Тарих

Музей – өңір тарихының қоймасы

Бір кездері аузы дуалы оқымысты, Ресейдің әлемге танымал Е.Тарле деген академигі «Тарихсыз мемлекет жоқ» деген екен. Дөп айтқан. Ал енді сол тарихты жасайтын – тұғыры биік жекелеген тұлғалар, түрлі деңгейдегі ұжымдардың әр заманда атқарған еңбектері, өрелі істері екендігі де дау тудырмасы анық. Бұл орайда, тарихты жасауға әр қоғамда, әр өңірде белсене атсалысып, «өмірдің айнасы, өңірдің шежіресі» аталып, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып келе жатқан баспасөздің рөлі ерекше.

Жалпы, қазақ журналистикасы тарихында игерілмей, ғылыми ой елегінен өткізілмей келе жатқан тақырып аз емес. Соның бір парасы – баспасөзге, оның ішінде жергілікті басылымдар тарихына қатысты іздеу, табу, саралау, жүйелеу, тұжырымдау және табылған жаңалықты жариялау, ғылыми айналымға түсіру жұмыстары. Қазақ баспасөзінің дамуына елеулі үлес қосқан Шығыс өңірі баспасөзінің жан-жақты зерттелуі жалпы ұлттық баспасөз тарихының жаңа беттерін парақтап, өткеніміздің бар-жоғын сараптап, журналистиканың даму бағыттарын бүгінгі күннің көзқарасымен зерделеу үшін де аса қажет.

Міне, осындай мақсаттарды өзіме бағдаршам етіп алып, кейін ғылыми диссертацияға ұласқан  өзіміздің «Дидар» газетінің тарихын зерттеуді 2003 жылы бастаған едім. Ең алғашқы «олжам» – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатына барған бір сапарымда бүгінгі «Дидар» газетінің төлбасы болып табылатын, 1931 жылы Риддерде шыға бастаған «Жұмысшы» газетінің тұңғыш редакторы, сталиндік қуғын-сүргін құрбаны болып, 1938 жылы атылып кеткен  Мақсұт Тайшыбаевтың ақталу қағазының Алматыда тұратын қызы Роза Мақсұтқызы Тайшыбаева – Сужиковаға жіберілгені жайлы анықтаманы тауып алдым… Содан әупіріммен ол кісінің адресін тауып, алдымен телефон арқылы хабарласып, сәті келген бір күні Кенді Алтайдан Алматыға арнайы барып, Роза апайға жолықтым. Ол кісі маған бүгінгі күні «Дидардың» музейінде тұрған әкесінің шығармалары енген екі кітапты, Семей облыстық «Екпінді» газетінің тілшісі болған қызметтік куәлігін және М.Тайшыбаевтың түрмедегі соңғы суретін берді.

Лениногордың және облыстық архивтен осы уақытқа дейін облыстық газетке басшылық жасаған он редактордың аты-жөндерін анықтап, осында бар деректерді жинастырдым, бірақ өте мардымсыз және алпысыншы жылдарға дейін істеген редакторлардың ешқайсыларының суреттері болмай шықты.

М Тайшыбаевтан кейін «Жұмысшыда» редактор болған, Коммунистік журналистика институтының тұңғыш түлегі Төленді Баймұратовты білетіндер бар ма деп «Оңтүстік Қазақстан» және Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетіне арнайы хат жаздым. Олар ол хатты өз газеттерінде жариялағанын хабарлаған-ды. Жауап та кешіккен жоқ. Тараздан ең алдымен Төлендінің үлкен ұлы Әнуар мен туысы Әділден қуанышқа толы телефон шалынып, артынан қоржын толы хат келді редакцияға. Одан соң Төкеңнің жерлесі, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, танымал қаламгер Берік Шахановтан өте құнды суреттері бар хат келді. Мұндай «олжа» бұдан былайғы ізденістеріме қанат бітіріп, шабыт бере түсті.

Бұған дейін ыңғайсызданып жүрген мен енді қолымдағы осы дүниелермен сол кездегі бас редакторымыз, тәжірибелі де іскер басшы Жұмәділ Әділбаевқа кірдім. «Жәдігерлер жинақтап, газетіміздің бір музейін ашсақ» деген ұсынысымды айттым. Ол кісі қуана құптап, үлкен қолдау білдірді. Және де мұндай жәдігерлерді қағазға жапсырып, қабырғаға ілінетіндей қарабайыр етіп емес, шағын болса да заманға сай әдемі етіп жасап, енді үш жылдан кейін газеттің 75 жылдығына орайластырып ашайық деп өзінің ақыл-кеңесін айтты. «Жәдігер жинау сенің жұмысың болсын, ал музей бөлмесін жабдықтау жағын маған қалдыр» деп тапсырмасын да нақтылады.

