«Дидардың» қонағы

Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ, белгілі математик: – Кейбір ғалымдар қалай баюдың жолын білсе де, өздері кедей тұрады

Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ, белгілі математик:  - Кейбір ғалымдар қалай баюдың жолын білсе де, өздері кедей тұрады

Өткен айда Өскеменде оқушылардың жаратылыстану және математика пәндері бойынша республикалық олимпиадасы өткен-ді. Сол білімпаздар сайысында белгілі математик, ғылым докторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхтарбай Өтелбаев қазылар алқасына төрағалық еткен болатын. Осы шара барысында ғалыммен әңгімелесудің сәті түскен еді.

Жастар ғылыммен шұғылданғаннан гөрі банкте жұмыс істегенді жөн көреді

– Мен Жамбыл облысы, Қордай ауданының Қаракемер деген ауылында туып-өсіп, соның маңындағы Масанчи деген кентте мектеп бітіргенмін. Мектепке кешірек, он жасымда бардым. Себебі, әкем малда болды да, «әне барады, міне барады» деумен жүріп қалсам керек. Мен оқуды қазақша бастап, кешкі мектепті орысша бітірген адаммын. Өйткені, 7-ші сыныпты бітірген соң әке-шешем қартайыңқырап кеткендіктен, соларға қолқабыс ету мақсатында жұмыс істедім. Кешкі мектепті бітіруімнің себебі – осы.

– Сонда еңбек жолыңызды қатардағы мұғалім болып бастадыңыз ғой?

– Мектепті бітірісімен Қырғызстан жақын болған соң Бішкекке барғанмын. Амал не, оқуға түскеніме екі ай ғана уақыт болғанда әскерге алып кетті. Үш жыл әскери міндетімді өтеп келісімен оқуымды сырттай жалғап, Қаракемердегі мектепте мұғалім болып жүргенмін. Бірде Бішкекке кезекті сессияға барғанымда Мәскеуден арнайы адамдар келіп, жақсы оқитын студенттерді жинап жатыр екен. Аяқ астынан олардың көзіне түсіп, солармен еріп кете бардым. Сол жақта бірден ММУ-ге түсіп, 1969 жылы, 27 жасымда оны тәмамдаған тұста оқытушыларым қолқалап, аспирантураға қалдырды. Ал 1972 жылы сол Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында кандидаттық қорғап, Алматыдағы математика және механика институтында жұмыс істей бастадым. Ол кезде оның директоры Семейдің тумасы Төлеубай Аманов деген азамат еді. Арада төрт жыл өткенде докторлық диссертациямды аяқтап, Мәскеуге барып өткізбек болдым. Дәл сол тұста ВАХ-та (бүкілодақтық атттестациялық комиссия) өзгерістер болып, ол жабылып, екі жылдай жұмыс істемеді. Ол ашылғаннан кейін, 1978 жылы 6 қаңтарда докторлығымды қорғап шықтым.

– Сонда ол кезде біздің елде сізге ғылыми жетекшілік ететін ғалымдар болмады ма?

– Расында аз болатын. Бар-жоғы төрт-бес ғылым докторы ғана болды. Кейіндеу Тынысбек Кәлменов, Асқар Жұмаділдаев, тағы бірталай адамдар қорғап, Қазақстанда математика жақсы дами бастады.

– Сіз біраз уақыт ректор да болған екенсіз…

– Академияда жүргенде докторлықты қорғаған соң бір жылдан астам уақыт ҚазМУ-дың математика факультетінде кафедра меңгерушісі болдым да, ойда-жоқта Тараздағы институтқа ректор болып барғаным бар. Сонда байқағаным, мен басшы емес, ғалым екенмін. Мені иірім судай тартатын тек құпиясы көп математика екеніне көзім жетті. Одан соң академияның Қарағандыда ашқан математика институтында істедім. Одан кейін 1993 жылы қайта Алматыға барып, ҚазМУ-да, ҚазПИ-де аға ғылыми қызметкер, кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеген жайым бар. 2000 жылы Астанадағы Еуразия университетіне Мырзатай Жолдасбеков ректор болып келді де, мені сонда шақырды. Мен бір-екі жыл боламын да, жылы жақ – Алматыма қайтармын деп ойлағам. Жылда кетемін деумен жүріп, аяғы кете алмай қалдым. Жолдасбеков кафедраға меңгеруші болуымды өтінген. Мен «жастар істесін, үйренсін» деп ол қызметтен бас тартқам. Дәл сол кезде Еуразия университетінің жанынан ММУ-дің филиалы ашылды. Оның аяғынан нық тұрып кетуіне Мырзатай бастаған біраз ғалымдар атсалысқан. Мен де шамам келгенше араластым. Қазір де сонда жүрген жайым бар.

– Сіздің пікіріңізше, қай кезде де жастарға орын беру керек қой?

– Міндетті түрде. Жас болған соң оларға үнемі қолдау керек. Өйтпесең, олар өспей қалады, оның ар жағында ғылым жетілмей қалады.

– Қазіргі жастардың ғылымға ұмтылысы қалай?

– Меніңше, бізде жастарды тәрбиелеуде біраз олқылық болды-ау деймін. Мәселен, бүгінде келмеске кетті деп қуанатын Кеңес өкіметінің бір жақсы жері ұмтылысты қатты қолпаштап отыратын. Әлбетте, оның барлығы біздің егемендігімізге қарағанда түкке тұрмайтын нәрсе ғой. Егемендігіміз үлкен құндылық деп білемін. Шыны керек, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біз ғылымға нақты бағыт бере алмадық. Кеңес кезінде құпия ғылымдарға әйелі орыс немесе шала қазақтар болмаса, өзге ұлттарды көп жақындатпайтын. Академияның шаруасы нашарлады, жоғары оқу орындары жекешеленді де, күш ыдырап кетті. Ал бұл сұрағыңызға берер жауабым, қазіргі жастардың ғылымға ұмтылысы дәл бұрынғыдай емес. Оның себебі, біздің тәрбиемізде олқылық кетті. Біз балаларды тәрбиелеу барысында «ақшаға, байлыққа ұмтылыңдар» дегенді алға шығарып жібердік. Соның әсері болса керек, жастар ақшасы көп жерді аңдитын болды. Мәселен, банкке немесе «ҚазақОйл-ге» барып жұмыс істейді. Ал ол жерлерде ғылымды аса қажет етпейді. Бұл жерлерде арнайы бағдарламаны меңгерген кез келген жоғары білімді жастар жұмыс істеп кетеді. Тіпті, шетелде оқып келгендердің өзі осындай мекемелерге баруға әуес. Өйткені, оларда жақсы айлық төленеді.

– Сонда дардай атағы бар деген ғалымдардың айлығы мүлде мардымсыз болғаны ма?

– Жоқ, олай деуге келмес. Жалпы, оқытушы профессор ретінде бір ғана ставкада жүрсе аз мөлшерде алуы мүмкін. Десе де, ғылыми жағынан еңбектеніп жүрген адамдарға жоба, тақырып секілді дүниелерден тағы қосымша ақша түседі. Мысалы, 2005-2006 жылдарға дейін жобадан көп ақша түспейтін. Елбасымыз қай кезде де ғылымға ерекше көңіл бөледі. Содан да болса керек, нағыз ғылыммен айналысып жүрген ғалымдар қазір аз ақша аламыз деп айта алмайды.

Егер қайта таңдау мүмкіндігі болса, тек ғылымды таңдар едім

– Сіз біздің елге ғана емес, көп мемлекетке белгілі ғалымсыз. Осы жолыңызды жалғастыратын балаларыңыз бар ма?
– Жоқ. Менің жалғыз қызым бар. Ол кішірек кезінде математик болғысы келетінін байқадым. Бірақ, ол таңдауын шыны керек, өз басым қаламадым. Ал жолдасым тоқыма саласында. Мәскеудің текстиль институтын тәмамдаған.

– Анығын айтыңызшы, байлық пенен ғылымды байланыстыруға бола ма?

– Мысалы, маған миллиард доллар берсе, мен оны дұрыстап игере алмас едім. Оны бір іске салып, айналдырмасаң, өзінен-өзі таусылып кетеді. Демек, байлық дегенің де жұмыс, оны да нақты есептеп, жүргізу керек. Ал ғылым деген – іздену. Мысалы, кейбір ғалымдар өзі кедей болса да, қалай баюға болатыны туралы мақалалар жазып, ақыл айта алады. Бірақ, өзіне соны істе десе, істей алмайды. Ал маған ғылым жолын таңдайсың ба, әлде, байлықты таңдайсың ба десе, мен ғылым жолында қала берер едім. Өйткені, білетінім, егер ғылымда жұмыс істей берсең, өзіңді бақытты сезінесің. Ғылым адамында тарихта қаламын деген дәме болатыны тағы бар. Баяғы әл-Фарабидің заманында бізде кім хан болғанын білмейсіз ғой. Немесе Архимедтің заманында кім қай жерде патша болғанын да білу қиын. Байлардың аты мүлде қалмайды. Сондықтан, саналы адамдар ғылымға ұмтылатын болар. Шынымды айтайыншы, мен үшін бақыт – еңбек және ғылым.

– Қазір түкке тұрғысыз білімі бола тұра ғылыми атаққа ие адамдар баршылық…

– Сөзіңіздің жаны бар. Халқымыз қай кезде де ғалымдарды, шығармашылық адамдарын қатты құрметтеген. Ақшалы адамдардың ғылымға ұмтылуының бір ұшы осыдан, сыйлы болғысы келуден туындайтын болса керек. Жалпы, сатып алып, ғалым атанып жүргендер болған, сірә, бола да беретін шығар. Оларға тыйым салу мүмкін емес. Менің 1998 жылы ма екен, Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссия құрамында болғаным бар. Сонда бір атақты ғалым мен өтірік ғалымдар өтініш берді. Біз қанша дұрыс шешкіміз келсе де, соңында анау өтірік ғалым жеңіп кеткені. Сөйтсек, оның үлкен қызметі бар екен. Сонда мен В.Школьникке: «сенің мынандай комиссияңа Эйнштейн мен Ньютон келсе де, сыйлық ала алмайды екен» дегенім бар. Десе де, Елбасымыздың дана жолымен соңғы 7-8 жыл көлемінде ғылым саласындағы көптеген олқылықтар жойылды дей аламын.

– Біз ғалым ретінде білетін Мұхтарбай Өтелбаев өмірде қандай адам екен?

– Қалай болса да, мен де пендемін. Қателіктер кеткен тұстар да баршылық. Бірақ, менің ең жоғары қоятыным – таза жүру, не болса соған былғанбау, неғұрлым халқыма адал қызмет ету. Мысалы, адам туғанда онымен қызғаншақтық деген пәле бірге туатын сияқты. Мен өмір бойы өз бойымда сол пәлені, яғни, қызғаншақтықты дамытпауға тырысып келемін. Сондықтан, адам уақ-уақ ойланып, санасын тазартып отыруы керек.

– Жалпы, бір байқағанымыз, математиктер өнерді ерекше бағалайтын секілді. Сіздің пайымыңыз?

– Өз басым қазақтың термелерін сүйіп тыңдаймын. Жастау кезімде кітапты көбірек оқитынмын. Қазір көз тез шаршайтын болды, сондықтан көбірек тыңдауға ден қоямын. Ескі, халық әндерін тыңдау ғанибет қой. Жастау кезімде жасырып, өлең шығарып жүретінмін. Кейін қарасам, өлеңдерім онша жақсы емес екен.

Мыңжылдық есепті шығаруға көп уақытын сарп етіпті

– Сіздің математик-ғалым екеніңізді ел біледі. Ал сол даңқыңызды үстемелеген әлем бойынша мыңжылдықта шешілмеген жеті есептің біреуін шешуіңіз болды-ау деймін. Сол жайында таратып айтсаңыз.

– Бір америкалық институт «Мыңжылдық проблема» деп, жеті проблеманы белгілеген. Соның біреуін Перельман деген ғалым шештім деген. Дегенмен, онымен қатар мен де шештім дегендер толып жатыр. Оның шешкеніне де он шақты жыл болды. Ал менің шешкенім сол жеті проблеманың біреуі. Ол есепті шешкеніме үш-төрт ай болып қалды. Оны мақала етіп жазған жерлерімде біраз кемшіліктер кеткен. Оларды түзетіп, ағылшын тіліне аударып, жоғарыдағы институтқа жібердім. Одан кейінгі тағдыры – америкалықтардың қолында. Менің есебімнің кемшіліктері бар деп отырған қытайлық Пао деген ғалымға да нақтылап жазып жібердім. Жалпы, аяғың сау болса да, «ақсақсың» дегеннің бәріне аяғыңды шешіп, көрсете бермейсің ғой. Өз басым есебімнің дұрыс шешілгені дәлелденетініне сенемін. Бұл жерде түрлі даудың тууына негіз болып отырғаны – шешілген есептің иесіне берілетін миллион доллар. Меніңше, сол соманы айтпай-ақ қойса болар еді.

– Бұл есепті шешуге қанша уақыт жұмсадыңыз?

– Расында, мен оған көп күш жұмсадым және біраз уақытым кетті. Тек сонымен ғана шұғылданбай, басқа да есептерді шығарып жүрдім. Сондықтан көп тер төгуге тура келді.

– Сіздің Мемлекеттік сыйлықты қандай еңбегіңіз үшін алғаныңызды білгім келіп отыр…

– Мен «Жұлдызы бар Q» деген функция ойлап тапқам. Ол бірталай жерде, атап айтқанда, математиканың ішінде қолданылады екен. Уақыт өте келе ол өндірісте де қолданылып кетеді ғой.

– «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді. Өзіңіз тәрбиелеген шәкірттер көп болар?

– Кеңес кезінде мен 60-қа жуық ғылым кандидатын, 4-5 ғылым докторын шығардым. Ал егемендік алған соң 5-6 ғалымның доктор атануы үшін жетекшілік еттім. Жалпы, соңғы 20 жыл көлемінде ғылым кандидаттарын аздау шығардым. Сіздердің Оразбек Апышев, Ғабит Мұхамедиев сынды жерлестеріңіз – менің шәкірттерім. Қазір Семейден көшіп келіп, Өскеменде қызмет етіп жатқан Альберт Исмайылов деген азамат та менен тәлім алған.

