ӨндірісТОП

Жас мамандарға мәдениетті болу керектігін үйретемін

Қазір ол жерасты кенішінің директоры және әр учаскені, өз шахтасының жұмысшыларының есімдерін жатқа біледі. 15 жыл бұрын ол шахтаға өндіріске қатысы жоқ отбасынан шыққан учаскелік геолог болып келген. «Шығыстүстімет» ЖШС Ертіс кенішінің директоры Қуаныш Рахимовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Ертіс шахтасына алғаш рет келген кезіңіздегі толғанысты сәтіңіз есіңізде ме?

– Мен мұнда алғаш рет 2006 жылы келдім. Қазіргідей есімде – кадрларды даярлау бөлімінің кабинеті, көптеген теориялық білім. Бірақ қағаз жүзінде білу бұл бір нәрсе де, іс жүзіндегі дүние  мүлдем басқа. Міне, менің шахтаға алғаш рет түскен  кезім, құлағымның қысымнан бітеліп қалғаны есімде. Қорқыныш болған жоқ, өйткені мұнда қандай қауіптер болуы мүмкін екенін елестете алмадым. Уақыт өте келе, адамдардың жарақат алғанын көргенде, шахтаның қателіктерді кешірмейтінін түсіндім.

Сіз шахтаға қалай келдіңіз? Ата-анаңыздың тау-кен өндірісімен байланысы жоқ еді. Өзіңіз ауыл шаруашылығы дамыған аймақтан келгенсіз.

– 2006 жылы мен жол-құрылыс институтының 4-курсында оқитынмын. Геологиялық барлауды зерттедім. Ол кезде күзетші, көлік жөндейтін слесарь болу немесе ұзақ уақыт оқыған мамандықты игеру сияқты таңдау болды. Мамандыққа деген қызығушылығым жеңді. Иә, менің ата-анам мүлдем басқа салаларда жұмыс істейді, әкем – көлік жүргізушісі, анам – медбике. Сондықтан біздің отбасымызда мен тау-кен кәсібінің пионерімін. Ата-анам бұл мамандық пен жағдайдың қандай екенін түсінбегендіктен, мені бірден қолдады. Ұлы студент кезінен жұмыс істеуге кіріскені олар үшін қуаныш еді.

Жалпы, осы жерде жұмыс істей жүріп, Ертіс кеніші туралы дипломдық жұмыс жаза бастадым. Сондықтан бұл жерде жұмыс істеу қиын болмады, себебі жұмысым менің оқуыммен тікелей байланысты еді.

2007 жылы қыркүйек айында диплом алып, оны кадр бөліміне алып келдім. Ал қазан айында мені әскерге шақырды. Бір жыл қызмет еткеннен кейін және 2 ай демалыстан кейін мен тағы да шахтаға келдім. Ертіс кенішінің директоры Жүрсінбаев Қайролла Жұманғалиұлымен болған әңгіме есімде: «Жарайсың Қуаныш, әскери қызмет атқардың. Өзіңнің болашағыңды қалай елестетесің? Геолог боласың ба?» деді. Мен «геологияға бармаймын», дедім. Мені тау-кен шебері етіп жұмысқа қабылдады.

Сіз барлық учаскелерде жұмыс істепсіз. Барлық негізгі жерасты кәсіптерін игеріп үлгердіңіз бе?

– Бекіту учаскелерінде жұмыс істедім, содан кейін ШІТ учаскесіне, содан кейін мені өндіріс учаскелеріне ауыстырды, №2 учаскеде бастықтың орынбасары, содан кейін учаске бастығы болдым.  Содан кейін бірінші учаскеге ауыстырды. 2009 жылы мені бас инженер етіп тағайындады. 2009 жылдан бастап басшылық лауазымдарда жұмыс істедім. Бірақ мансапта өрлеу де, төмендеу де болады. 2014 жылы біздің шахтада жазатайым оқиға орын алып, мені жұмыстан шығару керек еді. Сонда бүкіл командам мені құтқарды деп айтуға болады. Қызметкерлер мені жұмыста қалдыруды өтінді. Мен үшін бұл сабақ болды, ұжымның үмітін ақтау керектігін түсіндім. Бүгін мен кез келген апаттың алдын алуға болатындығын түсінемін. Сондықтан да біз қауіпсіздік техникасына баса назар аударып, жаңа стандарттарды, ережелер мен талаптарды енгізудеміз.

