Мұхтарбек Кәрімов, М.Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының директоры: – Кеңес кезінде тарихымызды идеологиялық қыспақ жағдайында жаздық
Қазір тарихымызды түгендеп жатырмыз. Облысымызда «Тарих толқынындағы халық» мемлекеттік бағдарламасының аясында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форум соның бір дәлелі. Сол форумға қатысқан белгілі тарихшылардың бірі Мұхтарбек Кәрімовпен жүздесіп, әңгімелескен едік.
Ұстазым Нәби Дауылбаев Бекмахановтың шәкірті болатын
– Мұха, қазірде елімізде тарих мәселесіне ерекше көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Соған орай әңгіме өрбітпес бұрын, сөзді ең алдымен осы мамандықты таңдауға не себеп болғандығынан бастасаңыз…
– Мақтанды демеңіз, менің ата-бабаларым сөз ұстаған кісілер. Атам Кәрім шежіреші, әнші кісі болыпты. Ол кісі осыдан жүз жылдай бұрын Көкпектідегі орыс-түзем мектебін бітірген екен. Ал әкем Қарпық болса белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың шәкірті болатын. Әкем ел аузындағы дастандарды жатқа айтатын. Шәкерімнің «Дубровскийін» ана заманда іс басындағы қызметкерлердің өзі әкеме жасырын келіп, көшіріп алып кетіп жататын. Тарихқа да жүйрік әкемнің өз білгенін қағазға түсіріп жүретіндігі және бар еді.
Ал Ақсуат өңіріндегі Қызылкесік орта мектебінде тарих пәнінен сабақ берген Сләм Сәбитов, Құдайберген Сүбебаев сынды ұстаздарымды қайтіп ұмытайын. Мұның алғашқысы кезінде Халық қаһарманы Қасым Қайсеновке де ұстаздық еткен адам. Оның сыртында сонау отыз жетінші жылдары аз уақыт болса да республикалық мемлекеттік орталық мұражайға басшылық еткендігі де рас әңгіме. Осындай кісілердің алдын көрген мен қайтіп тарихшы болмайын.
1970 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне студент болып қабылдандым. Онда Манаш Қозыбаев, Мұсатай Ақынжанов сынды атақты ғылым докторларының дәрісін тыңдадым. Тағы бір ұстазым Нәби Дауылбаевтың ғылыми дәрежесі болмаса да, білімі мен білігі ерекше еді. Өйткені, ол кісі кешегі заманның ноқтасына басы сыймаған ғажап тарихшы Ермұқан Бекмахановтың шәкірті болатын. Немесе өзіміздің жерлесіміз, Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетін Сталиннің қызы Светланамен бірге бітірген Бақтажар Мекішев ғылыми атағы болмаса да қай ғалымнан кем еді?
Диплом жұмысымның тақырыбы ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастарына арналды. Бұл енді қай кезде болмасын маңызды тақырып. Бірақ оның сол заманның тұрғысынан жазылғанын жасырып қала алмаймын. Ал енді ғылыми диссертациямның тақырыбын айтсам, сізге күлкілі болып көрінуі әбден мүмкін. «Тоғызыншы бесжылдықтағы еңбекшілерге экономикалық білім берудегі партияның жетекшілік рөлі». Міне, осы тақырыпта белгілі тарихшы ғалым, соғыс ардагері Шағила Құсанованың жетекшілігімен кандидаттық диссертациямды сәтімен қорғап шықтым. Ал партияның жетекшілік рөлімен бірге, кемшілігін айта алмасақ, оған біз емес, заман кінәлі. Ең бастысы, сол кемшіліктен ештен кеш жақсы деп қорытынды шығара білгеніміз жөн.
– «Біздің тарих – қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деп Қадыр ақын айтпақшы, сол тұста кеңестік идеологияның тарихшыларымызға артық қадам бастырмағаны рас қой. Сол заманда тарихымыз қалай зерттеліп еді деген сауалға кәсіби тарихшы ретінде пікіріңізді білгіміз келеді.
– Ол кезде біз ғана емес, Кеңес Одағындағы барлық халықтардың тарихы идеологиялық қыспақ жағдайында жазылғаны шындық. Соған қарамастан басын бәйгеге тіккен Ермұқан Бекмаханов, Бек Сүлейменов сынды тарихшылар болды ғой. Әлкей Марғұлан сынды ғалымның басқа елеулі еңбегін айтпаған күннің өзінде сол шақта ғылым көгінде аққан жұлдыздай жарқырап өте шыққан Шоқан Уәлихановтың бес томдығын құрастырып, жарыққа шығарып үлгергені ерлік емей немене?!
