Міндетті медициналық сақтандыру қоры құрылады
Облысымызға Әлеуметтік даму және денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Салидат Қайырбекова іссапармен келді. Бірінші вице-министр Өскемен және Семей қалаларындағы бірнеше емдеу мекемелерінде болып, облыстық, қалалық және аудандық емдеу орындары басшыларымен, дәрігерлермен кездесті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Жиында Салидат Қайырбекова Президенттің тапсырмасымен республика көлемінде салынуға тиіс 350 емхана мен ауылдық дәрігерлік амбулатория және «100 аурухана» бағдарламасы біздің облыста жоспарға сай орындалып келе жатқанын айтты.
Кездесуде ол денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту мәселесіне, 2017 жылы енгізіледі деп жоспарланып отырған міндетті медициналық сақтандырудың принциптеріне баса назар аударды.
– Бүгін біз бұрынғы міндетті медициналық сақтандыру қорын құруда жіберген кемшіліктерді ескеріп, халықаралық озық үлгілерге сүйене отырып, әлеуметтік әділ медициналық сақтандыру қорын құруға тиіспіз. Қоғамның әлеуметтік нашар қорғалған тобы қашан да мемлекеттің қамқорлығында қала береді. Ондай жандар емделуге ақы төлемейді, бұл тіпті талқылауға да жатпайды, – деді С.Қайырбекова.
Шығыс Қазақстанда өлім көрсеткіші жыл сайын төмендеп келе жатқанымен, республикалық деңгейден әлі жоғары. Жүргізілген сараптамалар өңірде өлімге әкеп соғатын дерттердің көш басында қан айналымы аурулары тұрғанын көрсеткен. Бұл көрсеткішті төмендету үшін дертті алғашқы сатысында анықтау керек. Ол үшін алғашқы медициналық көмекті дамыту, учаскелік терапевтердің біліктілігін арттыру қажеттігі айтылды. Бүгінгі терапевт ЭКГ-ні өзі оқып, инсульттің алғашқы белгілерін бірден анықтай алуы тиіс. Голландияда науқастардың 90 пайызы алғашқы медициналық көмек мекемелерінің қызметі арқасында сауығып кетсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш 30 пайыздан аспайды.
Қазіргі таңда әр науқастың соңынан ақша келетіні белгілі. Осы орайда Салидат Қайырбекова терапевт дәрігерлердің пациенттерді ең қажетті мамандарға жібермей, көбінде өздері емдеуге тырысатынына да қарсылық білдірді. Науқас мамандандырылған білікті дәрігердің емін алуға құқылы.
Жиында көтерілген тағы бір мәселе – жалпы практикамен айналысатын дәрігерлерді даярлау. Осы мақсатта бүгінде еліміздің алты жоғары оқу орны Шотландияның бір университетімен келісімшартқа отырыпты. Әлемдегі ең мықты орта буын медицина қызметкерлерін даярлайтын Финляндия болғандықтан, қазір республикалық медициналық колледжге тәжірибе алмасу мақсатында сол елден мамандар шақырылған. Мамандардың айтуынша, медбикенің де тігінен қызмет баспалдағымен өсуінің алғы шарттары жасалуы қажет.
Бірінші вице-министр Семейге жасаған іссапары кезінде медициналық университеттің кардиохирургия орталығында болып, биыл маманданып шығатын түлектермен жүздесті. Кездесуде ЖОО-лар мен колледждердегі студент жастардың тәжірибе жинау барысындағы жетістіктері мен кемшін тұстарын сараптайтын тәуелсіз институт елімізде өз жұмысын бастағанын жеткізді.
Өскемен қаласында Салидат Қайырбекова №1 қалалық аурухана мен облыстық ауруханадағы инсулт орталықтарының жұмыстарымен танысты. Глубокое ауданындағы Ушанов ауылында ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ашылуы салтанатына қатысты. Бұл емдеу мекемесінің меңгерушісі болып «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен туған жеріне оралған Мәдина Майжерина бекітілді. Ол – Семей медициналық мемлекеттік университетінің түлегі.
Айна Ескенқызы