«Молоко» «Мал ағы» екен
Қазақ тілі мыңдаған жылдық тарихы бар ұлы тілдердің бірі емес пе? Кезінде Алтын Орда қағанатыныңсөйлеу және іс жүргізу тілі болған тіліміз басқа халықтардың тіліне зор ықпал жасаған. Мәселен, сол империяның құрамында болған солтүстіктегі көршіміздің тіліндегі көптеген сөздер – біздің тіліміздегі төл сөздеріміз.
Атақты Дальдің сөздіктерін ақтарып отырсаң, орыстың «молоко» сөзі «мал ағы» деген қыпшақ сөзінен алынған. Яғни, малдың ағы – сүті деген сөз. Сүт деген термин қазіргі тілімізге өткен ғасырдың 20-шы жылдары кірген. Осыған дейін ертедегі қыпшақтың (қазақтың) қарапайым сөзімен «малдың ағы» деп келгенбіз.
Көрші халықтың «ура» сөзі «әруақ» деген бабаларымыз жауға шапқанда дем беруші, атойлаушы сөзінен алынған. Сонымен қатар богатырь – батыр сөзінен, деньга – теңге сөзінен, серьги – сырға, далеко – дала сөзінен (алыс, ұзақ деген мағына білдіреді) шығады. Тізе берсең өте мол. Осынша бай тілдік қорымызды кейбіреулер жұпыны деп төмендетіп жатады. Біздің тіліміз кеңестік заманға дейін бірнеше ұлы мемлекеттердің, нақтылай айтсақ, Алтын Орда империясынан бастап және одан кейінгі көптеген хандықтардың мемлекеттік тілі болған. Айталық, атақты америкалық ғалым Хилда Хуккем Әмір Темір туралы жазған зерттеу кітабында: «Темірлан империясы толықтай байырғы қыпшақ тілінде сөйледі, оның ата-бабасы Шыңғыс хан да, оның құрған ұлы қағанаты да осы тілде сөйлеген-ді…» дейді.
Өзбектер мен ұйғырлар түркі халықтарының құрамына кіргенімен олар қарлұқ тайпасына жатады. Түрікмендер, түріктер, әзірбайжандар оғыз тайпасы болып есептеледі. Бұларда – түркілер. Қазақтар қыпшақ тайпасына жатады.
Сонда Әмір Темір мен Шыңғыс хан империясы қай тайпаның құрған қағанаттары?! Әрине, қазақтардікі болып шығады. Қазіргі моңғолдарың – қалқалық буряттар. Олар ресейлік орхон буряттарымен тұтас халық болып есептеледі. Олар – бір тілде сөйлейтін, бір дәстүрдегі және будда дініндегі адамдар. Ұлттық киімдері де бірдей. Оны орыс зерттеушілері осылай деп жазып, көрсетіп келеді. Біртұтас жұрт болғанымен, орыстар шекара түсіргенде екіге бөлініп қалған. Астаналары – Улан-Батор біздің тілде «қызылбатыр»деген түсінік берсе, Бурятияның бас қаласы – Улан-Удэ«қызылсұңқар» деп аударылады. Орыстардың жазғандарыңда «моңғол» сөзі Орталық Азия елдерінің «моғыл» сөзінен алынған делінген. Ал енді кейбір еуропалық ғалымдардың зерттеулерінде қыпшақтың «мың қол» сөзінен шыққан деп жазылады(Ю.Яковец «Өркениеттер тарихы»). Қарапайым сөзбен айтсақ, ресейлік Осетия мен грузиялық Осетия секілді екіге бөлініп қалған.
Біздің қазаққа күрескерлік жетіспейді. Мысалы, дүние жүзінде ағылшын халқы 60 миллионға жетер-жетпес, бірақ жер шарындағы 7,5 миллиард халықты ағылшын тілінде сөйлетуге, жаздыртуға күш салуда. Қандай күрескерлік десеңізші! Сондай-ақ қасымыздағы 32 миллион өзбек бір тілде сөйлеп, мемлекеті бір тілде жұмыс істейді. Біз болсақ, қасымызда жүрген аз орысты, саусақпен саңарлық ұйғырды, татарды, дүңгенді, басқа да кішігірім этностарды қазақша сөйлете алмадық.Бұл қазекеннің әлсіздігін, екі адамға сөзін өткізе алмайтын жуастығын көрсетпейме?!
