның бірі – «Өлең – сөздің патшасы» деп аталатын жоба. Онда облыстық драма театрының жанынан құрылған Жастар театрының актерлары Абай өлеңдерін нақышына келтіре оқып, телеарна арқылы көрерменге ұсынды. Шамамен 30-40 өлеңді бейне таспаға түсірдік. Сонымен қатар Абайдың қара сөздеріне арналған «Ғұламадан ғибрат», ақын ғұмырнамасының белгісіз қырларын ашуға арналған «Абай жолы», «Адамзаттың Абайы» сияқты жобаларды да жүргізіп жатырмыз. Осы хабарлардың аясында Мекемтас Мырзахметов, Ғарифолла Есім, Арап Еспенбетов сынды белгілі абайтанушы-ғалымдардан, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттен және Құнанбай рөлін сомдаған атақты актер, режиссер, жерлесіміз Досқан Жолжақсынов сынды танымал тұлғалардан сұхбат алдық.
Абайдың 175 жылдығына орай шет мемлекеттерде өткен іс-шаралардың көбін көрсеттік. Әр мемлекеттегі әріптестеріміздің көмегімен түсіріп, таратқан хабарларымызды халық жылы қабылдады. Жалпы телеарнамыздағы жаңа жобалардың басым көпшілігі биыл Абайдың 175 жылдығына арналды.

Мықты әнші мықты журналист бола алмайды

Кейбір көзі ашық жеке тұлғалар мен зиялы қауым өкілдерінің телеарналарға көңілі толмай жатады. Неге?
– Бұл журналистің орнын басқалар алмастырғандықтан болар деп ойлаймын. Әншілер мен актерлардың эфирде жүргенін мен де құптамаймын. Рейтинг үшін бұл әрекетке барудың қажеті жоқ еді. Өйткені мықты әнші мықты журналист емес қой. Әр тақырыпты журналистей сараптай алмайды. Десе де бұл үрдіс қазір азайған сияқты.


Жолшыбай қосылған журналистердің (блогерлердің) қатары көбейіп кеткен сияқты. Олардың қатері бар ма?
– Олардан ешқандай қатер жоқ, керісінше блогерлер журналистерді қамшылайды. Өйткені олар батырып жазып, батыл сөйлей алады. Ақпаратты өте тез таратады. Біз бұл ағыстың алдына шығып, оларды басып озуға ұмтылуымыз керек. Ақпаратты уақтылы, шынайы әрі сараптап беруіміз қажет. Қазіргі таңда әлеуметтік желі үлкен күшке ие болып барады. Онда айтылған пікірлерге жергілікті билік құлақ түріп, тыңдайтын болды. Десе де, блогерлердің арасында да хайп қуып, белгілі бір топтың күйін күйттеп кететіндері бар. Бірақ оның ақ-қарасын халық өзі сараптай алады.
Телеарна ақпарат көшінен шығып қалуы мүмкін бе? Әлеуметтік желі ығыстырып бара жатқан сияқты.
– Жалпы қазіргі қоғамда интернеттің, әлеуметтік желілердің алар орны, көпшілікке ықпалы орасан зор. Біз телеарнаны қазіргі дәстүрлі үрдіс бойынша ұстап отырамыз десек ұтыламыз. Менің ойымша, келешекте интернет-телеарнаға қаласақ та, қаламасақ та көшеміз. Өйткені қазіргі жастардың басым көпшілігі, яғни, көрермендеріміз смартфонда отырады. Теледидарды дәстүрлі түрде нақты, ресми ақпарат іздеген жұрт, жасы үлкен адамдар және ауыл халқы ғана қарауы мүмкін. Қазіргі көрермен бізді іздемейді, керісінше, біз оларды іздеп, дайындаған өнімімізді әлеуметтік желілер мен ғаламторға салып, «онлайн» отырған ағайынның алдына апарып ұсынуымыз қажет. Сондықтан да біз, бағана айтқанымдай біраз хабарды Фейсбук әлеуметтік желісі арқылы қосымша таратуды қолға алдық. Бұдан бөлек, эфирден өткен өнімнің біразын көпшілік көрсін деп ғаламторға салып отырамыз. Қорыта келгенде, ақпарат көшінен қалмау үшін, кез келген телеарнаның ресми сайтын, әлеуметтік желідегі парақшасын және телефонға арналған мобильді қосымшасын дамыту керек.