Қалай десек те, Қазақ КСР-інің бес томдығы да қызыл империяның шаңырағы күйреп ортаға түскенше жарық көрді. Оның басы-қасында Ақай Нүсіпбеков, Манаш Қозыбаев, Кеңес Нұрпейісов сынды көрнекті тарихшыларымыз жүрді. Манаш Қозыбаев демекші, бұл кісінің еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі жерде екінші тынысы ашылғандай болып, ерекше шабытпен еңбек еткенін кім жоққа шығара алады. Қазірде отандық тарихтың жиырма томдығын шығару қолға алынып отырса, соның негізі бұрыннан қаланғанын біржола мансұқтауға болмас. Өткен тарихымызбен бірге, сол тарихты тірілткен осыған дейінгі ғалымдарымызды да жатсынған болсақ, дағыстандық ақын Расул Ғамзатов айтпақшы, болашақ бізді расында пушкамен атпай ма?
– Ол да дұрыс шығар. Әйткенмен, тәуелсіздікке қол жеткізген бетте қалың жұртшылықпен бірге, тарихшы ғалымдардың да абдырап қалғанын жоққа шығара алмайтын шығарсыз. Сол шақта олардың алдына журналист, жазушылардың түсіп кеткені де рас қой. Соның себебі неде деп білесіз?
– Тәуелсіздікке енді ғана қол жеткен шақта тарихқа жаппай қызығушылық басталғаны шындық. Өйткені, халықтың тарих мәселесіне сусап қалғаны да рас. Сол себептен де бұрынғы айтылмай, жазылмай келген тақырыптар кеңінен қозғала бастады. Осы кезде қаламгерлердің шапшаңдық танытқаны да өтірік емес. Көбіне елдің ортасынан табылатын бұлардың да бір айтары болғаны ғой. Елдің ортасы демекші, бұл шақта көнекөз қарттарымыз әлі де бар болатын. Солардан қажетті дерек жинап үлгерген қаламгерлер қауымына рақметтен басқа айтарымыз жоқ.
Солай дей тұрғанмен, әркім өз ісімен айналысқанына не жетсін! Өз басым ақсақты тыңдай, өтірікті шындай етіп айтатындарға қарсымын. Ғылыми деректерді бір сәттік көңіл күй ауанымен сүзгіден өткізе алмайсыз. Мұндайда байыптылық керек. Тарихшыларымыз алғашқыда жаңа заман тынысына бойлай алмай тосырқап, артынша ес жинап жатса, ештен кеш жақсы емес пе?
Этнографиялық зерттеулер күшейтілуі тиіс
– Елбасымыздың ұлт тарихын жаңаша қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл аударып отырғаны баршамыз үшін қуанышты жағдай. Соған орай тарих ғылымы саласында белсенді қозғалыс сезіледі. Айталық, мемлекеттік жоғары оқу орындарында бұрын жабылып қалған Қазақстан тарихы кафедралары қалпына келтіріліп жатыр дегендей. Бұл мәселе сіздердің университетте қалай шешілуде?
– Бұл өзі оқуға түсуге тілек білдірген түлектерге байланысты мәселе. Яғни, ең алдымен жас жеткіншектердің тарихқа деген қызығушылығын оята білуіміз керек. Егер олар сіздің оқу орныңызға келмей жатса, жаңағыдай шаруалар қалай атқарылады? Мұны бір десек, екіншіден, сонау тоқсаныншы жылдардағы демографиялық тоқыраудың да салқыны сезіліп қалып жатыр. Соның бәріне қарамастан біздің университетте де әлгіндей мәселелер біртіндеп шешілетіндігіне еш күмән жоқ.
– Тарихшы ретінде сізді бірінші кезекте не толғандырады? Қандай тақырыптар жабулы күйінде қалып келеді деп есептейсіз?
