Өнім сапасын арттырған шаруашылық
Бүгінде Қалбаның теріскейін қоныстанып, төскейіне төрт түлігін тоғытқан шаруашылықтар жетіп артылады. Солардың бірі – Ұлан ауданының Каменка ауылындағы «Қайрат» шаруа қожалығы. 50-ден астам ауыл тұрғынының екі қолына бір күрек ұстатқан шаруашылық бес мың гектардан астам жерге дәнді дақыл егіп, мыңнан астам асыл тұқымды сиырдан сапалы сүт өндіруді жүзеге асырған.
Жұмысын 20 жыл бұрын бастаған
Бұрынғы аудан орталығы – Таврия ауылынан түстікке қарай кесе-көлденең тартқан жолмен 30 шақырымдай жүрсеңіз, шағын ғана Каменка ауылының үстінен түсесіз. Шөбі шүйгін, көгі майса өңірдің елі төрт түлігін төскейге өрбітіп қана қоймай, жерге дән егіп отырған жайы бар. Ауыл халқы осылайша, кәсіпкер азаматтарының арқасында нәпақа тауып отыр. Осындай белді шаруашылықтардың бірі – бүгінде мал басын мыңғыртып, дәнді дақылдың түр-түрін өсіруді қолға алған «Қайрат» шаруа қожалығы. Жұмысын жиырма жыл бұрын бұрынғы «Каменское» ауыл шаруашылығы кәсіпорнының аумағында бастаған қожалық бүгінде іргелі шаруашылыққа айналған.
– Шаруа қожалығы 2000-шы жылдары шағын ғана жеке шаруашылықтан бастаған еді. Бастапқыда жұмысты жандандырып, жолға қоюдың қиын болғаны рас. Дегенмен, алған бетімізден қайтпай, мақсатымызға ұмтылудың арқасында бүгінгі жағдайға жетіп отырмыз. Бұрынғы ауыл шаруашылығы кәсіпорнының орнында құрылғанымен, барлық техникаларды сатып алуға, базалар мен мал қораларын өзіміз салуға тура келді. Жыл сайын шаруа қожалығының дамуы бағытында қандайда бір позитивті істің басын қайырып отырдық, – дейді «Қайрат» шаруа қожалығының басшысы Асват Усмаев.
Сүт сапасы азыққа байланысты
Егін егумен айналысқан шаруа қожалығы сонымен қатар мал шаруашылығын, оның ішінде сүтті бағыттағы сауын сиырлар өсіруді қолға алады. Бұл бағытта олар швейцариялық асыл тұқымды симменталь сиырларын сатып алды. 2014 жылы шаруашылық Каменка ауылының маңында тауарлы-сүт фермасын салып, өңірдегі сүт зауыттарына шикізат тапсыруды бастап кетеді.
– Қазірі уақытта 400-ден астам асыл тұқымды сиырды сауып отырмыз. Дегенмен, біз әлі де асыл тұқымды малдың әлеуетін толық пайдаланып отырмыз деуге келмейді. Бүгінгі таңда біз мал-азықтық базаны ұлғайтып, оның сапасын жақсартуға көбірек көңіл бөле бастадық. Өйткені сүт сапалы болуы үшін мал азығы да сапалы болуы қажет. Сол себепті жыл сайын осы салаға жаңа бір технологияны енгізіп отырамыз, – дейді Асват Усмаев.
Әзірге бір сиырдан жыл көлемінде сауылатын сүт мөлшерін бес мың литрге жеткізген шаруашылық мұнымен тоқтап қалмайтын сыңайлы. Ендігі мақсат – сауын сиырлардың әр басынан алынатын сүттің жылдық мөлшерін 6-7 мың литрге жеткізу. Қазіргі уақытта облыс орталығын сапалы сүтпен қамтамасыз етуге үлес қосып отырған шаруашылық бұл бағытта өңірдегі ірі сүт өңдейтін кәсіпорын «Восток молоко» зауытымен келісімге келген.
Сауылатын малға ыңғайлы болу үшін сауын цехтарын жаздық және қыстық етіп ұйымдастырған шаруа қожалығы заманауи сауын аппараттарын орнатып, барлық жұмысты автоматтандырғанымен, жұмысшылар санын қысқартуға асыққан емес.
Жасалатын жеңілдіктер ұлғайып келеді
Ауыл тұрғындарына жұмыс беріп, нәпақа табуға жағдай жасаған бұл шаруашылық мемлекет тарапынан жасалатын жақсылыққа да арқа сүйеуді ұмытқан жоқ.
