Спорт

Нұр-Сұлтаннан велосипедпен шығыпты

Абайдың 175 жылдығына орай Нұр-Сұлтан энтузиастары ұлы ойшылдың туған жері Жидебайға велосипедпен аттанды. Үш адам қатысқан велошеру елордадан 2 қыркүйекте бастау алыпты.

Семейге жету үшін алты күн жолда жүрген. Мұнда велосипедшілерді Қарағайлыдағы көпфункционалды «Арена» спорт кешенінің жаныңда қарсы алды. Салтанатты кездесу қала басшылығының қатысуымен өтті. Мәдениет және туризм бөлімдерінің өкілдері елорда қонақтарына естелік кәдесыйлар табыс етті.

– Біз ұлы Абайға құрмет көрсетіп, Жидебайға дейін велошеру жасауды ұйғардық. Мамандығыма келсек, мен – ағылшын тілі пәнінің оқытушысымын, велотурдың екінші қатысушысы – археолог, Ақмола облыстық мұражайының аға ғылыми қызметкері Жасұлан Үкеев, үшіншісі – журналист Дәулет Қалиасауов. Жол қиын болды, бірақ біз оны жақсы еңсердік. Кейде автокөлікпен жүргенде, біз табиғат сұлулығын көре алмаймыз. Сондықтан біз бұл жолды велосипедпен жүріп, Абайдың қасиетті жеріне осындай керемет саяхат жасауды ойластырдық, – дейді велотур қатысушысы Ернат Мелсұлы.

Семейде велосипедшілер Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ойшылдың туған жері – Жидебайға аттанып кетті.

Наргиза Омарқанова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button