Мұрат ӘУЕЗОВ: – Мен өзімді қазақ тіліне қайта келген «оралманмын» деп есептеймін

Өскеменде өткен Мұхтар Әуезов атындағы көшенің мерекесіне заңғар жазушының ұлы Мұрат Әуезов келіп қатысқан еді. Оның сол сапарында кездесіп, бірнеше сұрақ қойғанбыз.
Қытай тілін әкемнің ақылымен оқыдым
– Сіз мамандық таңдайтын тұста әкеңіз Мұхтар Әуезов «Қытай тілін таңда, онда қазақ тарихына байланысты құнды жазбалар көп» деген екен. Білуімізше, әке ақылын тыңдап, шығыстанушы болыпсыз. Егер әкеңізден нұсқау болмаса, қай салаға кетер едіңіз?
– Жалпы, мен астроном немесе химик-ғалым болуды қалаған едім. Химия пәні қатты ұнайтын, мектепте химия үйірмесіне қатысып, оны басқарған да едім. Ол кезде, 60-ыншы жылдардың басында химия физика сияқты керемет ғылым болатын. Химия өнеркәсібі қарқынды дамып жатты.
Мектепті бітіріп жатқанда әкем екеуміз менің алдағы өмір жолым туралы ұзақ әңгімелестік. Ол менің химияға әуестігімді қолдайтын, бірақ, бір күні: «Сенің Қытайды зерттеумен айналысқың келмей ме? Бұл – ұлы тарихы, мәдениеті және ұлы келешегі бар, алып мемлекет. Ең бастысы, ол Қазақстанның қасында орналасқан және қаласақ та, қаламасақ та, үнемі бізге ықпал етіп отырады» -дегені.
Ол кезде Шоқан Уәлихановтың бес томдығының алғашқы кітаптары басылып шыққан еді. Оны зер сала оқыған маған қазақтардың тарихы бойынша зерттелмеген материалдардың көбі Қытайда екені және қытай тілінде жазылғаны түсінікті болды. Қытайдың әлемнің озық мемлекеті болатынын, оның Қазақстанның және қазақтардың өмірінде елеулі рөл атқаратынын әкем сол кезде-ақ біліп, сезген екен. Бірақ шынымды айтсам, ол менің араб тілін үйренгенімді де қалаған болатын. Алайда, Кеңес Одағында арабтану ағылшын тілімен қатар жүретін, ал мен мектепте неміс тілін оқыдым. Солайша мен Қытайды, Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы шығыс тілдері институтын таңдадым.
Бұл таңдаудың бекер жасалмағанын айту қажет. Мектепте жүрген кезімде мен қытайдың «Өзен қойнауы», «Үш патшалық» сияқты тарихи романдарын оқыған болатынмын. Қытай сол кезде көңіліме ерекше ұнаған-ды. Мен бұл таңдауым үшін ешқашан өкінген емеспін.
– Сіз Қытайда ұзақ қызмет істедіңіз. Әке үмітін ақтай алдыңыз ба?
– Менің қытай тілін үйренгенім елшілік қызметте, қытай елімен қарым-қатынас орнатуда көп көмегін тигізді. Онда сақталған құпия жазбаларға қол жеткізе алмасам да, ол елдің мәдениетімен, әдебиетімен жақын таныстым. Ал атқарған қызметтеріме тоқталар болсам, елші қызметіне кіріскен жылдары ең алғашқы тапсырма Іле мен Ертіс өзендерін бірігіп пайдалану болды. Қытай жағы бұл құжатты ұзақ зерттеп, жобаның айтарлықтай пайда әкелетініне көз жеткізгеннен кейін құжат мақұлданды. Бұл маңызды істердің бірі болатын. Бұдан бөлек, мен – қытай еліндегі тұңғыш елшімін. Ол кезде елшіліктің ғимараты жоқ болатын, бәрін жаңадан бастау, шаруашылық мәселелерімен айналысып, құрылымды құрып, адамдарды іріктеу қажет болды. Тағы басқа да көптеген жұмыстарды тындырдым.
– Соңғы жылдары қытай еліндегі қандастарымыздың атажұртқа бет бұрған көші саябырлап қалды. Оның қандай себептері бар деп ойлайсыз?
– Қытайдағы қазақ диаспорасы жалпы айтқанда, жаман тұрмайды. Олардың арасында білім деңгейі жоғары ірі кәсіпкерлер мен бақуатты адамдар көп. Олардың көбінің Қазақстанмен тығыз байланысы бар. Олар негізінен Шыңжаңда тұрады. Дегенмен, оралмандар легі саябырсыды. Көптеген себептердің ішіндегілер: қазір Қытайда әлеуметтік кепілдіктер жақсы, мамандардың жалақылары жоғары. Ал оларды біздің жақта да онша құшақ жайып қарсы алып жатқан жоқ және оларға қазақ жерінде өздерінің біліми және интеллектуалдық деңгейіне сай жұмыс табу да қиын.
– Жасырары жоқ, ол жақта қазақ мектептері жабылып жатыр. Елшілік қызметте жүргенде осы қиындықтан қандастарды аман алып қалу үшін не істедіңіз?
