1955 жылдың маусым айы. Үрімжідегі Шыңжаң университетінің бас оқу корпусында «Іле-Қазақ Автономиялы облысының әншісі Дәнеш Рақышевпен кездесу болады» – деген хабарландыру ілінді.
Кешке Үрімжідегі жоғары оқу орындарының студенттері мен тыңдаушылары, Ұланбайдағы төртінші ұлттық атты әскери полктің офицерлері мен жергілікті ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері көп жиналды. Сахна төріне шыққан қаршығадай ғана жас жігіт домбырасын күмбірлете қағып, жұмсақ та әуезді, мақпал дауысымен жұртты сүйсінте ән шырқап, ризалыққа бөледі. Әсеттің елге танымал әндерімен қоса өзінің «Шалқы Сайрам» әнін, «Салкүрең» күйін тартып және бірқатар қазақ әндерін орындады. Өнер сүйер қауымның әсем үнді әншіге деген ілтипаты бір сәт бәсеңдемей, оны сахнадан жібермеді…
Бұл менің қазақ даласын әсем әнімен әлдилей білген ұлтымыздың біртуар өнерпазы Дәнеш Рақышевті алғаш көруім болатын. Ол кейін де үлкен сахналардан жиі көрініп, Қазақ Автономиялы облысының ән-күй тобы құрамында Шыңжаң қазақтарының жарық жұлдызы болып, өлмес өнер көгінде қаршығадай қалықтады.
…1944 жылы Іленің Нылқы ауданынан бастау алған Қытай отаршылығына қарсы ұлт-азаттық көтеріліс тез қанат жайып, үш аймақ төңкерісіне ( Алтай, Іле, Тарбағатай) айналды. Оның ақыры азат шығыс Түркістан тәуелсіз мемлекетінің шаңырағын көтеруге жол ашты. Соған орай халықтардың ғылым мен мәдениетті дамытуына игі мүмкіндіктер туып, мектептерде Қазақстанда басылған оқулықтар пайдаланылып, қазақша газет-журналдар шыға бастады. Қазақ әндері радиодан кеңінен шырқалып, көркемөнерпаздар үйірмелері құрылып, халыққа рухани нәр сыйлады.
Сол тұста әйгілі Әсет Найманбаев әуелі Тарбағатайда, Төртуылдың үкірдайы Демежан ауылында болып, кейін Қызай елінде өмір сүреді. Дәнеш те әншілік өнеріне осында шабыт алады. Құлжа қаласында өнерпаз жастар ұйымы құрылып, бірте-бірте ұлттық театр дәрежесіне көтеріле бастағанда, ауылда жүрген Дәнеш арнайы шақыртумен сол аталған өнер ұжымына келеді. Талап биіктеп, талғам арта түскесін, ендігі жерде үлкен сахналардан өнерге деген ынта-ықыласы өзгеше көрермен алдында шабыттана ән шырқайды. Әсеттің алдынан ән үйренген Қадырхан, Мәметтердің аузынан Әсеттің «Хикмет», «Mақпал», «Қоңырқаз», «Ардақ», «Қоштасу» әндерін жадында сақтап, өнердегі жан серігіне айналдыра біледі.
Осылайша таланты көпке ерте танымал болған Дәнеш Рақышев 1950 жылы Құлжа қаласындағы ұлттық театрды басқарады. 1954 жылы Іле, Алтай, Тарбағатай аймағындағы қазақтарды негіз етіп, Қытай өзінің ұлттық саясаты бойынша Іле – Қазақ Автономиялы облысын құрғанда, қазақ атаулының қуанышында шек болмады. Сол тойда Дәнеш басқарған ұлттық театр ұжымы «Ер Тарғын» операсын сахнаға шығарады. Бұл Дәнеш өміріндегі композиторлық, сазгерлік жолының басталуы болатын. Ел құрметіне бөленген «Мақтанышты елім бар», «Шалқы Сайрам» әндері мен «Сaлкүрең» күйі Дәнештің алғашқы туындылары.
1957 жылы Дәнеш сауықшыл Алтай аймағының орталығы Сарысүмбе қаласында бірнеше күн өнер көрсетеді. Осы сапарында әншіге өзі де өнерлі әрі сымбатты Махфуа атты қыз гүл ұсынады. Дәнеш те онымен қимай қоштасып, «Қалқаш, қалқа, қалқашым» – деген сөз тіркесі жүрегінде кете барады. Ақыры сапар үстінде ән шығады шымырлап. Әннің аты «Қалқаш» атанады. Біз бірге өмір өткізген Қытайда Дәнештің «Салкүреңі» радиохабардың беташары болып тыңдарманды ұлттық сезім, соны серпіліске бөлесе, «Қалқаш» әні жас жүректің ынтызарлық қимастығын паш етті. Дәнештің жалындай жарқылдап, сынаптай толқып өрлеп бара жатқан ірі таланты Шыңжандағы аз санды ұлт зиялыларына төнген саяси жаладан аман қалмады. 1957-1958 жылдары Қытайда жүргізілген «Барлық гүлдер ашылсын, тіл біткен сайрасын!» – деген жымысқы саясат Шыңжандағы желкілдеп өсіп келе жатқан аз санды ұлт зиялыларына Қазақстандағы 1937 жылдағы қуғын-сүргіннен асып түспесе, еш кем емес қасірет, зобалаң әкелді.
Дәнештің ұлттық мәндегі, халықтық сарынға толы шығармалары – өлең, ән-күйлері бұрмаланып, «ұлтшыл», «оңшыл», «көнені жақтаушы» деп жала жабылып, қылмыскер саналды. Сөйтіп, қайран дарынның тауы шағылып, жазықсыз жазаланды. Әйтеуір, «Темір қақпаннан» ебін тауып шығудың сәті түсіп, 1959 жылы Қазақстанға келеді.
Дәнеш мұнда да туған халқының әні боп төгілді, гүлі боп егілді. Еңбек жолын Жетісудағы Талды ауылынан бастаған әнші таланты мұнда да талайды тәнті етеді. Міне, осында жер жәннаты Жетісу, мәуелі бақтар шабыт беріп, әйгілі «Саясында алманың» әнін өмірге әкелді.
1960 жылы күзде Алматыда ақындар айтысы өтеді. Бұл жыр сайысы бәсекесіне ақындармен қоса әншілер де шақырылады. Ал Дәнешті арнайы алдыртады. Айтыс арасында Дәнеш «Саясында алманың» әнін шырқайды. Залда үнсіз тыныштық, сырлы әуез, сиқырлы иірім жүректі тербейді. Елдің қошеметінде шек болмайды. Үзіліс жарияланғанда Дәнешке бір жігіт келіп:
– Сізді Мұхтар Әуезов шақырып жатыр, – дейді.
Келсе, ұлы тұлғаның қасында Ғабит Мүсірепов бар екен.
– Домбыра шертісің де, әнің де келісті екен, – дейді Мұхаң бірден сөз бастап.
– Әніңді түсіндім, сен композиторсың. Алматыға кел. Ел қолпаштады деп бүлінбей жүр. Жақында өзім емделу үшін Мәскеуге барып қайтам. Кейін маған жолық…
Амал қанша, өнердегі бақытына қарсы болғандай, Дәнеш М.Әуезовпен кезіге алмайды. 1961 жылы Мұхаң Мәскеудегі операциядан оралмады… Алайда, ұлы дананың өзін бағалап, айтқан ақылы өмірінің соңғы кезіне дейін ойында кетті, жадында жаңғырумен болды.
Дәнеш Алматыда Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев сынды әйгілі әншілерден ақыл-кеңес, тәлім-тәрбие алады. Қазақстанда сирек орындалатын 80-нен астам халық әнін таспаға жаздырып, Ғылым академиясының музыкалық қорына тапсырады. Соның ішінде туысқан қырғыз халқының «Ой, бұлбұл», «Ақмаңдай келін» әндері де бар.
Дәнеш Рақышев 1960 жылдан 1972 жылға дейін Талдықорған облысындағы Панфилов аудандық мәдениет бөлімінде, кейін Үшаралда халық театрының негізін қалап, 30- дан артық драмалық шығарма, спектакльдерді сахнаға шығарып, бірнеше рет облыстық, республикалық байқаудың жүлдегері атанады.
1984 жылы «Өнер» баспасынан Дәнештің «Мaқтаншым – елім» атты әндер жинағы жарық көрді. Жалпы, тұлпар текті талант Дәнеш Рақышев – қазақ тарихындағы тарлан тұлғалы әншілердің төрінен орын алған дара дарын. Өміршең өнер иесіне 1976 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 1986 жылы Қазақстанның халық әртісі құрметті атағы берілді. Дәкең өз өмірінде қазақ елін, оның ұлағатты ұрпағын әнмен сусындату жолында барынша еңбектенді. Талдықорған педагогикалық институтында ән-күйден өнерлі студенттер тәрбиеледі.
1984 жылы күз айларында Дәнеш Нарынқол ауданында өнер сапарында жүріп, Мұқағалидың туып-өскен ортасын көреді. Әсерінен «Аққулар, қош болыңдар» деген өлеңіне ән шығарады. Кейін Мұқағалидың «Наурыз», «Сағыныш», «Аяулы менің Аралым» т.б өлеңдеріне де әндер жазды. 1985 жылы күзде Дәнеш Шұбартауға өнер сапарымен келіп, «Санаулы менің сағатым» әнін шығарады. Ал 1989 жылы күзде Шұбартауға келгенінде бұл әнді Санақ Әбеуовке үйретеді.
Ұлы Тәңір тауы мен Алатудың арасын жалғастырған алтын арқау – ән желісі дүниежүзі қазақтарына Дәнеш арқылы әйгілі. Оның қоңыр дауысы, орындау шеберлігі, үн асқақтығы елінің жүрегінде ұялап қалды. Дәнеш 1992 жылы 17 шілдеде өмірден өтті. Қабірінің басына сәулетті ескерткіш қойылды.
Біздің бүгінгі әншілеріміздің ішінде Дәнештің әндерін Қазақстанның еңбек сіңірген әншісі әрі біртуар сазгер марқұм Тұрсынғазы Рахимов жастарға насихаттап келген еді. Ал Дәнеш Рақышевтың ән өнерін арнайы түрде үйретіп, халқымыздың рухани мұрасына айландыру музыкалық оқу орындарында жалғасын тапса құба-құп болар еді.
Бұрынғыға мұрагер, бүгінгіге бұйдагер өнер ұстаздары барда Дәнеш Рақышевтың ән әлемі мәңгі жасарына сенім кәміл.
Мұхаметқазы Мұхамадиұлы,
этнограф-тарихшы, доцент.
Семей.