«Дидардың» қонағы

Нәбиолда КЕМЕШОВ, мәдениет қайраткері, ақын, сазгер: -Баян ойнап, бағым жанды…

Қазақстанның мәдениет қайраткері, Күршім ауданының Құрметті азаматы Нәбиолда Кемешовпен кездесіп, өткен өмірінен сыр тарттық.  Орда бұзар жасынан бастап отыз жылдан астам уақыт мәдениет саласында қызмет еткен тұлға өз өмір жолын баяндап, бізбен ой бөліскен еді.

Нәбиолда Салихұлы Кемешов 1949 жылы бұрынғы Марқакөл ауданының Жалаңаш деген жерінде дүниеге келген. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. ТМД-ның үздік адамдар кітабына енген. Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Қазақ-Америка еркін университетінің құрметті профессоры.

 

Шетелге де шығып тұрдық

  • Өнерге бала күніңізден жақын болдыңыз ба?

– Біз домбыраның қоңыр үнін құлаққа сіңіріп өстік. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Шешеміз аздап домбыра шертетін еді. Музыка өнеріне деген құмарлық, аспап ойнауға деген әуестік анамыз шерткен домбырадан бастау алды деуге болады.

Мен Жалаңаш деген жерде дүниеге келдім. Ал балалық бал дәурен шағым Ақбұлақ ауылында өтті. Сол кезде кешкісін барлық баланың басын домбыра мен баянның үні қосатын еді. Ол заманның балалары да бір-біріне үйірсек болатын. Бойында өнердің жылты бар әр баланың өрісін ашып, бір-бірін көтермелеп жүретін. Сол ауыл балаларының қатарында мен де баян аспабын ойнап үйрендім. Біздің мектепте бір ғана баян бар еді. Сол жалғыз баянның арқасында барлығымыз баян үйреніп шықтық.

  • Қай аспапта ойнап халыққа танылдыңыз?

– Жалпы, мен халыққа әр қырымнан танылдым. Көбінде ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілетіммен елге танылдым деуге болатын шығар. Ал аспап тұрғысынан келер болсақ, баян деуге болады. Бала кезден серігім болған баян жоғары білім алуыма да себепкер болды.

Мектеп бітірген соң бірден жоғары оқу орнына түсіп, білім алуға мүмкіндік болмады. Ауылда жұмыс істеп жүргенде аудандық мәдениет бөлімінің нұсқауымен Алматыға аттандым. Алматыда өнер студиясы ашылыпты. Сол жерде абыз образын сомдап, Серке Қожамқұловтың көңілінен шығып, оқуға түстім. Содан ауылға хабарласып қуанышты жаңалығымды әкеме жеткізіп едім, «жалғыз актер ауылда не бітіре алады, қайтқаның жөн болар» деді. Ол кезде ауылда театр да жоқ еді. Өзім де қалада қалғым келмеген еді. Содан Алматыдан қайтып Өскеменге келсем, Өскемен педагогикалық институтына балаларды оқуға қабылдап жатыр екен. Сол жерге барып музыка факультетіне оқуға түсіп жатқан таныс балаларға баян тартып беріп, көмектесіп жүргенімде комиссия құрамындағы адамдар мені шақырды.

– Қайдан оқу бітіргенсің? – деп сұрады.

Мен оқу бітірмегенімді, Алматыдан түскен оқуымды тастап қайтып келе жатқанымды айттым. Олар маған осында оқы деген ұсыныс айтты. Сол жерде ойланбастан оқуға түсіп кеттім. Сөйтіп, баян тартып бағым жанып, жолым ашылды. Музыка факультетінің баян тобының студенті болып шыға келдім.

– Алматыны тастап келгендегі арманыңыз орындалып, ауылға қызмет ете алдыңыз ба?

– Мен көздеген мақсатыма жеттім-ау деп ойлаймын. Өскеменде оқуда жүріп те жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Студент болып жүріп, мектеп оқушыларына ән сабағынан бердім. Ауылға келгеннен кейін 1983 жылдан бастап 32 жыл аудандық мәдениет бөлімін басқардым. Мен келгенде ауданда үш халықтық театр бар болатын, соны жетеуге жеткіздік. Ол – менің ғана еңбегім емес, сондағы әріптестердің арқасында жеткен жетістік, әрине. Шекара шебінде жатқан ауыл үшін бұл ауыз толтырып айтарлықтай дүние еді. «Ақтолқын» ән-би ансамблі, «Марқакөл» халықтық драма театры, халықтық ұлт-аспаптар ансамблі, халықтық хор, халықтық балалар би ансамблі, «Сәуле» халықтық үгіт-насихат театры, «Ысқақ» халықтық театры сияқты өнер ошақтары болды. Біз сол кезде Абайдың, Мұқағалидың поэзиясынан сахналық қойылым жасайтын едік. Шығыста бірінші рет «Поэзия» театрын аштық. Ол кезде Марқакөлдің артистері барған жерде инешаншар орын болмайтын. Қаладағы қазіргі Ертіс-концерттің өзін бірнеше рет толтыратынбыз

Ең бір үлкен жетістігіміз Германияда өткен Қазақстанның онкүндігіне барып қайттық. Ауылдың артистері сол жолы еліміздің ең беделді өнерпаздарымен қатар тұрып өнер көрсетті. Одан кейін Болгарияға бардық. Осылайша, шекара шебінде жатқан ауыл артистері өнерінің арқасында шетелге шығып тұрды. Бұның бәрі – өнерге тұрақты қолдау көрсетіп тұрғанның арқасында жеткен жетістік.

 

Кітапты өз ұрпағым үшін жазамын

 – Сол кездегі өнерлі ауылдың қазіргі жағдайы қалай?

– Қазір кез келген ауылда жарқыраған Мәдениет үйі бар. Сыртын көріп қуанасың, ішін көріп жұбанасың, өйткені ішінде инструмент жоқ. Кейбір клубтарда баян мен домбыра жоқ. Аспап жоқ болғандықтан оны шертетін адамдар да болмайтыны анық. Мысалы, ауылдың Мәдениет үйіне ауданда ұсталған аппаратураны береді. Оның жөнді жұмыс істемесі анық. Ал Марқакөлде Мәдениет үйі сол баяғы біздің тұсымыздағы дүниемен тұр. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатқан тәрізді.

– Ауылдан шығар өнерлі жастар азайып бара жатқан сияқты?

– Кезінде Марқакөлде  екі жүз жетпістей адам мәдениет саласында қызмет істеді. Барлығы он жеті автоклуб шопандарға қызмет көрсетті. Отыз екі кітапхана, алты мәдениет үйі, жиырма төрт клуб болды. Он бір қызыл отауы болған. Кейін аудан тарап, бәрі талан-таражға түсті. Осының бәрін өзіміз құрдық, өзіміз құрттық. Егер осындай мәдениет ошақтары әлі де көп болса, өнерлі жастар да көп болар еді ғой. Бұрын ауылдың тойында домбыраны жалғап жібергенде, отыз кісі отырса, отызы да домбыра шертіп, ән салатын.

– Ал қазір?

– Қазір домбыраны қолына ұстап көрмегендер бар, өйткені заман да өзгерді, адам да өзгерді. Жанды жегідей жеген жаһанданау үрдісі келді. Өнерге құлақ түруге құлықсыздар көбейді. Аспаптың бағасы қымбат болғандықтан әр үйдің төрінде домбыра мен баяғыдай баян да жоқ.

Негізі, Мәдениет үйінде үнемі репертуар өзгеріп отыру керек. Әртүрлі тақырыптағы әдеби-сазды кештер өтіп тұру керек. Мысалы, сол кезде «Көршілер» деген кеш өткізсек, «Көршілер» деген ән жазатынбыз. «Жаныңда жүр жақсы адам» деген де кеш өткіздік. Оған да арнап ән жаздық. Былайша айтқанда, үнемі ізденіс үстінде болдық. Қазіргі жастарда өзгеріс пен ізденіс аз секілді. Өнер жоқ жерде өнерлі ұрпақтың болмасы түсінікті шығар.

– Сазгерлік өнеріңіз де бар ма?

– Мен сазгер ретінде халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреатымын. Оған өзім қатысқам жоқ, әнім қатысыпты. Әнімнің арқасында лауреат атағын алғаным бар. Жүз елуге жуық ән жаздым. Ал облыс әкімінің де сыйлығын осы сазгерлігімнің, аздап ақындығымның арқасында алғам.

– Әке тақырыбында бірқанша кітап жазып тастапсыз. Қандай мақасатты көздедіңіз?

– Мен кітапты өз оқырманым үшін жазамын. Өз ұрпағым үшін жазамын. Соңғы екі-үш кітабым әке тақырыбында болды. Оның себебі қоғамдағы әке рөлін ұрпаққа жеткізу еді. Қазіргі көшеге шығып, ұрандап жүрген ұрпақ – өтпелі кезеңде дүниеге келген балалар. Қазақ әйелдерінің ала дорба арқалап кеткен кезінде туған немесе соны көріп өскен балалар. Олар біздің әкелеріміздің көрген қиыншылығын біле бермейді. Тәуелсіздіктің тәтті дәмін татқан ұрпақ ащы дәмін сезген жоқ. Біздің әкелеріміз қиын сәттерді бастан кешірді. Оны көрмеген қазіргі жастар еркіндіктің қадірін ұға бермейді. Міне, осы ұрпаққа, өз ұрпағыма әке рөлін, әке тұлғасын жеткізу мақсатында бірнеше кітап жаздым.

– Өз ата-анаңыздың өмірін көріп, осындай ой түйдіңіз бе?

– Солай деуге де болады. Менің анам да, әкем де шаруа адамдары болды. Әкем ауылдың ұстасы еді. Бүкіл ауыл тұрғындарының жылқысына керек таға-шегесін, керек болса көсеуін де сол кісі жасайтын. Өйткені «Шебердің қолы ортақ» деген ұғым бар ғой. Ал менің анамның ақ тоқашы сол кезде, былайша айтқанда, брендке айналған еді. Интернатта тұратын бүкіл туыс пен таныстың баласы біздің үйде жүретін. Анамыздың қолы ашық кісі еді. Береке мен бірлікті, кеңдікті, адамгершілкті ата-анамыздан көріп, бойға сіңіріп өстік.

Өткен күнге өкпе, өнер жолыңызда өкініш бар ма?

– Көрген бейнеттің қызығын зейнетке шығып көріп отырмыз. Заманымызға сай халыққа қызмет етіп, ел қатарлы абыройға бөлендік. Өнерліге өріс ашып, өнерімізді жұртпен бөлістік. Соның арқасында мәдениет қайраткері, тағы да басқа атақтардың иегері атандым. Жалпы, өткен күнге өкпе, өнер жолыма өкініш жоқ.

 Сұхбаттасқан – Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button