Денсаулық сақтау

Мүгедектіктен аман алып қалды

Айна Ескенқызы

Шығысқазақстандық травматологтар 18 жастағы жігіттің аяғын аман алып қалды. Травматолог-хирургтар өңірімізде алғаш рет Masquelet әдістемесін қолданды.

Былтыр тамызда Шемонайха қаласынан келген бозбала  мотоциклмен жол апатына түсіп, жамбасы бірнеше жерден сынған. Алдымен жамбастың ашық сынығына облыстық балалар ауруханасында ота жасалды. Алайда біраз уақыт өткенде жара асқынып, іріңдеп кеткен соң науқас облыстық ауруханаға жеткізіледі. Қайта ота жасалғанымен науқастың жағдайы оңалмайды.

– Халықаралық травматология және ортопедия ғылыми орталығындағы әріптестер бізге емдеу үшін әлемдік ортопедиялық практикада кең таралған, бірақ Қазақстан үшін сирек кездесетін Masquelet әдістемесін қолдануды ұсынды. Орталықтың директоры Еркін Жүнісов операцияны жүргізуге көмектесу үшін Алматыдан арнайы келді, – дейді облыстық аурухананың ортопедия бөлімінің меңгерушісі Думан Бакербеков.

Меңгерушінің айтуынша, бұл әдістеме екі кезеңнен тұрады.

– Бірінші кезеңде біз сүйектің некроздан зиян шеккен тұсын алып тастадық. Оның орнына антибиотикпен араластырылған цемент импланты уақытша орнатылды, антибиотик жараның  қабынуын тоқтатады. Алты аптадан кейін оның орнына сүйек имплантын орнатамыз. Бірінші кезең сәтті өтті. Бірнеше күннен кейін жараның қабынуы басылып, біте бастады. Науқастың жағдайы жақсарып қалды, – дейді Думан Бакербеков.

Пациент Ярослав Пятков дәрігерлерге шексіз риза екенін айтады. Сондай-ақ бұл медициналық көмек МӘМС аясында тегін жасалды.

 – Соңғы отадан кейін мен өзімді жақсы сезіндім, ауырсыну азайды, ірің жоқ. Сынған сүйектерім тезірек бітіп, қалыпты өмірге оралуды асыға күтіп жүрмін, – дейді жас жігіт.

Осы айдарда

Back to top button