– Шынын айтсақ, біз бұл тұрғыда зорығып болдық деуге болады. Бұл жайында не айтсақ та, біздің қандай ренішімізге де көршіміз бүлк етер емес.
Бала кезде «банды» болдық
– Жазушы Герольд Бельгер сіздің анаңыз Фатима туралы «Қазақтың ХХ ғасырдағы барлық трагедиялық тағдыры сол кісінің өміріне сыйған» деп айтыпты. Анаңыздың қилы-қилы тағдыры сіздің өмір жолыңызға кері әсерін тигізген жоқ па?
– «Халық жауының» баласы деген жалған жала тек мені ғана емес, отбасымыздағы барлық аға-бауырымды айналып өткен жоқ. Бірақ соның барлығына да еш мойымай шыдап, тайсалмай алға ұмтылатын қасиетті мен аяулы анамнан жұқтырдым. Герольд Бельгердің олай айтатын себебі, анам қазақ халқының асыл буыны – Алаш азаматтарының бел ортасында жүріп, соларға сай бола білген және тар жол, тайғақ кешу заманда оларды рухтандырып отырған. Ол халқымыздың мемлекет және қоғам қайраткері, публицист-жазушы Біләл Сүлеевке тұрмысқа шығады, алайда, ол қуғын-сүргінге ұшырап кетті. Сосын халқымыздың құлагер ақыны атанған Ілияс Жансүгіровпен отау құрды. Көп ұзамай, Ілияс аға да тұтқындалып, атылады. Олардан тұяқ қалды. Әкем Мұхтар сол балаларға да ерен қамқорлық танытты, әке орнына әке болды. Бұл сыйластықтың соңы олардың көңілдерінің жарасуына ұласып, нәтижесінде мен дүниеге келіппін. Тегі, мен Ілияс Жансүгіровтің отбасында туып-өстім.
Мен Мәскеуде жүргенімде достарыммен «Жас тұлпар» ұйымын құрған кезде біздің негізгі бағытымыз бен құпия сырымызды анам бірден түсініп, жанкүйер болып, бізді қолдап отырды. Анам біздің ұйымымыз қуғынға ұшырағанда «Құлады жардан «Жас тұлпар» деген өлең жазған болатын. Шешем қазақтың бай фольклорынан 100 мақал-мәтелді таңдап алып, бастырып, маған Мәскеуге жіберген. Ол маған үлкен рухани азық болды. Бұл мақал-мәтелдерде азаматтық сезім де, отансүйгіштік қасиет те, адам атаулыға үлкен демеу болатындай құдірет те бар еді. Шынын айтсам, мен сол мақал-мәтелдер арқылы қазақ тіліне қайта оралдым. Әйтпесе, жат елде, өзге ортада жүрген мен бұл кезде қазақ тілін ұмыта бастаған едім. Сондықтан, мен өзімді қазақ тіліне қайта келген «оралманмын» деп есептеймін.
– Өзіңіз айтып отырған «Жас тұлпар» ұйымын құрудағы басты мақсаттарыңыз не еді?
– «Жас тұлпар» қазақ студенттерінің оқуына көмектесу, қысқы және жазғы демалыс кездерінде қазақ ауылдарын аралау секілді бірнеше бағытта жұмыс істеді. Біз ол кезде Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Қызылорда облыстарына, Ресейдегі Омбы облысының қазақтар тұратын аудандарына барып тұрдық. Ал ұйымның үшінші бағыты ұлттық мәселе болған-ды. Ғылымға, өнерге берілген жастарды алдымен ұлттық мүдде төңірегінде топтасуға шақырдық. Осы мақсатта «Дос- Мұқасан» ансамблі құрылды. Тағы да тарих пен әдебиетке қатысты кітаптар шығардық. Өкініштісі, ол кітаптардың бірталайы бүгінгі күнге жетпеді. Ол Кеңес Одағының қылышынан қан тамып тұрған кезінің өзінде-ақ елдік һәм ұлттық сананы қалпына келтіруге үлкен үлес қосты.
– Сіз қандай бала болдыңыз?
– Менің оқуым жақсы болды. Мектептегі көшбасшылық қасиетім институтта да жалғасын тапты. Бұл жалпақ жұртқа мәлім «Жас тұлпар» ұйымын құруға дейін алып келді.
Анамыз бізді еңбекке ерте араластырды. Сондықтан, ерке бала болып, шолжаңдауға мүмкіндік болған жоқ. Өйткені, заманның өзі сондай еді. Анам менің 8-9-сыныпта оқып жүрген кезімде жазған күнделігінде «Мұрат мақтағанды жақсы көреді» деп жазыпты. Мақтанғандық емес, мен қай жерде жүрсем де, көшбасшылыққа жақын болдым. Пионер болған кезімнің өзінде отряд төрағасы, староста болып, балаларды ұйымдастырып жүретінмін. Ал 8-9 сыныптарда көшеде жиналып, өзімізше «банды» болатынбыз. Басқа мектептің немесе ауданның балаларымен төбелесіп, қалада қайсымыздың күшті екенімізді дәлелдемек болып, шекісіп жататын кездер де болды. Нева даңғылының өз атамандары бар болатын. Бірақ, біз келгенде олар ығысып, тайқып кететін. Бұл жасөспірім шақтың құбылып тұратын бір көріністері ғой…
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы