Экология

Мөлдіреп тұрған Марқакөл ғана

Мөлдіреп тұрған Марқакөл ғана


Қазақстан қалаларының атмосфералық ауасына жүргізілген 2015 жылдың (өткен жылдікі әлі қорытындыланбаған) зерттеу нәтижелері Өскемен қаласы ауаның ластануы деңгейі жағынан өзге қалалардың ішінде 7-орында тұрғанын көрсетіп отыр. Ауасы аса лас делінген қалалалардың алдында Қарағанды, Шымкент, Теміртау, Алматы, Жезқазған мен Риддер тұр.

Риддердің өзі де, өзендері де ластанып жатыр

– Өскемен 2010-2012 жылдары ауаның ластану деңгейі жағынан 5-ші орында болған. Бұрнағы жылы қаланың жетінші орынға түсуі лас қалалардың көбейіп кетуінен емес, облыс орталығында өндірістік шығарындылар мен зиянды газдар көлемінің сәл де болса төмендеп отыруынан,-дейді «Казгидромет» РМК облыстық филиалының қоршаған ортаның жай-күйін мониторингтік кешенді бақылау зертханасының басшысы Татьяна Козлянская.

Өскеменнің ауасы шын мәнісінде ауырлап, көшелері көк түтінге толатын қолайсыз ауа райы жағдайы пайда болған күндер былтыр қалада 58 рет тіркелген. 2015 жылдың 12 айының 100 күнінде желсіз, тымырсық қолайсыз ауа райы жағдайы қалыптасқан. 2017 жылдың қаңтарының 17-21; 29-30 аралықтары да қолайсыз ауа райы күндері болған. Облыс орталығы таулардың етегіндегі ойпатта орналасқандықтан терек басы қозғалмай қалатын осындай желсіз, қолайсыз ауа райы күндері қала тұрғындарының тек газ, шаң-тозаң араласқан ауамен ғана тыныстауына тура келеді. Өнеркәсіпті Өскеменнің аз да болса тазарып, газдан арылуына желді күндердің көп септесетінін, шаһардың экологиялық ахуалын ушықтырып тұрған қолайсыз ауа райы күндері екендігін экологтар жоққа шығармағанымен қаладағы металлургиялық кәсіпорындардан, ЖЭО мен шағын өндірістерден, қазандықтардан, сапасыз жанар майды пайдаланып жатқан көліктерден, ескі көліктерден бөлінетін зиянды шығарындылар көлемі аса көп. Өскеменде, өңірдегі өзге өнеркәсіпті қалаларда ауаға шығарылатын өндірістік шығарындылар көлемі жыл сайын азайып келеді делінген деректер айтылғанымен, тұрғындар тыныстап, жұтып жүрген ауа бәрібір лас. Өскеменде атмосфераның ластану көрсеткіші (жыл бойындағы) 7-ден 6-ға түсіп отырғанымен, бұл көрсеткіш ластану деңгейі жоғары дегенді білдіреді.
Атмосфералық ауа сапасын анықтайтын көп өлшемдердің бірі – стандартты көрсеткіш мөлшері Өскеменде ол 2016 жылы 8,8 стандартты көрсеткішті, яғни, жоғары ластану деңгейін көрсеткен, ал көбірек қайталану көрсеткіші 14,4 пайызды құрап, ол да жоғары ластану деңгейін көрсеткен. Ауаның ластану көрсеткіші бойынша былтырғы жылдың қорытындысында Өскемен, Глубокое, Семей, Риддер қалалары ластану деңгейі жоғары қалаларға жатқызылған.

«Казгидромет» РМК филиалы ауамен қоса облыстағы 13 су көздері нысанына бақылау жүргізіп отыр. Мамандар сынама алынып келе жатқан Ертіс, Бұқтырма, Брекса, Үлбі, Тихая, Глубочанка, Красноярка, Оба, Аягөз өзендері мен Қара Ертіс, Еміл трансшекаралық өзендері және Марқакөл көлі, Бұқтырма, Өскемен су қоймаларының ішінде сапасы 1-класты ең таза су Марқакөл көлінікі екені анықталған. Аймағымызда өндірістің, өзге де факторлардың кері әсері тимеген тұп-тұнық су көзі (тексеріліп отырғандардың ішінде) жалғыз осы көл ғана болып тұр. Қара Ертіс, Ертіс, Оба, Бұқтырма, Еміл, Аягөз, Бұқтырма және Өскемен су қоймасының суы 2-класты өте аз көлемде ластанған, ал қалған бес өзен 3-класты аса қатты ластанған өзендер қатарында. Красноярка өзенінен басқа су көздерінің сапасы соңғы екі жыл бойы осы қалпынан өзгермеген. 2015 жылы алынып келген сынамалар кезінде 4-класты, төтенше-жоғары деңгейде ластанғандығы анықталған Красноярка өзені былтыр 3-класқа дейін көтеріліп, біршама тазарғанға ұқсайды. Аса жоғары деңгейде ластанған Тихая, Брекса, Үлбі өзендері Риддер қаласының маңындағы, Глубочанка, Красноярка Глубокое кентінің маңындағы су көздері. Экологтардың айтуынша Риддер қаласының ауасы ғана емес, өзендерінің ахуалы да алаңдатарлық жағдайда. Қала ауасы мен өзендер суына Риддердегі тау-кен металлургия өндірісінен бөлінетін қалдықтар, ауаға шығарылатын өндірістік шығарындылар және кеңестік заманнан бері осы өндірістен тау болып жиналып қалған тарихи (мемлекет меншігіне алынған талай жылдан бері жиналған қалдықтарды өңдеп, жою шаралары атқарылмай жатыр) шығарындылар, қалдықтар зиянын тигізіп жатыр. Риддерде 2016 жылы атмосфералық ауаның ластану көрсеткіші 5,9 көрсетіп, жоғары ластану деңгейіне жеткен. Қалада соңғы жылдары формальдегид, фенол шығарындылары көбейген.

– Бұл бес өзеннің суында көп мөлшерде кадмий, қорғасын, мырыш сияқты ауыр металл қалдықтары да бар. Ең қауіптісі, металдар қалдықтары адам ағзасына түскен соң оңайлықпен шықпайды, жиналып қалып, өз зардабын тигізеді, тұрғындар осыны есіне сақтауы керек, – дейді Татьяна Козлянская.

Қала жасыл желексіз қалды

Өскеменнің онсыз да лас ауасын өндірісінен бөлінген қалдықтардың жағымсыз иісіне толтырып отырғандардың бірі – «Май» АҚ кәсіпорыны. Күнбағыс өңдейтін бұл өндіріс орыны кәсіпорын орналасқан Пристань ықшамауданының тұрғындарын сасық иіспен әбден әуреге салып келеді. Зауыт басшылығының экологтарға берген уәдесіне сенсек, жыл соңына дейін өндіріс жаңа құрал-жабдықтармен жұмыс істеуге көшіп, ықшамауданның тұрғындары биыл бұл иістен құтылатын болады.

Кәсіпорындар экологиялық шараларды атқарып, қоршаған ортаны қорғауға күштеп болса да бет бұрып жатқанымен, көліктеріміз әлемдік «Евро-4», «Евро-5» экологиялық стандартына сай жанар майды пайдалануға биыл да көшпейтін болды. Мұнай өңдеп, жанар-жағармай шығаратын Атырау, Павлодар, Шымкенттегі зауыттарымызда жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстары әлі аяқталмағандықтан, олар жоғары сапалы жанармайды өндіруге дайын емес. «Евро-4», «Евро-5» стандартты жанармайға еліміз 2018 жылы көшуі мүмкін.

Көліктер мен кәсіпорындардан бөлінген зиянды газдармен бүлінген лас ауаның қала тұрғындарына тигізіп отырған зиянын азайтып, қала ауасын тазарта түсу үшін қаланы барынша жасыл желекке орау керек. Бұл облыс экологтарының осыдан 10-15 жыл бұрын айтқан сөзі. Алайда, әлі сөз күйінде қалып келеді. Ана жерде акция өтіп, ағаш отырғызды, тал екті дегенді естіп, көріп жүргенімізбен, бұл бағыттағы шара жүйелі жүргізіліп жатқан жоқ, қаладағы ірі кәсіпорындар орналасқан өнеркәсіптік аймақтардың, оларға жақын маңдағы, орталықтағы қала көшелерінің бойы сол беті қуарып тұр, жыл өткен сайын жалаңаштанып барады. Ал ағаштың, тал теректің ауаны тазартуға, экологиялық ахуалды оңалтуға тигізер пайдасы орасан екені ғылыммен дәлелденгендігін, оны кішкентай баланың да білетінін айтудың өзі артық.

– Біздің жұмысымыздағы негізгі ұран «Ешкім де кінәлі емес, не істеу керек!» дегенге саяды, – деді жуықта өткен қоғамдық кеңестің экология жөніндегі сарапшылар тобының отырысында экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Геннадий Корешков. Кезінде Өскемен көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолының бойы жасыл желекке оранып тұратын. Қазір бірі де қалған жоқ. Керісінше, Металлургтердің мәдениет сарайы, басқа да орталық көшелердің төңірегіндегі ағаштар түгел кесіліп, орнына ештеңе егілмей, тақырланып қалды. Өнеркәсіпті қаланы көгалдандырудың тұжырымдамасы, жобасы жоқ, ағаш егудің жоспары да жоқ. Қалада өсіп тұрған ағаштарды есепке алып, инвентаризациялау жұмыстары соңғы рет 80-жылдары жүргізілген. Өскеменнің ауасын тазарту үшін ең бірінші кезекте атқарылуы тиіс шара ретінде ағаш егуді қолға алуымыз керек.

Экологиялық қауіпсіздік орталығының басшылығы осы мәселені қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қала әкімдігі алдында әлденеше рет көтергенімен, еш нәтиже шығара алмапты.

Енді экологиялық қауіпсіздік орталығы қалалық мәслихаттың экология жөніндегі жұмыс тобына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне көгалдандырушы маман бірлігін енгізу жөнінде ұсыныс беріп отыр. Орталық мамандары экологиялық жағдайы күрделі облыс орталығында қалаға жаппай жасыл желек егу, ағаш түрлерін таңдау, жалпы қаланы көгалдандыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуі керек деп есептейді.

Осы беттің оспағы

Тау ішіндегі тамаша табиғат аясында орналасқан санаторийде демалып жатқан адам санаторий дәрігеріне:

-Дәрігер,маған мына жерде демалу қиындап кетті.

-Неге? Мынандай ғажайып, тұмса табиғат тың таза ауасы ешқайда жоқ!

-Мәселе осында болып тұр ғой, мен газды қаланың ауасына әбден үйреніп алғанмын!

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button