Денсаулық сақтау

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бізге не береді?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бізге не береді?


2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Жаңа реформа тұрғындарға не береді, оның негізгі мақсаттары қандай? Мемлекет өзіне қандай міндеттемелер алады? Біз осы мәселелерге қатысты талдау жүргізуді жөн көрдік.

Денсаулық сақтау ең көп шығынды талап ететін сала екені жасырын емес. Жыл сайын мемлекет тұрғындардың медициналық қажеттеріне қыруар қаражат бөледі. 2016 жылы ғана осы бағытқа 900-ден астам миллиард теңге қаржы қарастырылыпты. Соған қарамастан ақша жетпейді. Бұл тығырықтан шығудың жолдары Елбасының бес институциналды реформасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айқын көрсетілген. Осы құжаттың 80-қадамында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы тапсырма бар. «Азаматтың денсаулығы үшін жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың ынтымақтастығынан құрылуы қажет» делінген онда.

–Қазір кез келген адаммен әңгімелессеңіз, менің денсаулығыма дәрігерлер жауап береді дейді. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының зерттеулері бойынша, адам денсаулығының тек 8-12 пайызы ғана медициналық көрсеткіштерге байланысты екен, қалғанына қоршаған орта, өмір сүру салты, ішетін тамағы, басқа да жағдайлар әсер етеді, – дейді Медициналық қызметтерді төлеу комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Әлиев.

Болат Хайроллаұлының айтуынша, жаңа жүйенің құрылуына бірнеше алғы шарттар негіз болған. Басты мақсаты – денсаулық саласының қаржылық қорын күшейту, бастапқы медициналық қаржыландыруды бұрынғыға қарағанда арттыру. Өркениетті елдерде халық денсаулықтарына қажетті көмектің 90 пайызын алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарынан алады, бізде бұл көрсеткіш 50 пайыздан аспайды. Одан бөлек Елбасының 30 алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылу туралы тапсырмасы тағы бар. Дамыған елдерге қарасақ, олар ішкі жалпы өнімнің 6,8 пайызын денсаулық саласына жұмсаса, бізде бұл көрсеткіш бар болғаны 2,8 пайызды құрайды. Сонымен қатар қазақстандықтар денсаулығын түзеуге өз қалтасынан да төлейді. Осының бәрін жинақтағанда ішкі жалпы өнімнің 3,15 пайызына әрең жетеді.

–Біз бұған дейін қолға алынған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының нәтижесінде тұрғындардың өмір жасын 2,17 пайызға ұзарттық, қазір қазақстандықтардың орташа жасы 71-ден асты. Алпыстан асқаннан кейін ағзада ауру түрлері көбейеді, демек жұмсалатын қаржы көлемі де артады, – деп жалғастырды сөзін департамент басшысы. – Екіншіден, елімізде қазір жоғары технологиялық медициналық көмекке қол жеткізілген. Мысалы, 2016 жылы 3200 адамның қан тамырларына коронографиялық тексеру жасалды, ал бір процедура 90 мың теңге тұрады. 1200-ге жуық науқастың жүрегіне стенд (әрқайсысының құны 800 мың теңге) қойдық, 400 жүрекке операция жасадық. Бір операцияға 2,5 миллион теңге жұмсалды. 380 адамның жамбас, тізе буындарын ауыстырдық, біреуі миллион теңгеге жуық тұрады. Барлығы тегін жасалды. Жоғары технологиялы медициналық көмекті көрсетуді 2010 жылдан бастадық, ал бұл бағыт жылдан-жылға қаражатты көп қажет етеді.

Қордың қаржысы қайдан құралады?

Алдымен сақтандыру жүйесімен көрсетілетін медициналық көмек үш негізгі бөліктен тұратынын білу қажет. Болат Әлиевтің түсіндіруінше, бірінші базалық пакетке мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек жатады. Бұл көмек қазақстандықтардың барлығына сақтандырылған, сақтандырылмағанына қарамастан қолжетімді. Оған жедел жәрдем мен санавиация қызметі, екпе жұмыстары, өйткені бұл ел қауіпсіздігі болып саналады, әлеуметтік маңызы бар туберкулез, қант диабеті, буын аурулары сияқты 12 түрлі дерт және кенеттен ауырған жағдайлар жатады. Сондай-ақ, 2020 жылдың бірінші қаңтарына дейін амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін амбулаторлы-емханалық көмек кіреді. Бүгінде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін 46 түрлі дертке 400-ден астам дәрі түрі бекітілген. Департамент басшысының сөзіне қарағанда, мемлекет ешкімді де далаға тастамайды, қандай да бір дәрігерлік қызмет бәрібір көрсетіледі.

Екінші – сақтандыру пакеті. Бұл қандай жарнада құралады?

–2017 жылдың 1-шілдесінен жұмыс берушілер аударымдарды төлеуді 2 пайыздан бастап, 2020 жылы 5 пайызға дейін өсіреді. Қызметкерлерден жарна 2019 жылдың 1-қаңтарынан еңбекақысының 1 пайызы көлемінде, 2020 жылы 2 пайыз көлемінде ұсталады, – деп түсіндірді Болат Хайроллаұлы. – Сонымен қатар сақтандыру қорына жарна төлеуден әлеуметтік нашар қорғалған он бес топқа жататын азаматтар босатылған, олар үшін төлемдерді мемлекет өз қалтасынан аударады деп күтілуде. Республикалық статистикалық комитеттің мәліметі бойынша, қазақстандықтардың орташа жалақысы 2016 жылы 125 мың теңге болыпты. Осы соманың 4 пайызын мемлекет жаңағы топтарға 2018 жылдың 1-қаңтарынан өз қалтасынан аударады. 2019 жылы 5 пайыз, 2020 жылы 6 пайыз, 2024 жылы 7 пайызға дейін жетеді.

Сақтандырылған азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтің ауқымы әлдеқайда кең. Олар үшін кепілдендірілген медициналық көмектен басқа тар сала мамандарының қабылдауы, жоғары технологиялы мамандандырылған көмек, санитарлық-медициналық қызмет, стационарды алмастырушы және паллиативті дәрігерлік көмек қолжетімді болмақ.

Айтпақшы, жеке куәліктегі ИИН сақтандыру полисінің рөлін атқарады деуге болады. Барлық мәліметтер электронды базада шоғырландырылғандықтан, сақтандырылған қазақстандықтар жеке куәлігін көрсету арқылы еліміздің кез келген жерінде медициналық қызметке жүгіне алады.

Өзін-өзі асыраушылар не істеу керек?

Қазақстанда17 миллион халық болса, оның 6,5 миллионының тұрақты жұмысы бар. Ал қалған 10 миллионнан астам тұрғын экономикалық жағынан алғанда белсенді емес деп танылған. Оларға балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, жұмыссыздар жатады. Қазір қолданыста өзін-өзі асыраушылар деген термин пайда болды. Бұл топқа жататындар еш жерге тіркелместен, өздерінің жеке шаруаларымен айналысып, өз күндерін көріп жүрген жандар. Елімізде 2,5 миллион осы өзін-өзі асыраушылар бар. Статистикалық органдардың мәліметі бойынша, Шығыс Қазақстан облысында 203,7 мың өзін-өзі асыраушы бар екені анықталған. Бұл топтағылар ешқайда тіркелмеген, салық төлемейді. Бұларға дәрігерлік көмек қалай көрсетіледі? Болат Әлиевтің айтуынша, үш жолы бар. Біріншіден, жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде ресми түрде тіркелуі керек. Екінші жолы – өзінің табыс көзін заңдастыруы керек, яғни, атқарып отырған шаруасына патент алған дұрыс. Үшінші жолы – ең төменгі жалақының 2 пайызын ай сайын банкке өзі апарып жарна ретінде төлеуі керек, қазір осы мәселе талқыланып жатқан көрінеді.

Дәрігерлердің жалақысы өседі

Болат Әлиевтің пікірінше, сақтандыру жүйесінің денсаулық сақтау саласына беретін оңды өзгерістері аз емес. Қаржы көзінің артуы медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға, жаңа технологияларды енгізуге, дәрігерлердің жалақысын өсіруге мүмкіндік бермек. Дәрігерлердің дифференциалды еңбекақысы сақталады, яғни, әркім істеген жұмысына қарай жалақы алады. Емдеу мекемелерінің арасындағы бәсекелестік артады. Жаңа жүйе емдеу мекемелерінде сыбайлас жемқорлықтың жойылуына да игі әсерін тигізеді деген үміт бар. Өйткені бұрынғыдай тамыр-таныспен дәрігерлерге бару енді болмайды. Барлық медициналық қызмет түрлері сақтандыру жүйесінің аясында жүргізілетіндіктен, біреулерге «рахмет» айтудың қажеті шамалы. Тұрғындар жекеменшік емдеу мекемесінің де қызметіне жүгіне алады, егер ол клиника аккредитациядан өткен болса. Сонымен қатар емхананың сақтандыру қорымен келісімшарты болуы керек. Тағы бір есте сақтайтын нәрсе, жеке емхана қызметіне өз бағасын тағайындамайды. Тарифке барлық шығын енгізілгендіктен көрсетілген қызметтің бағасы барлық жерде бірдей болуға тиіс.

–Статистикалық мәліметтер бойынша, бай адамдар ауырмайды екен. Өйткені олар өздерін өздері күтеді, таңертең жүгіреді, спортпен шұғылданады, дұрыс тамақ ішеді. Сондықтан олардың денсаулығын түзеуге көп қаржы кетпейтін көрінеді. Ал бақуатты жандардың қорға аударатын жарнасы басқалардікінен әлдеқайда қомақты екенін ескерсек, ауқатты адамдар тұрмысы орташа жандарға көмектеседі. Қордың ұраны «Әркімнен мүмкіндігінше, барлығына қажеттілігінше» дегенге саяды, – дейді департамент басшысы.

Сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылғандар: балалар; көпбалалы «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр ана» атағын алғандар, II және III дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналар; Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері; мүгедектер; жұмыссыз ретінде тіркелгендер; интернаттық ұйымдарда оқып-тәрбиеленушілер; техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, жоғары оқу орындарында, сондай-ақ жоғары білімнен кейін резидентурада күндізгі бөлімде оқитындар; бала тууға, бала асырап алуға байланысты және үш жасқа толғанша бала күтімі бойынша демалыста отырған тұлғалар; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған, жұмыс істемейтін жандар; зейнеткерлер; әскери қызметкерлер; арнайы мемлекеттік органдардың қызметшілері; құқық қорғау органдарының қызметкерлері; сот үкімімен қылмысты-атқару жүйесінде (қауіпсіздігі төмен мекемелерден басқа) жазасын өткеріп жатқандар, уақытша изоляторда және тергеу изоляторында отырғандар.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button