Өскеменнен көп өзгерістерді байқадым

– Шығысқа бұрындары да келген боларсыз? Қандай өзгерістерді байқадыңыз?

– 90-жылдардың басында Мәмбетқазиев Өскемендердегі пединститутты университет етемін деп, Мәскеу мен Алматыдан комиссия келген-ді. Мен сол комиссияның мүшесі болғанмын. Одан соң тағы бір мәрте Ғ.Мүтәнов ректор болып тұрғанда ғылыми конференцияға келдім. Орайы келгенде айтсам жөн болар, Өскемен көп өзгеріп, қазақыланып қалыпты. Оның бәрі басшыға байланысты екенін біліп отырмын. Ел мүддесін бәрінен биік қоятын Бердібек САПАРБАЕВ ініміз талай игілікті шаруаның басын қайырғанын көріп, қуанып қалдым. Жалпы, Шығыс дегенің табиғаты ерен, түгін тартса, майы шығатын, кенді мекен ғой.

– Жалпы, қанша ғылыми еңбегіңіз бар?

– Үш кітабым бар, біреуі қазақша, қалғаны орыс тілінде. 60-қа тарта ағылшын тіліне аударылған ғылыми еңбектерім бар. Негізі, еңбектерім 200-ден асатын болар.

– Сізді шетелге шақырған оқу орындары болды ма? Жалпы, шақырса барған болар ма едіңіз?

– 1972 жылы кандидаттығымды қорғаған тұста Мәскеудің түбіндегі жоғары оқу орындарына шақырған-тын. Мен үзілді-кесілді бас тартып, еліме қайтып келдім. Ал докторлықты қорғаған тұста Бауман атындағы университеттің бір кафедра меңгерушісі «бізде қал» деп қолқалағаны бар. Онда да келісімімді бермей, «Қазақстаныма қызмет етемін» деп кетіп қалдым. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін Мароккаға, одан Каирға, тағы бір-екі елге бардым. Сонда байқағаным, адам ағылшын тілін білмесе, қиналады екен. Оның үстіне бұл кезде менің жасым да келіп қалған болатын, ал 50-ден асқан ғалымды қанша жерден мықты болса да, шетел шақырмайды. Пакистанға жүр деген белгілі ғалымдар болған. Оған да келіскен жоқпын. Өз елің бәрінен ыстық, бәрінен ардақты емес пе?!

– Сіздің еңбектеріңіз тек жоғары оқу орындарына ғана арналған ба, әлде, мектеп бағдарламасына жүйеленгені бар ма?

– Жалпы, дені ЖОО-ларға арналған, мектеп оқушыларына арналған екі-үш есебім болды. Негізі, мектептерге арнап оқулық жазуға болар еді. Бірақ, менен жақсы жазатындар, балаға түсінікті болу жағын терең екшеген, тәжірибелі адамдар көп қой. Тағы бір баса айтар нәрсе, ғылым дегеніміз – түсініксіз нәрсені түсінікті тілмен баяндап беру. Ал математика адамның интеллектісін дамытады.

– Сіз білгір ғалымсыз, көп нәрсені кеңінен толғап, талдай аласыз. Осы тұрғыда Қазақстанның болашағы туралы пайымыңызды білсек.

– Мені еліміздің шекаралас аумақтарының жалаңаштанып бара жатқаны ойландырады. Қазақта «Бос жер жау шақырады» деген керемет сөз бар. Алла соның кесірінен сақтасын. Екіншіден, қазақ тіліне деген құрметіміз төмендеп барады. Тегінде, халық тілінен ажырап қалса, бара-бара мәңгүрттеніп, жоқ болады.

– Өскен ортаңызда ғылым жолын қуған жандар бар ма?

– Менен басқа ғылымға араласқан адам жоқ. Іні-қарындастарымның барлығы жоғары білім алды, бірақ, түгелдей елде қалды.

– Өкінішіңіз бар ма?

– Өмірде өкініш болмауы мүмкін емес шығар. Дегенмен, мен қайта өмірге келсем де небір қиыны мен кедергісі, тіпті, өкініші аз болмаған осы ғалымдық жолды таңдар едім. Ғалым болу – еліңе еңбек ету. Ал еңбектің өзі өмір емес деп кім дауласады?

– Хоббиіңіз не?

– Қазақ әнін тыңдау, оңашада домбыра шерту. Сосын бау-бақшамен шұғылданғанды ерекше жақсы көремін.

– Тәубешілсіз бе немесе қанағат дегенді қалай түсінесіз?

– Меніңше, ғылыми жұмыспен айналысатын адам ешқашан қанағат қылмайды-ау деймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button