– Аймақтар тарихына байланысты зерттеулер күшейтілсе деген ұсынысым бар. Ұлттымызға қатысты ортақ тарих содан шығады. Екіншіден, ұлт-азаттық қозғалысқа қатысты мәселелер әлі де толық ашылды деуге келмейді. Аштыққа байланысты жағдай да солай. Сол шақта қандастарымыздың Қытай, Сібір жағына кеткенін білсек те, ол жақтағы тірлігінен соншалықты хабардар емеспіз. Айталық, осы кезеңде азаматтарымыздың құл, қыздарымыздың күң болып сатылғанын кім ашып айта алды? Сонсоң этнографикалық зерттеулер күшейтілуі тиіс. Соған орай жаңадан оқулықтар жазылуы керек. Оған жаңаша ойлайтын озық ойлы жас тарихшылар тартылуы қажет. Тарих барлық ғылымдардың атасы деген ұғым бар. Сондықтан оны зерттеуді тек орталықтың мойнына артып қойғанымыз жөн болмайды.
Форум еліміздің абыройын асқақтатты
– Тарихи зерттеулер мәселесі еліміздің шығысында қаншалықты деңгейде? Бас қосып, жұмыс істеуге мүмкіндік бар ма?
– Бізде бұл мәселе негізінен университеттердің базасында атқарылуда. Айталық, Өскемендегі С.Аманжолов, Семейдегі Шәкерім атындағы университеттерде тарихи орталықтар жұмыс істеп тұр. Семейдегі Қазақ инновациялық университетінде Қабанбай атындағы батырлық зерттеу орталығы және бар. Бірақ осымен шектелудің жөні жоқ. Мәселен, Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің бастамасымен өмірге келген Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресінің филиалын өзімізде тездетіп ашуымыз керек.
– Сіз М.Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының директорысыз. Оқырман осы орталықтың қазіргі жайын да білгісі келеді.
-Семейдегі екі жоғары оқу орны біріктірілгенмен, біздің орталық сақталып қалды. Шындығында бар нәрсе сақталып қалуы керек қой. Соған орай университет басшылығына ризашылығымызды білдіреміз. Бүгінде хал-қадірімізше жұмыс істеп жатырмыз. Жуырда облыс орталығы Өскеменде, Катонқарағай өңірінде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты екінші халықаралық форум өткені белгілі. Соған да, оның алдындағы форумға да қолдан келгенінше атсалыстық. Бұл форум еліміздің абыройын асқақтатқан игі шаруа болды. Форумда айтылған сындарлы сөздер, этнографиялық концерт оған қатысушыларды ерекше әсерге бөледі. Алтайда бір мезетте бүкіл түрік баласы бас қосқандай болды. Сол себептен де форум қонақтары осы бір игілікті шаруаның бірден бір ұйтқысы бола білген аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВҚА ризашылықтарын білдіріп жатты.
– Шежіре мәселесіне қалай қарайсыз? Қазірде не көп, шежіреші көп, шежіре кітаптары көп.
– Шежіре біздің ауызша тарихымыз ғой. Соған орай оған негізгі бір дерек көзі ретінде қараймыз. Бұрын бізде шежіре айту дәстүрі болған. Ал кешегі Шәкерім қажы, Мәшһұр Жүсіп, Мұхамеджан Тынышбаев еңбегін ұмытуға тиіс емеспіз. Білімді де білікті осындай жандар өткен тарихымыздың бір парасын кейінгіге жеткізіп қана қоймай, бұрыннан келе жатқан шежірелерді талдап, өз түсініктемелерін де беріп кеткен. Ал қазіргі шежірешілердің ішінде баласын әкесінен таратып жататындар жоқ емес. Олар жиған деректерін тексеруден өткізуді, талқыға салуды басы артық шаруа деп есептейтін секілді. Башқұрттарда ортақ шежіре бар. «Алаш» баспасынан бізде де отыз томдық шежіре шықты. Соның дұрысы мен бұрысын талқыға салуымыз қажет.
– Көрші елдердің тарихшыларымен, оның ішінде өз қандастарымызбен байланыстарыңыз қаншалықты деңгейде?
– Семейлік тарихшы ғалымдардың Қытай, Моңғолия, Ресей, оның ішінде Сібірдің тарихшыларымен, ондағы қандастарымызбен тығыз байланыс орнатқанына бірнеше жылдың жүзі болып қалды. Бұған дейін бірнеше біріккен жобаларды іске асырып үлгердік. Алда да оны жалғастыра түсетін боламыз.
Әңгімелескен – Дәулет Сейсенұлы