Сонымен, енді жәдігер жинау жұмысы еркін де ашық жүргізіліп, бұрынғы редакторлардың туып-өскен, еңбек еткен өңірлеріндегі архивтерге, мемлекеттік архивке, Президент архивіне хаттар жазылып, газетімізге хабарландырулар, мақалалар жариялап, олардың туыстарынан, газетте бұрын еңбек еткен ардагерлерден қолдарында бар құжаттар мен суреттерін, наградалары мен кітаптарын редакцияға әкеліп берулерін сұрадық. Арнайы айдар ашып, келіп түскен материалдарды газет бетінде жариялап тұрдық. Нәтижесі біз күткендегіден асып түсті. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатынан соғыс жылдары редакторлық еткен З Сыздықовтың фотосы, Президент мұрағатынан Т. Баймұратов, М.Салықбаев туралы құжаттар келіп түсті. Алғыстарын арқалай келген Семейдегі туыстары 1961-64 жылдары редакторлық еткен Б.Тәйкімановтың өлеңдері мен қолжазба кітабын, біраз наградаларын әкеліп өткізді. Қарағандыға іссапарға барған біздің журналист Бекәділ Сәдібеков арқылы сондағы ардагеріміздің бірі Асығат Темірбаев еңбек жолын сонау «Жұмысшыдан» бастаған, газетті соғыс кезінен бастап он сегіз жыл бойы басқарған Бейсек Исабеков туралы  материалы  мен суреттерін жолдаған екен.

«Әй, жігіттер, мыналарың бір сауапты іс екен» деп соғыстан соң осы газетке келіп орналасқан майдангер, ардагер ағамыз Қамза Қасымов іші құжатқа толы бүйірлі портфелін әкеліп тапсырды. «Газет редакциясының осы басылым шежіресін зерттеп,  оның іргесін қалаған, шаңырағын көтерген, мұнда әр кезде қызмет істеп, табан етін тілген, маңдай терін төккен аға ұрпақ өкілдерін еске алуы, есімдерін бүгінгі жас буынның есіне салуы әбден құптарлық іс дей келіп, бақилық болғандар үшін бұл – оларға қатым оқылғандықпен пара-пар. Өткенді сыйласаңдар, ертең болашақ өздеріңді сыйлайтын болады» деп сексен төртке дейін қолынан қаламын тастамаған Меңғали Мусин ағамыз біздің ісімізді қолдап, көп суреттер мен құжаттар әкеліп тапсырды. «Үйде жатқанша осы музейлеріңізде болсын» деп ұзақ жылдар редакцияда фотограф болып істеген Алексей Праксиннің қызы Ирина әкесінің жәдігерлерін жеңіл машинамен алып келді редакцияға. Өмір бойы газеттен қол үзбеген М. Тұрғанбаев, Ш. Машрафин, Ү.Нұрғалиев сияқты ардагер қоғамдық тлшілер де естеліктер жазып, басылым беделін көтеріп отырды.

Бұл аралықта редакторымыз Жұмәділ Әділбаев та үлкен бөлменің біреуін жөндетіп, облыстық тарихи-этнографиялық музейдің директоры Николай Зайцевпен келісімшарт жасасып, арнайы шынылы шкафтар жасатып, жиналған жәдігерлерді музейлік талаптарға сай жабдықтауды да сол мамандарға тапсырды. Сонымен, 2006 жылғы жазда, газеттің 75 жылдығы қарсаңында музейіміз іске қосылып, пайдалануға берілді.

Осы жылдар ішінде марқұм болған редакция басшыларының, ардагерлерінің біраз туыстары, Қасым Қайсенов сынды танымал ақын-жазушылар, іссапарға келген шетелдік ғалым-журналистер музейде болып, «Құрметті қонақтар журналында» қолтаңбаларын қалдырса, мектеп оқушылары мен университеттің журналистика бөлімінің студенттері жиі-жиі экскурсияға келіп, басылым тарихы жөнінде дәріс тыңдап, ғылыми жұмыстарына қажет мәліметтер алып жүреді.

Маған үлкен өмір мектебі болған, шығармашылық жағынан қаламымды ұштап, қанатымды қатайтқан, қазақтың қаншама танымал азаматтарымен, игі жақсыларымен кездестіріп, біраз қаламгерлерімен  қызметтес еткен – облыстық «Дидар» газеті. Менің көп жылғы журналистік зерттеу жұмысыма арқау болып, диссертациялық еңбегіме өзек болған да осы газет. Бір ғана ұжымда отыз алты жыл еңбек еткен уақытым – «Дидарды» менің екінші үйіме айналдырып жібергендей шуақты жылдар болды. Әрине, қызығымен қоса шыжығының да аз болмағанын несін жасырайық.

Жалғыз бөлмеге сығылысып, көпшілігі қораптарда жатқан жәдігерлерді көргенде жүрегіміз ауырып, ренжитініміз рас. Енді осыған байланысты облыс билігінің алдына қояр менің мынадай бір ұсынысым бар. Елдің, әр өңірдің тарихы осы баспасөз бетінде жазылған, жазылып келеді, жазыла да бермек. Мәселен, еліміздің рухани-мәдени орталығының бірі – шежірелі Семей жерінде жарық көріп келе жатқан «Семей таңы» газеті – қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі. Сонау 1919 жылғы 4-желтоқсаннан Алаш зиялыларының бастамасымен «Қазақ тілі» деген атпен жарық көре бастаған басылым бір ғасырлық ғұмырында талай тарихи кезеңдердің айнасы бола білді.

Кенді Алтай жұмысшы табын қалыптастыру ісінде үлкен рөл атқарған, 1931 жылғы 24-қазаннан бастап Риддерде жарық көре бастаған «Жұмысшы» газетінің бүгінгі мұрагері – облыстық «Дидар» газетінің де тарихи жолы бай.

Өзінің бастауын 1917 жылы Өскеменде шыққан «Голос Алтая» басылымынан алатын бүгінгі облыстық «Рудный Алтай» газетінің, республика көлемінде өз хабарларын 1958 жылы ең алғашқы болып таратқан Өскемен телеканалының даму, қалыптасу жолдары да кез келген оқырман мен көрерменді қызықтырары сөзсіз.

Бұлардың қатарына қаншама танымал қаламгерлердің қанаттарын қатайтып, үлкен әдебиет әлеміне ұшырған Зайсан аудандық «Достық», Катонқарағай аудандық «Арай – Луч», Аягөз аудандық «Аягөз жаңалықтары», Ұлан аудандық «Ұлан таңы» сияқты қазыналы тарихы бар басылымдарды қосуға болады.

«… Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек…» деп Ахмет Байтұрсынов айтып кеткендей, қоғамның белгілі бір кезеңдеріндегі даму процестерінің қалай болғандығын, облыстағы баспасөз тарихын бүгінгі және келешек ұрпаққа таныстыру, жеткізу мақсатында «Шығыс Қазақстан бұқаралық  ақпарат құралдарының тарихы» музейін құру қажеттігі жөнінде ұсыныс енгіземін. Әрине, ол оңай жұмыс емес. Бірақ дәл қазір осы аталған басылымдардың барлығының жанында шағын музейлер, шағын тарихи бұрыштар, ең болмағанда мерейтойлық даталарда жинақталған құнды жәдігерлердің бары анық. Болашақ облыстық музейдің негізі, бастауы ретінде әрбір басылымның жанындағы осындай тарихи жәдігерлерге сүйенуге әбден болады. Бүкіл ғұмырын осы баспасөзге арнаған ардагерлер, сауатын ашқаннан бері газет оқып келе жатқан белсенді оқырмандар,  авторлар,  қоғамдық тілшілер де аз емес. Мұндай игілікті іс басталар болса, олардың да тыс қалмай, көмек қолдарын созулары анық деп ойлаймын.

Мұндай  музей әзірше еліміздің ешбір өңірінде жоқ. Егер қолға алынып, ашылар болса,  егеменді мемлекетіміздің балғын шағындағы ұлттық баспасөзінің тарихы келешек өркениетті еліміздің ұрпақтары үшін баға жетпес қазына болары даусыз.

Айтмұхамбет Қасымов,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

филология ғылымдарының кандидаты

Р.S. Осы мәселеге қатысты облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы И.Смиттен төмендегідей жауап келді: «Сіздің 2020 жылғы 30 шілдедегі  «Шығыс Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарының тарихы» музейін құру жөніндегі хатыңыз ішкі саясат  басқармасында қаралды. 2020 жылғы 24 шілдедегі хатта арнайы БАҚ музейін ашу мүмкіндігі жоқ деп хабарладық,алайда Өскемен қаласындағы музейлердің базасында арнайы БАҚ тарихы бөлмесін ашу қолға алынды.Жақын уақытты экспонаттар көшіріліп, «Шығыс Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарының тарихы» бөлмесі ашылады».  

Осы айдарда

Back to top button