  Басшының шахтадағы басқа мамандықтарды меңгеруі қаншалықты маңызды?

– Бұл – өте маңызды. Басшы барлық тау-кен кәсіптерін түсінуі керек. Әр учаскенің өз құрылымы, өзіндік тәуекелдері, тау-кен жұмыстарының бағыттары бар. Басынан аяғына дейін бүкіл жұмыс процесін түсіну өте маңызды. Міндеттерді тиімді жүктеу үшін сен басшылық құрамға сенімді болуың керек. Әр бөлім бастығы жұмысты толығымен игеруі керек, содан кейін адамдардан сұрауға болады.

Сіз жас басшысыз. Жер астында тәжірибелі және жасы да үлкен адамдармен жұмыс істеу қиын емес пе?

– Ең басында учаскелік геолог болып келгенде қиын болды. Жасы үлкен бригадирлерге, звеношыларға, үңгушілерге жас маман келіп, мысалы, «кенжарды тазала» дейді. Алдымен оларға нұсқаулар беру қиын болды, бірақ содан кейін ғана оларға, олардың қауіпсіздігіне жауапты екеніңді түсінесің, қателік болған жағдайда ешкім жұмыс тәжірибеңе де, жасыңа да қарамайды. Міндет деген бар, егер бір жерде ауытқулар болса, онда сол қызметкер жауап беруі керек. Заң алдында барлығы бірдей.

Сіздің ойыңызша, кез келген оқиғаның, апаттың алдын алуға бола ма?

– «Тәжірибе» деген бар. Бір төтенше оқиға болады, оқиғаның себептерін іздей бастаймыз, талдаймыз. Көптеген жазатайым оқиғалар болды. Өкінішке қарай, көптеген шахтерлер жарақат алады, біреулерден айрылып та қалдық. Біздің басты міндетіміз – сол қателіктерді қайталамау. Алдын алу керек. Егер бір уақытта қауіпсіздік ережелері сақталса, жабдықтау тарапынан жабдықтар мен ЖҚҚ дұрыс таңдалса, жазатайым оқиғалардың алдын алуға болар еді. Бөлім басшыларына мен әрқашан «алдыңғы қателіктерден сабақ алыңдар, өз қателіктеріңнен аулақ болыңдар» деп айтамын.

Өкінішке қарай, кеніште жазатайым оқиғалар, оның ішінде адам өлімі де болады. Басшы ретінде қаза болған адамның туыстарына суыт хабар жеткізу оңай емес шығар?

– Бұл – өте ауыр. Өзі ауысымға, жұмысқа кеткен сияқты, бірақ үйге өзі емес, басшысы келеді, суыт хабар жеткізеді. Мұндайды бастан кешірмеген дұрыс. Барлық қызметкерлеріміз аман-есен болсыншы. Біздің басшы ретіндегі міндетіміз – қызметкерлеріміз ауысымнан кейін әрдайым үйлеріне аман-есен қайтуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау.

 Шахтадағы жұмыс процесі неден басталады?

– Кез келген процесс жүктеме-тапсырмадан басталады. Қызметкер кеңсеге барып, өз ұжымымен, басшылығымен амандасады. Онда олар бүгінгі тапсырмаларды талқылайды, оларға учаскедегі жағдай туралы айтылады. Әрине, қауіпсіздік техникасына арналған бес минуттық жиын бар. Содан кейін біздің қызметкер киім ауыстырады, медициналық тексеруден өтеді, шам, өзін-өзі құтқару құралын және басқа да ЖҚҚ алады да, ұжыммен бірге шахтаға барады. Онда әр учаскеде жұмыс процесі жүріп жатыр. Айтпақшы, жер астында өздерінің «кабинеттері» бар, оны шайхана деп те атайды. Онда кеншілер шай ішіп, жұмысты талқылай алады. Жалпы, тау-кен циклы бұрғылау жұмыстарынан басталады, содан кейін қауіпсіздендіру, сумен бүрку, жөнелту болады.