Сонымен қатар қыпшақ-қазақтардың тарихтағы ұлы перзенттері Жошы, Бату, Хулагу, Үгедей, басқада көптеген тарихи тұлғаларын өз тілімізде жазғанымыз дұрыс. Кезінде қытай, орыс және еуропалық жылнамашылар өз тілдеріне жақындатып бұларды әріп қателерімен жазды емеспе.Мысалы, Жошыны – Джучи, Батылды – Бату немесе Бати, Құбағұлды – Хулагу, Үкітайды – Үгедей, Мұқатайды – Мукалай (қытайды бағындырған батыр), Сүбетайды – Сүбедей (қолбасшы), Төлені – Тулу (Шыңғысханның ұлы) деп жазды. Міне, осы тарихи тұлғалардың есімдерін өз тілімізде жазсақ дұрыс болар еді. Олар өмірде өз тілдерінде аталды емеспе. Бұлардың түгелі – қазақтың ұлы тұлғалары. Мұны көпшілік болып қолдап, күрескеніміз дұрыс. Мәңгүрттіктіңде шегі болады. Сонда ғана тарихымызды тазалап, қалпына келтіріп, дұрыс жолға түсеміз. Қазір де өз ата-тегін (фамилиясын) бұрынғыша орысшалап жазып жүрген мәңгүрттер жетерлік.
Осы орайда бір мысал келтіре кетейік.Бұл осыдан бірнеше ғасыр бұрын болған оқиға еді. Ресей империясын үш ғасыр билеген Романовтар тұқымы осы үшғасырлық оқиғаға орай үлкен той жасайды. Бұл тойға көптеген мемлекет басшылары шақырылады. Сондай бір шақырылған қонақ кезінде Пруссия мен Германияны біріктіріп, бір мемлекет қылған темірдей Бисмарк болыпты. Бірер күн басқалармен бірге көңіл көтеріп, шаршаңқыраған канцлер қасына дос-жарандарын алып, императордың бірнеше гектарға созылған бау-бағын атқа отырып, аралап кетеді.
Орманды аралап келе жатқан Бисмарк бір жерден күзетте тұрған екі әскерді байқайды. Қасынан өтіп бара жатып, орман ортасында нені күзетіп тұрғандарын сұрайды. Олар нені күзететінін білмейтін болып шықты. Тек күнде күзет ауысып тұратынын айтады. Бұған қайран қалған канцлер серуеннен қайтып келген соң той иесінен орман арасындағы күзеттің не үшін тұрғанын сұрайды. Қызық болғанда, бұлар да ол туралы білмейтін болып шығады. Анықтаса, 2-ші Екатерина патшайым көктем күні бақты аралап жүріп, бір жерден жауқазындардың гүл жарып тұрғанын байқайды. Сарайдағы дворяндардың балалары үзіп тастамас үшін күзет алдырып, бақылатып қойған екен. Кейін қойдырған күзетін ұмытып кеткен ғой. 300 жыл! Қаншама уақыт өтті. Күнделікті бұл жерге келетін күзеттің өзі нені күзететінін де ұмытты. Әйтеуір, осы араға күзет тұруы тиіс. Бисмарк болмағанда бұл дәстүр жалғаса берер ме еді, қайтер еді?!
Айтайын дегенім, еліміздің тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асса да, ұлтымыздың ұлық мәселелерінің осы уақытқа дейін толық шешілмей келе жатқаны. Сіз болып, біз болып, осы бір толғауы жеткен істерді уақыт өткізбей қалпына келтірсек, жұртымызға мың да бір қуаныш болар еді.
Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.