Тылсым дүние

Қасиетті бастаудың қасіреті

Қасиетті бастаудың қасіреті

Алғаш тәуелсіздік алған жылдары еліміздің түкпір-түкпірінде заманында ел қорғаны болған хандар мен батырларға, от ауызды ақын-жыршыларға арнап, ас беру жиі-жиі ұйымдастырылып жатты. Сол кездегі Жезқазған облысы алаш арыстарының бірі – Сәкен Сейфуллинге арнап, ас беретіндіктерін хабарлап, ақындар айтысына шақырды.
Қазақта айтыс өнеріне, ақындарға құрметпен қарайтын азаматтар қай кезде де болған ғой. Арқа өңіріне мырзалығымен аты шыққан сондай ақынжанды азаматтардың бірі Талапхан бұған дейін де сапарлас болып жүретін. Осы жолы да бірге баратын болды. Жолға жүргізушісі үшеуіміз шықтық. Жол ұзақ болғанымен, астымызда шетелдің жүрдек көлігі.
Содан айтулы асқа да қатысып, өнерімізге сай жүлдемізді де алдық. Қайтар жолда ауқаттанып алмақ оймен әлдебір таудың бөктерінен шығып жатқан бұлақтың басына тоқтадық. Шағындау болса да, тау бөктерінің шатқалданып келген тұсынан бұлқына шығып жатқан бастаудың айналасы кілем төсеп тастағандай көкорай шалғынды, тал-тоғайлы, көрген адам жата қалып, аунағысы келетіндей аса бір жердің көркемі екен. Бастау суының әлдебір қасиеті болса керек, маңындағы тал-терекке келімді-кетімді жұрт ақтықты да аямай-ақ байлаған екен. Әлгі жерде жаңаарқалық азаматтардың «Жолдарыңа азық болады» деп салып берген қоржындарын ашып, шәй-пәйімізді ішіп, астан көрген-білген әңгімемізді айтып дегендей, бірер сағаттай аялдадық. Жүрер кезде арнайы ақтық шүберегіміз болмағасын, қол орамалымызды айырып жіберіп, қасиетті бастауға біз де ризашылық ырымын жасадық. Тәкеңнің жүргізушісі қазақшаға судай болса да, ұлты не орыс емес, не қазақ емес, бойында жартылай тау халқының қаны бар, мінезі жайсаң, әңгімешіл жігіт болатын. Біз былайырақ шығып, біраз сейілдеп келсек, әлгі жігіт дастарқанды жиып болып, бастауға аяғын жуып отыр екен.
Көрген бетте екеуміз бірдей:
– Өй, есің дұрыс па? Әлгінде ғана су ішкен бастауыңа аяғыңды жуғаның не? – деп дүрсе қоя бердік.
Ол болса сасатын емес.
– Ағып жатқан су емес пе, мына жер отырғанға ыңғайлы екен, жолдың алдында шамалы салқындап алайын деп едім, – деп енді оң аяғын жууға ыңғайлана берді.
Мұны көрген біз «қой-қойдың» астына алып, со бойда оң аяғын жуғызбай қойдық.
Сол сапардан оралғасын арада біраз уақыт өткенде Тәкең телефон шалып:
– Секе! Әлгі шопырымның сол аяғы тізесіне дейін күп болып, ісіп кетіпті. Дәрігерлер ісік қайтпаса, аяқты тізеден төмен кесеміз деп жатқан көрінеді, – деді.
Ауруханаға барсақ, Эльхас шалқадан түсіп жатыр, қолда балдақ. Хал сұрасқасын, сонау тамыздағы сапарды еске алып, бастау басындағы өзінің өрескел қылығына өкінішін білдірді. Абырой болғанда, аяғы кесілуден аман қалды, әйтеуір. Бірақ осы күнге дейін сылтып басады. Арагідік күп болып, ісіп кететін көрінеді.
«Сорбұлақтың басына, сорға бола қонды әкем» – демекші, кейде осы оқиға ойыма оралғанда, «Сол жолы қасиетті бастаудың басына тоқтамасақ, Эльхастың аяғына да ештеңе болмас па еді» деп ойлаймын.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button