Жарылыс қалай ұйымдастырылады?

– Алдымен шпурлар бұрғыланады, онда снаряд салынып, жарылыс ұйымдастырылады, оны «отпалка» деп те атайды. Қауіпсіздендіру, бұл – жарылыс аймағын зерттеу шаралар кешені: барлық заряд жарылды ма, бұл учаске кейінгі жұмыстар үшін қауіпсіз бе? Тау-кен қазбаларын бекіту – өте маңызды процесс.  Содан кейін кенді тиеу және кенжарды тазарту ұйымдастырылады. Кенді вагондарға, кей жерлерде жүк көліктерге тиейді. Сол жерден кен жер бетіне шығарылады. Бір жерде көлікпен кенді тікелей жер бетіне апарады, әр шахтаның өзіндік ерекшеліктері бар.

Егер Ертіс шахтасы туралы айтатын болсақ, мұнда қолмен бұрғылау әдісі қолданылады. «Шығыстүстіметтің» басқа шахталарында заманауи қондырғылардың көмегімен бұрғылайды. Неге бұлай?

– Бұл кен орнының ерекшелігіне байланысты. Өңдеу схемасы бойынша бізде аз желілі кен – 5 см-ден 2,5 метрге дейін. Өндіріс орындары 80-90 градус бұрышта жүреді. Мұнда техника өте алмайды, қазбалардың қимасына байланысты мұнда механикалық техникаға орын жоқ.

Жалпы, сіздің ойыңызша, шахтада ең қиын мамандық қандай?

– Үңгушілер. Олар әрқашан өндірістің алдыңғы қатарында. Бүгінгі таңда бізде 14 бригада бар. Олар бізге шикізат береді. Бірақ шахта – үлкен тізбек. Мұнда әркімнің үлесі маңызды. Сондықтан әр адамның өз міндеті бар – шам таратушыдан бастап, адамдарды төменге түсіретін операторға дейін, біздің қызметкерден бастап кез келген мердігерге дейін.

Шахтерлердің зейнетке шығу жасы қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Мен қазіргі зейнетке шығу жасы тым жоғары деп есептеймін. Шахтаға жас адамдар жиі келеді, бірақ 14-15 жыл жұмыс істегеннен кейін олардың көпшілігі кәсіби аурулардың салдарынан басқа жұмыстарға ауысуға мәжбүр. Міне, менімен бірге жұмыс істей бастағандарды алайық, бүгінде олар өндірісте жоқ. Олар  денсаулығына байланысты басқа жұмысқа ауысты. Бірден айтайын, 63 жасқа дейін біздің шахтада бірде-бір үңгуші жұмыс істеп көрмеген.

Шахтада негізінен ерлер жұмыс істейді. Мұнда боқтаусыз күн өтпейтін шығар?«Егер мәдениетті сөйлеу күнін жарияласа, өндіріс тоқтап қалады» деген қалжың сөз бар ғой. Сіз боқауыз сөздерді қаншалықты жиі қолданасыз?

– Қазір уақыт басқа, бәріміз мәдениетті болғымыз келеді. Иә, бұрын боқтаусыз жұмыс болған жоқ, кей жерлерде ол бүгін де бар, өйткені контингент әртүрлі. Бізде боқтық жоқ деп айтпаймын. Бірақ мен әріптестеріме, әсіресе жас мамандарға қарым-қатынаста  мәдениетті болу керек екенін үйретемін. Басшылар қол астындағы адамдармен мәдениетті қарым-қатынастың үлгісін көрсетуі керек.

Сұхбаттың толық нұсқасын KAZ Minerals Тобының ресми Youtube-арнасынан көріңіз.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button