Денсаулық сақтау

Мидағы ісікті бірде-бір тіліксіз алып тастайды

Шығысқазақстандық дәрігерлер мидағы ісікті бірде-бір тіліксіз, мұрын арқылы алып тастауды меңгерді. Облыстық мамандандырылған медициналық орталықта жасалған төрт жоғары технологиялық отаның барлығы да сәтті аяқталды. Мұндай операция өңірде алғаш рет қолға алынып отыр.

Облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың инновациялық медицина бөлімшесінің меңгерушісі Жандос Уап астаналық тәлімгердің арқасында жергілікті нейрохирургтердің осындай операцияны жүргізу дағдыларын пысықтай алғанын айтады.

–Біздің орталықтың нейрохирургтері жоғары технологиялық отаның тағы бір түрін меңгерді. Нұр-Сұлтан қаласының Ұлттық нейрохирургия орталығы трансназальды эндоскопиялық нейрохирургиясының нейрохирург-дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Данияр Телтаев клиникамызда ми ісігін бірде-бір тіліксіз алып тастау операциясы бойынша шеберлік сабағын өткізуге арнайы шақырылған-ды. Екі күн ішінде профессор біздің төрт пациентімізге ота жасап, жоғары технологияның қыр-сырын үйретті. Сонымен қатар Данияр Керімқұлұлы біздің дәрігерлерге осындай оталардың ерекшеліктері туралы дәріс оқуға да уақыт тапты. Біздің облыста мұндай жоғары технологиялық ота бұрын-соңды жасалмаған, жаңа технология. Көмектің бұл түрі алдағы уақытта облыс тұрғындарына өзімізде көрсетілетіні қуантады. Аталмыш отаны жасату үшін енді республикалық клиникаларға сабылудың қажеті жоқ, – деп атап өтті Жандос Уап.

Операция жасаған төрт науқас та аймақ тұрғындары. Олар бірнеше жыл өз дәрігерлеріне көз жанарының нашарлай бастағанына шағымданып келген. Окулистерге амбулаториялық деңгейде тексерілген кезде, мамандар ісік болуы мүмкін деп күдіктенеді. Олардың болжамы МРТ тексерулері кезінде расталған. Астаналық дәрігердің айтуынша, егер науқастарға дер кезінде ота жасалмаса, біраз уақыттан кейін олар мүлде көрмей қалуы мүмкін екен.

–Бұрын гипофиздің аденомасын (ісікті) алып тастау үшін бас сүйегін ашып, үлкен травматикалық операция жасайтынбыз. Мұндай кезде мидың жарақаттану қаупі жоғары. Аз инвазивті технологиялардың артықшылығы да сол –  аденоманы мұрын арқылы алып тастауға мүмкіндік береді. Бұл мидың күрделі құрылымдарымен байланысты азайтады, – деп түсіндірді Данияр Телтаев.

Аз инвазивті ота дегеніміз – бұл операция кезінде науқасты аз жарақаттайтын технологиялар. Эндоскоп пен навигациялық жабдықтар қолданылады. Хирургиялық араласуды дәрігерлер экраннан көріп тұрады. Айтпақшы, елордалық хирургтің есебінде гипофиздің аденомасы және басқа да ісіктерге табиғи мұрын жолы арқылы жасалған екі мыңнан астам операция бар.

–Миға нейрохирургиялық араласу науқасқа жиі қауіп төндіреді: біз өте жұқа құрылымдармен жұмыс істейміз. Егер хирург сәл мүлт кетсе, бұл ісікке жақын тіндерге зақым келтіруі мүмкін. Одан науқас мүгедек болып қалуы да ықтимал. Бұл технологияның артықшылығы – құрал-жабдық операция жасалатын жерді үлкейтіп көрсетеді. Бұл хирургке операциялық аймақтың барлық ұсақ-түйектерін көруге және ісікті толығымен алып тастауға көмектеседі. Біз бас сүйегінің түбіне мұрын қуысы арқылы барамыз, ол жерде кішкене трепанация жасап, аденоманы алып тастаймыз. Бұл асқан дәлдікті қажет ететін  өте нәзік жұмыс, бірақ ол операциядан кейінгі кезеңнің ауырлығын едәуір төмендетеді. Операция сәтті өткен кезде пациенттің көру қабілеті қалпына келеді, – деп толықтырды Данияр Телтаев.

Отадан кейін пациенттер бір ғана қолайсыздықты сезінеді – ол мұрын бітеліп тұрғандай болуы. Мұрын арқылы операция шамамен бір сағатқа созылады. Науқастар бірінші күннен бастап өздігінен жүре алады. Жандос Уап атап өткендей, бәрі жақсы болса, пациенттер операциядан кейін бес-алты күн ішінде үйге шығарылады. Ең бастысы, олар бір ай ішінде дәрігердің барлық ұсыныстарын қатаң орындауға тиіс.

Бұл жерде  айта кету керек, әр пациентке жасалған ота мен оның ары қарай емделу құны 1 миллион теңгеден асады. Аталмыш жоғары технологиялық операциялардың барлығы МӘМС шеңберінде квота бойынша жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, жоғары технологиялық медициналық көмек және оның кейбір жекелеген түрлері медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек тізіміне кіреді. МӘМС жүйесінде сақтандырылған пациенттерге осындай оталар тегін, науқастар жоспарлы емделуге өзі тіркелген емхананың жолдамасы бойынша жатқызылады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button