Үміт пойызы жолға шығады
Биылғы сәуір айынан бастап Қазақстанның теміржолдары бойымен еліміздің түкпір-түкпіріне консультативтік-диагностикалық «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» пойыздары шығады.
Осы ауқымды әлеуметтік маңызды акция аясында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» акционерлік қоғамының жоғары білікті бірінші және екінші санатты дәрігерлері ел тұрғындарына медициналық көмек көрсететін болады. Олардың қатарында терапевт, педиатр, хирург, офтальмолог, оториноларинголог, кардиолог, невропатолог, гинеколог, уролог, стоматолог, рентгенолог, онколог, дерматолог, эндоскопист, УДЗ дәрігерлері және басқа да мамандар бар.
Консультативтік-диагностикалық пойыздар сандық зертханалық, рентгенодиагностикалық, ультрадыбыстық, эндоскопиялық, электрқұралды медициналық жабдықтармен, республикамыздың барлық аймақтарына таралатын тұрақты телефон байланысына және кең жолақты интернетке қол жеткізетін спутниктік байланыс арнасы сияқты телекоммуникация құралдарымен жабдықталған. Пойыздың техникалық мүмкіндіктері тұрғындарға емдеу-диагностикалық, шағын амбулаторлық хирургиялық операциялардың және стоматологиялық жәрдемнің барлық түрлерін көрсетуге, ТМД және Қазақстан Республикасының жетекші ғылыми медициналық орталықтары нақты уақытта шалғай стансалар мен бекеттердегі науқастарды емдеу барысында online режимде конференция өткізуге, консилиум жасауға, кеңес беруге мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстан облысында консультативтік-диагностикалық пойыз сәуір айынан мамыр айына дейінгі үш апта бойы «Өскемен – Риддер», «Өскемен – Зырян», «Өскемен – Шемонайха» теміржолы бағыттарымен жүріп, халыққа қызмет көрсететін болады.