Өндіріс

Мұнай компанияларын қосалқы бөлшектермен жабдықтап отыр

Азамат Темірбеков

Еліміздегі мұнай-газ кен орындарын қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етіп отырған шығысқазақстандық кәсіпорынның осы салада жұмыс істеп келе жатқанына жетінші жылдың жүзі болды. Бүгінде облыс орталығының жүзден астам тұрғынын жұмыспен қамтып отырған «Өскемен өндірістік арматура зауыты» еліміздегі бірегей кәсіпорындардың бірінен саналады.

Үш жыл бұрын бірнеше жұмысшысын алып, Еуропа елдеріндегі мұнай-газ өндіру компанияларына қосалқы бөлшектер әзірлеумен айналысатын зауыттарды аралап қайтқан кәсіпорын басшылығы отандық өндіріс пен батыс елдері өндірісінің арасында соншалық айырмашылық жоқ екенін байқаған. Олардың өндіретін заттарын бізде де жасауға болатынына көз жеткізген. Кейін Шығысқа келген батыс елдерінің өкілдері де бұған куә болып, мұнда жасалып жатқан өнімдердің сапасын мойындап, осындай бөлшектерді жергілікті мамандардың да жасай алатынына  тәнті болды.

– Әрине ғарыш кемесін жасамаймыз. Бірақ біздің жасаған бөлшектеріміз еліміздің мұнай-газ секторында жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпорындар үшін өте қажет, – дейді «Өскемен өндірістік арматура зауытының» басшысы Ержан Әшімов. – Бүгінде мемлекеттік табысының 80 пайызы мұнай-газ саласынан түсетін еліміздегі осындай кәсіпорындардың құрылғылары біздің бөлшектеріміз болмаса жұмыс істемейді. Яғни, олардың мұнай мен газ өндіретін құрылғыларында күнделікті қолданылатын заттарды біздің зауытымыз қамтамасыз етіп отыр.

Түрлі шектеулер тығырыққа тіреді

Әр жаңа жылды өткен жылға қарағанда жақсы болады деген сеніммен бастайтын кәсіпорын биыл да сол дәстүрінен айнымаған. Жалпы, зауыттың жұмысын динамикалық дамуда қарайтын болсақ, кәсіпорын былтыр өткен жылға қарағанда, ал өткен жылы арғы жылға қарағанда жақсырақ жұмыс істеген. Бірақ зауыт басшысы 2019 жылды кәсіпорынның сәтті жұмыс істеген кезеңі деп біледі. Өйткені олар күні бүгінге дейін сол кездегі көрсеткішке жете алған жоқ. Барлығына коронавирус пандемиясы кедергі келтірсе, былтыр ақпан айында көрші Ресейдегі геосаяси жағдайдың өзгеруі себеп болған.

Коронавирусқа байланысты шектеулер енгізілген кезде ресейлік «Газпром», «Роснефть» және «Лукойл» сынды ірі компаниялармен жұмысты жолға қойған Өскемен өндірістік арматура зауыты өзінің 20 пайыз табысынан айырылып қалған. Шектеулер кесірінен ресейлік компаниялар өздерінің өкілдерін жібере алмай қалды. Өйткені тапсырыс беруші өздеріне қажетті бөлшектің дайындалу барысын басынан бастап, дайын өнімге айналғанға дейін бақылауы қажет. 2021 жылы қайтадан қалпына келе бастаған ресейлік нарық, былтыр ақпан айынан бері геосаяси жағдайға байланысты қайтадан жабылып қалды. Бірге жұмыс істейтін көрші елдің компаниялары санкцияларға ілініп, өскемендік кәсіпорын олармен әріптестігін одан әрі жалғастыра алмады.

Осыған байланысты әзірге тек қазақстандық нарықтағы компаниялармен жұмыс істеп жатқан зауыт қазір енді осы бағыттағы  өзбекстандық компаниялармен келісімге келу жағын  қарастыруда.

Жалпы, мұның барлығы осыған дейін жолға қойылған тауар жеткізудің мерзіміне де өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Мысалы, зауыттағы бұйымдардың барлығы дерлік шетелдік өндірістегі құрылғылар. Олардың қосалқы бөлшектерін жеткізу бұрын бір-екі ай уақыт алса, бүгінде жарты жылға дейін созылып кететін болған. Бұл өз кезегінде тапсырыс берушінің сұранысын кешіктіруге әкеп соғып, біраз шығынға алып келеді.

Шығыста бірегей база қалыптасқан

Дегенмен қиыншылықтарға қарамастан зауыт басшылығының болашаққа деген сенімі мол. Бүгінде жүзден астам отбасынының мүшелерін жұмыспен қамтып, нәпақа табуына көмек көрсетіп отырған кәсіпорын былтыр  жұмысшыларының жалақысын екі рет көтерген. Осының әсерінен, қазіргі уақытта зауыттағы орташа жалақы 300 мың теңге көлемінде.

– Кәсіпорнымызда болған шетелдік мамандар зауыттың еуропалық стандарттарға сай салынғанын атап, не себепті осындай зауыттың еліміздің мұнай-газ өндіретін батысында емес, шығысында салынғанына таңғалатын, – деп сөзін жалғады Ержан Әшімов. – Шынымен де, көпшілік солай ойлауы мүмкін. Бұл бірінші кезекте Шығыста өз ісін жақсы білетін мамандардың көптігімен және осы бағытта қалыптасқан бірегей базаның болуымен тікелей байланысты. Яғни, осы тұрғыда Шығыстың техникалық әлеуеті әлдеқайда жоғары. Компаниялар тобы болғандықтан, тағы бір зауытымыз Петропавл қаласында орналасқан. Өйткені мен білікті темір жонушыны осындай қалалардан ғана таба аламын.

Шығыс Қазақстанда ежелден қалыптасқан мектеп барын алға тартқан ол, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетімен тығыз байланыс орнатқанын атап өтті. Шынымен де, бүгінде бұл кәсіпорында еңбек ететін мамандардың басым көпшілігі – осы университеттің түлектері. Оқу орнының студенттерін зауытта іс-тәжірибеден өткізіп, өзін көрсеткен жастарды жұмысқа алып қалуға тырысады. Дегенмен соңғы жылдары осы салада тіс қаққан мамандардың орнын басатын жастардың саны азайып бара жатқанын айтқан ол, оқуын тәмамдаған соң жастардың қол жұмысын істегісі келмей басқа салаға кетіп қалатынына қынжылды. Осының кесірінен қазір өндірісте істейтін адамдардың жас аралығы тым алшақ. Яғни, егде тартқан  немесе тым жас. Ортада 40-50 жастағы бір буын өкілдері жоқ.

Дегенмен  кеңестік кезеңде осы салада жұмыс істеген бұрынғы жұмысшылар мұнда әлі де болса дәстүрді сақтап, өндірістің тоқтаусыз жұмыс істеуіне атсалысып жүр. Кейбіреуі зейнетке кетсе де өндіріске қайта оралып, жас ұрпақты осы істің қыр-сырына үйретуден жалықпайды. Енді біреулері зейнетке шықса да зауыттағы жұмыстарын жалғастырып жүр.

Осындай тәжірибелі маманның бірі 47 жыл өмірін өндіріс саласында темір жонушылыққа арнаған Владимир Петряков, қазіргі уақытта зейнетке шықса да  Өскемен өндірістік арматура зауытында  жұмысын жалғасытырып жүр. Зауыт жұмысын көзбен көріп қайтуға барған біз онымен темір жонып жатқан жерінде таныстық.

– Мұнай қазатын құрылғылардың бөлшектері бізге зауыттардан құйма темір күйінде келеді, – дейді ол. – Біз оны темір жонатын станоктарда жонып, сызбада көрсетілген өлшемдегі диаметрлерін шығарамыз. Бұл жерде жарты миллиметр қиыс кетпеу керек. Өйткені құрылғылар өте дәлдікті қажет етеді. Бір ауысымда он данасын жонамын. Темір жонушы мамандығын Машина жасау зауытында бастап, онда 36 жыл жұмыс істедім.

Темір бөлшекті кез келген жерден сатып алуға болатынын алға тартқан зауыт басшылығы, кәсіпорындағы басты қағидат өз ісін білетін мамандарды жоғалтпау екенін айтады.  Өйткені белгілі бір бөлшекті жасап шағарғаннан гөрі, адамды осындай затты жасауға үйрету әлдеқайда көп шығынды әрі уақытты талап ететін үрдіс екенін айтады. Қазіргі уақытта шетелдік құрылғыларды жөндеу және күтіп-ұстауға біртіндеп жергілікті мамандардың да үйрене бастағанын айтқан Ержан Әшімов, соңғы жылдары сапасы еуропалық станоктардан кем түспейтін кореялық станоктарды сатып алуға бет бұрғандарын атап өтті.

Жұмыс жыл он екі ай тоқтамайды

Қоян жылының жаман басталмағанын тілге тиек еткен ол, биыл тамыз айының соңына дейін тапсырыс жеткілікті екенін айтты. Бүгінде үш ауысымда жұмыс істеп жатқан зауыт жұмысшылары қазақстандық мұнайшылардың қара алтын қазатын құрылғыларының бір сәт тоқтап қалмауын қамтамасыз етуде.

– Жалпы, қыс мезгілінде еліміздегі мұнайшылар мұнай ұңғымаларындағы құрылғыларды жөндеуге талпынбайды. Өйткені қазір Каспий жағасында ауа райы ызғарлы әрі мұнай ұңғымаларына жететін жол жоқ. Сондықтан негізгі жұмыстар күн жылына басталады. Міне, осы уақытқа дейін біз олардың тапсырыстарын дайындап, тапсырыс берушінің қоймаларын қажетті қосалқы бөлшектермен толтырып қоюға міндеттіміз, – дейді Ержан Әшімов.

Осылайша тамыз айына дейін тоқтаусыз жұмыс істейтін кәсіпорын, күзге қарай жұмысты біраз бәсеңдететін көрінеді. Кәсіпорын осыған дейін, жылдың екінші жартысындағы мұндай кідірісті кезеңді ресейлік әріптестеріне қосалқы бөлшектер дайындаумен толықтырып отырған.

– Ресейдің қиыр солтүстігінде орналасқан мұнай ұңғымаларына жаз мезгілінде жету мүмкін емес. Өйткені бұл кезде ол жақта жер езіліп, көлік жүру мүлдем мүмкін болмай қалады. Сол себепті, ресейлік компаниялар мұнай өндіретін құрылғыларын тек жылдың суық маусымында жөндейді. Міне сол кезде біздің зауытымыз оларға қажетті бөлшектерді жаздан бастап жасайтын. Дегенмен өкінішке қарай қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты аталмыш жұмыстар әзірге тоқтап тұр, – деп қосты Ержан Әшімов.

Тағы бір айта кетерлік жайт, кәсіпорын өздері өндірген өнімді тапсырыс берушінің межелеген орнына жеткізіп беруді де жолға қойған. Ол үшін арнайы логистикалық компаниялармен байланыс орнатқан Өндірістік арматура зауыты тапсырыстың келісілген жерге кедергісіз жетуіне бар күшін салады.

Осылайша, отандық өніммен қазақстандық мұнай-газ компанияларын қамтамасыз етіп отырған өскемендік кәсіпорын өз жұмысын түрлі қиыншылықтарға қарамастан жалғастырып отыр. Дейтұрғанмен, мұнай өндіретін құрылғылардың қосалқы бөлшектері әзірленетін металл құймаларын көрші Ресейден тасымалдап отырған зауыт басшылығы, осындай құймалар өзімізде өндірілсе шығын біршама азаятынын айтады. Бүгінде өңірімізде осы бағытта жұмыс істеуге әлеуеті жетерлік кәсіпорындар жоқ емес. Металл да өзімізде өндіріледі. Алайда олардың металл құймалары өздерін қамтамасыз етуден аса алмай отырған сыңайлы.  Дегенмен зауыт мамандарының алдағы уақытта өзіміздің өңірде өндірілетін темірдің пайдасын өзіміз де көреміз бе деген үміті зор.

Осы айдарда

Back to top button