Өзекті

Монаколықтардың мерейі үстем болды

Өскеменде «Қазақстан оқушысы-2019» көпкүндік веложарысы мәресіне жетті. Осымен 50-ші рет өткізіліп отырған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген велошабандоздармен қатар, Өзбекстан, Ресей және Монако Князьдігінен 130-ға жуық спортшы қатысып, бақтарын сынады.
Қаладағы Комсомол аралында өткен жарыстың жабылу салтанатына даңқты велошабандоз, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров пен велотректен Азия және Әлем чемпионы Алексей Лялько қатысты. Жеңімпаздарды аймақ басшысы Даниал Ахметовтің атынан құттықтаған облыс әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Сәрсебаев жас спортшыларға алдағы додаларда сәттілік тіледі.
– Осымен 50-ші рет ұйымдастырылған «Қазақстан оқушысы» жарыстарының 20-сы біздің облыста өткенін мақтан тұтамыз. Олимпиада чемпионы Александр Винокуров та кезінде өздерің сияқты спорттық мансабын осы веложарыстан бастаған болатын. Бұл бірегей додаға қатысу арқылы сендердің де тәжірибелерің толысып, шеберліктерің шыңдала түсетіні ақиқат. Аталмыш веложарысқа қатысушылардың арасынан еліміздің атын әлемге әйгілейтін чемпиондар шығатына сеніміміз мол, – деді Ж.Сәрсебаев.
Ал жарыстың жабылу салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысқан Александр Винокуров болса, велобәйгенің мән-мағынасы мен деңгейі жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтып, спорттық іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан облыс басшылығына алғыс білдірді.
– Сонау 1987 жылы мен де бұл жарысқа қатысқан болатынмын. Сол кезде осындай биік белестерді бағындырамын деп ойламаппын. Бірақ мен көп еңбектендім. Бүгінге дейін жеткен жетістігімнің бәрі сол төгілген тердің арқасы. Сондықтан жастарға айтарым, алынбайтын қамал жоқ, еңбектеніңдер, армандаңдар, алдарыңа мақсат қойыңдар, – деді даңқты велошабандоз.

Монаколықтардың мерейі үстем болды

Бір қызығы, биылғы додаға Винокуровтың екі ұлы Николай мен Александр да қатысыпты. «Monaco team» командасы сапында өнер көрсеткен олар веложарыстың бірнеше кезеңінде мәре сызығын алғашқылардың бірі болып кесіп, әкелерін қуантты.
Жалпы, биылғы додада Алматы облысы мен Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының велошабандоздары жақсы дайындықпен келгендерін көрсетті. Бұл командалардың өкілдері жарыстың түгелдей дерлік кезеңінде жүлдегерлер қатарынан көріне білді. Дегенмен жалпыкомандалық есепте топ жарған бұлар емес, алыстағы Еуропадан жеткен «Monaco team» командасы болды. Әсіресе, Гийом Брудер деген тегі франциялық жас велошабандоздың шеберлігіне еріксіз қол соғасың. Антиб қаласының тумасы алты кезеңнен тұратын жарыстың барлық сайысында алдыңғы шептен көрінді. Нәтижесінде жарыс жеңімпазының сары жейдесін де осы велошабандоз киді.
Ал отандастарымыздың арасында елордалық Нұржан Хатпиннің өнерін атап өтуге болады. Бұл жас велошабандоздың кәсіпқой еуропалық әріптестерінен еш қалыспай, тіптен кей кезеңдерде алдарын орап кеткені көңілге үміт ұялатты.
Өкінішке қарай, биылғы бәсекеде біздің облыстың өкілдері ауыз толтырып айтарлықтай өнер көрсете алмады. Шығысқазақстандық велошабандоздар алты кезеңнің бірде-бірінде жүлделі орыннан көрінген жоқ. Демек, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін бапкерлерімізге де, спортшылардың өздеріне де әлі көп еңбектену қажет.
Жарыс қорытындысына келсек, жалпыкомандалық есепте монаколықтардан кейінгі жүлделі екінші және үшінші орындарға Талғар (Алматы облысы) мен Шымкент қалаларының командалары ие болды. Үздік нәтиже көрсеткен ұжымдар мен бірнеше аталымда топ жарған велошабандоздар ұйымдастырушылар, сондай-ақ Александр Винокуров қоры атынан кубоктармен, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
– «Қазақстан оқушысы» – ерекше веложарыс. Оған кезінде таңдаулы деген отандық велошабандоздар қатысқан. Сондықтан бұл жарыстың жас спортшылар үшін орны бөлек. Шығыс Қазақстан жерінде осымен 20-ші рет өткізілген биылғы велобәйге де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Командалар бір-біріне сай болды, жарыс аса тартысты өрбіді. Нағыз мықтылар жеңіске жетті, – дейді веложарыстың бас төрешісі Рашид Хакимов.
Естеріңізге салайық, тура бір аптаға созылған велобәйгеде қатысушылар Өскемен мен Риддер қалаларының, сондай-ақ Алтай, Глубокое, Ұлан аудандарының жолдарымен жүріп өтті.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button