– Жалпы, шаруа қожалығын құрған уақыттан бері біз мемлекет тарапынан қандайда бір көмек алып келеміз. Соңғы жылдары субсидиялауға, салық жеңілдігіне қатысты жасалатын жеңілдіктер ұлғайып келе жатқаны да шындық. Ел Президенті биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін айтты. Демек бұл осы салаға бұдан былай көбірек көңіл бөлінеді деген сөз. Сондай-ақ Президент елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін жеті ірі экожүйе қалыптастыруға болатынын да атап өтті. Бұл біз үшін үлкен қуаныш екені рас. Бұл ретте біздің шаруа қожалығы қазірдің өзінде өзіндік бағыт қалыптастыра білді, – дейді Асват Усмаев.
50-ден астам каменкалықтың екі қолына бір күрек ұстатқан «Қайрат» шаруа қожалығы ауылдастарын маусымдық жұмыспен қамтып қана қоймай, сондай-ақ қыс маусымында да оларға қаражат табу мүмкіндігін беріп отыр. Мал азығын өз базасында дайындамай мал шаруашылығын дамытудың мүмкін еместігін алға тартқан Асват қазіргі уақытта шаруашылыққа қатысты 5 мың гектар егіс алқабында дәнді дақылдың бірнеше түрін өсіріп отырғанын тілге тиек етті.
– Дәнді дақылдардың басым бөлігін біз өзімізге мал азықтық базаны жасақтау үшін өсіреміз. Ол үшін техникаларымыз да жеткілікті. Жыл сайын жер өңдеу саласына озық технологияларды енгізуге күш салып отырамыз. Қожалықтың егіс алқаптары орналасқан аумақ бал бонитет және климаттық жағдайы бойынша тәуекелділігі басым аймаққа жатады. Осыған қарамастан, осы маңдағы барлық шаруашылықтар жыл сайынғы түсетін егіс түсімін молайтып отыруға тырысамыз. Ол үшін топырақ құрамын зерттеп, арнайы зертханаларда талдау жасатамыз. Түрлі минералды тыңайтқыштарды, гербицидтерді қолданамыз, – дейді Асват Усмаев.
Техниканы жаңартып отырады
Қарақұмық, бидай, күнбағыс, жүгері, судан шөбін өсіруді қолға алған олар жүгері мен сұлыдан сүрлем жауып сауылатын сүт мөлшерін көбейтуге күш салуда. Ал қалған дақылдар өзге өңірлер мен көрші Қытайға экспортталады. Мемлекет тарапынан тұқымдық материалға, гербицидтер мен минералды тыңайтқыштарға, сауылған сиыр сүтіне субсидия алып отырған қожалық басшысы бұл салаға мұндай көмек көрсетілмесе, шаруаның өз қаржысы жете қоймайтынын айтады. Жыл сайын техникалық базаны жаңартып отырған шаруашылықтағы техника саны бүгінде қырықтан асып жығылады.
– Жыл сайын техникаларымызды жаңартып отыруға тырысамыз. Өткен жылы ғана «Acros» комбайнын сатып алдық. Биыл «Дон-680» комбайнын алдық. Келесі жылы тағы бір «Acros» комбайнын сатып алуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, мал азықтық базаны дайындауды жеңілдетеміз. Қазіргі уақытта шаруашылығымызда 1200 бас ірі қара бар. 800 бас аналық ірі қараның 400-ін сауып отырмыз. Қалған 400-і – өсіп келе жатқан тайыншалар. Еркек ірі қара малын жеке жайып, бордақылап, тірі салмақта еліміздің оңтүстік өңірлеріне өткіземіз, – дейді Асват Усмаев.
Қайырымдылықтан қалыс қалған емес
Қожалықтың іргетасы қаланғаннан бері әлеуметтік бағытты ұмыт қалдырмауға тырысқан шаруашылық ауылдастарына түрлі қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып келеді. Қыс мезгілінде ауыл ішіндегі көшелерді қардан тазартып, қыстақтарға тартқан қара жолдарға қиыршық тас төгеді. Түрлі әлеуметтік мекемелерге көмек көрсетуді дәстүрге айналдырған азамат қоластындағы жұмысшылардың баспаналы болуына жағдай жасап отырады.
– Өз жұмысымызбен қатар әлеуметтік бағытты да қатар алып жүруді мақсат етеміз. Ауылдың, ауылдық округтің шешімін таппай келе жатқан мәселелеріне үнемі көмек көрсетіп отырамыз. Аудандық деңгейде ұйымдастырылған іс-шаралардан да қалыс қалмауға тырысамыз. Жақында өзімізде жұмыс істейтін көпбалалы азаматтың отбасына баспана сатып әпердік, – дейді Асват Усмаев.
Қожалықта тек шаруашылықтағы төрт түлікке ғана емес, сонымен қатар жұмысшылардың жеке шаруашылықтарындағы малға да берілетін жемшөп қатар дайындалады. Әр отбасына қыстың қамы ретінде отын дайындауға көмектесіп, көмірін түсіріп береді.
Азамат Темірбеков
Ұлан ауданы.