Мүгедектер үшін барлығы қолжетімді болады
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс бесінші сессиясы селекторлық режимде өтіп, онда «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 14 желтоқсандағы № 44/495-VI шешіміне өзгерістер енгізу және өңірдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және оларға жағдай жасау жұмыстарының жайы қаралды.
Сессияның жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев қатысты.
Алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақова жоғарыдағы шешімге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды, соған орай бөлінген қаржыларды әр сала бойынша жан-жақты тарқатып, түсіндіріп берді.
– 2021 жылға арналған облыстық бюджеттің параметрлерін нақтылау үшін “Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде қаржыландыру көлемін өзгерту, кредиттік тұрғын үй құрылысына мемлекеттік бағалы қағаздар шығару көлемін келісу, 2021 жылға арналған республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер мен кредиттер көлемінің өзгеруі, облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша шығыстар лимиттерін нақтылау негіз болды, – деген басқарма басшысы енгізілген өзгерістер мен толықтырулар нәтижесінде 2021 жылға облыстық бюджетке түсімдер 581,2 млрд. теңгені құрап, 3 417,5 млн. теңгеге артқанын атады.
Соның ішінде Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару есебінен жобаларды қаржыландыру 13 334,8 млн. теңгеге қысқарған. Кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылымынан түсетін түсімдер көлемі 4 732,8 млн. теңгеге ұлғайтылған.
Сәуле Ұлақованың айтуынша, меншікті кірістер болжамының, тұрғын үй құрылысына мемлекеттік бағалы қағаздар шығару көлемінің ұлғаюына, республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер бөлуге байланысты облыстық бюджет бойынша шығыстар 581,2 млрд. теңгені құрап отыр.
Депутаттар облыстық бюджетке енгізілген өзгерістерге бірауыздан қолдау білдірді.
Еліміздегі мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес облыста 2012 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі аралықта мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз ортаны қамтамасыз ету мақсатында 2643 әлеуметтік инфрақұрылым нысандары паспортталған. Бұл – жоспардың жүз пайызы. Оның ішінде бейімделгендері де дәл осы көрсеткішке тең.
Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: барлығына лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2021-2025 жылдар аралығында 1294 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын қосымша жабдықтау, яғни тактильді тақтайшалар, тұтқалар орнату және тағы басқалар жоспарланған. Сонымен бірге, жыл сайын облыста ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған нысандардың жалпы санының кем дегенде 20 пайызын бейімдеу көзделуде.
– Облыста ерекше қажеттіліктерге ие, әртүрлі санаттағы 5039 сайлаушы бар. Солардың ішінде 2001 адам мүгедектер арбасын пайдаланады, 1564 адамның көру қабілеті, 1474 адамның есту мүмкіндігі шектеулі. Дауыс беру кезінде ерекше қажеттілікті қажет ететін сайлау учаскелерінің саны – 268. Оның 56-сы биыл қосымша жарақтандырылады. Қалғандары 2022 жылдан бастап 2025 жылға дейін қосымша жарақтандырылады, – деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев.
Дәурен Аллабергенұлы