Үмітханның қымызы бал татиды
Үмітхан Исаханова бұл кәсіпке мәжбүрліктен келген еді. Ал қазір бастаған ісіне өкпесі де жоқ.
Үй шаруасынан қолы қалт етсе, жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген отанасының денсаулығы жасына жас қосылған сайын сыр беріп, мазасын алумен болған. Ақыры гемоглобині азайып, үшінші топтағы мүгедек ретінде жәрдемақы тағайындалады. Осы кезде дәрігерлер оған саумал мен қымызды үзбей ішуге кеңес беріпті. Әуелде ауыл-ауылдан қымыз алдырып ішіп көргенімен, өз қолыңда тұрмағандықтан, дертінің дауасы бірде жетіп, бірде жетпейтін еді. Бұлай жалғаса берсе, ем қомбайтынын түсінген ол өзі бие байлауға бекініп, Семей қалалық жұмыспен қамту орталығына жүгінеді. Бұл жердегі мамандар Үмітханға «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша несие алуға болатынын мұқият түсіндіреді.
Талап етілген құжаттың бәрін өткізіп, 2013 жылы шағын несие де қолға тиді. Бұл ақшаға ол үш бие сатып алып, биебау жасақтауға білек сыбана кіріседі. Бүгінде сол биелерін сауып, қымызын баптап, артылғанын сатып, шай-тұзын айырып отыр. Қымыз баптаудың өз машақаттары да жетерлік. Денінің дімкәстігіне қарамастан, Үмітхан Исаханова бұл іске бар ынтасын салуда. Семейдің бір жақ шетінен екінші шетіне келіп, тобылғы жинайды. Оны ұсақтап, қымыз пісетін сабаны аптасына екі рет түтінімен ыстайды. Ысталған сабаны құйрықмаймен сылап, кептіреді. Тынымсыз бейнеттің арқасында қымызы бал татып, тұрақты тұтынушылары пайда болған.
Біз хабарласқан кезде Үмітхан апай қолындағы бес биенің бірі сидаға түсіп, бірі суатқа құлап өліп, көңілі қапалы отыр екен.
– 2013 жылы 1,7 млн. теңге несие алғанмын. Шарт бойынша бір жарым жылдан кейін алты ай сайын 470 мың теңгеден өтеуім қажет болған. Бірінші транштың уақыты 15 ақпанға дөп келіп тұр. Ал мына жақта сатып алған екі жылқым мерт болды. Күзде бір құлын құдыққа түсіп өлген. Осының бәрі өзге табысы жоқ шағын отбасымыз үшін елеулі соққы болып тиді. Әуелі несиені несиемен жаппақ болдық. Сөйтсек, ондай несие берілмейді екен. Енді жаздың шығуын күтуден басқа амалымыз жоқ. «Басы қатты болса, аяғы тәтті» дейді ғой. Дертіме дауа таппай қиналған кезде сырқат екеніме қарамастан, несиені сеніп берген жұмыспен қамтушы мамандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қолда қалған жылқы аман болса, қарыздан да ептеп құтылармыз, – дейді Үмітхан Исаханова.
Жемшөптің тапшылығына қарамай, қыстың көзі қырауда құлынды желіден айырмауының өзі – құптарлық іс. Осындай қиындықтарға тап болса да, алдағы күннен үмітін үзбей, еңбек етіп жатқан оның тірлігі – талайға үлгі.
Есімжан Нақтыбайұлы