Аймақтағы тілшілердің еңбегі ерен

Мәскеуде ақпарат майданында болдыңыз. Қазақстан мен Ресей журналистерінің арасындағы айырмашылық қандай?
– Ресейде «Қазақстан» ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі болып сегіз жыл жұмыс істеп келдім. Айырмашылық бар. Бір ғана мысал айтайын, бізде бір жаңалық түсіру үшін екі адам барса, олардың федералды каналдарының өзінде бір түсірілімге кемінде бес адам барады. Олар – дыбыс режиссері, оператордың көмекшісі, оператор, продюсер және журналист. Тіпті олардың журналистері микрофон да ұстамайды, ол – оператордың көмекшісінің міндеті. Ресейлік журналистің қызметі тек ақпарат алу, соны дұрыстап жазу. Бес адам түсірген жаңалық пен екі адам түсірген дүниенің сапасын салыстыра алмайсыз ғой. Айналып келгенде, ресейлік медианарықтың артында үлкен қаржы тұр. Оның үстіне бұл елде халық саны көп болғандықтан саннан сапа туатыны айтпаса да түсінікті. Бірақ соған қарамастан, қазақ журналистері қазір жұртқа барынша сапалы контент ұсынып отыр. Әсіресе, аймақтағы тілшілердің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Мәселен, республикалық арнадағы журналистер тек жаңалыққа немесе белгілі бір хабарға ғана жауапты болса, біздің «ALTAI» арнасындағы тілшілердің бір басында 4-5 бағдарлама мен күнделікті жаңалықтар шығарылымы бар.
Жас журналистерден қандай кемшіліктерді көп көресіз?
– Бізге және біздің жастарға ізденімпаздық жетіспейтін сияқты. Заманауи технологияларды меңгеруге деген құлшыныс жоқ. Ниеті жоқ болғандықтан білімі де болмайды. Өзге тілдерді үйренуге деген құштарлықтары аз. Қазіргі таңда ағылшын тілі алғы шепте екенін ескеруіміз керек. Ағылшын тілін білген адам жаһандық жаңалықтардан құлағдар болып отырады. Жалпы 15-20 жылдық тәжірибеңе қарамастан журналистика саласында күнделікті үйренуге мәжбүрсің. Олай болмаған жағдайда көштен қаласың.
«ALTAI» телеарнасының алдағы жоспары қандай?
– Ең басты міндет – ұжымның қалыптасқан дәстүрінің негізінде жұмысты жалғастыру. Алдағы уақытта да әлбетте бағдарламалардың сапасына мән береміз. Сонымен қатар телеарнадағы тіл тазалығын ерекше қадағаламақпыз. Мысалы, «болып табылады», «өрт оқиғасы орын алды», «үстіміздегі жыл» деген сияқты жарымжан аудармалардан келген сөздерден арылсақ дейміз. Журналистер қарабайыр емес, қарапайым жазуы керек.
Ал шығармашылық тұрғыдан бірқатар жобалар бар. Оны көрермен уақытында көре жатар. Мысалы, Шығыстың шырайлы табиғатын, киелі жерлерін көрсетуге арналған жобамыз бар. Алтайдың айрықша табиғатын жұртқа таныстырмақпыз. Алтай-Тарбағатай әндерін, күйлерін насихаттауды да жоспарлап отырмыз. Тағы да басқа, өңірдің тыныс-тіршілігіне қатысты көптеген жобалар бар. Мұның барлығын береке-бірлігі жарасқан біздің ұжым абыроймен атқарады деп ойлаймын.

– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Әңгімелескен – Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button