Мерекенің шығу тарихы қандай?
Сұлулық пен нәзіктікті, қажыр мен қайсарлықты бiр бойына жинаған арулардың мейрамы күлiмдеген көктеммен қатар келедi. Бұл мейрамның көктеммен қатар келу себебі ана – өмiрдiң алтын дiңгегi, бар адамзатқа өмiр сыйлаушы. Ал көктемде табиғат-ана қайта құлпырып, айналасына шуақ шашады. 8 наурыз күні жер-жерде әйелдер қауымы сүйіктілерінен, жақындары мен достарынан сыйлықтар алып, мәре-сәре болып жатады. Дегенмен бұл мейрамның пайда болуы – ғасырлар қойнауында жатқан тарих.
Тарихқа үңіліп, осы мейрам қайдан және не мақсатпен шыққандығына тоқталайық. Мереке тарих сахнасына әйелдер құқығы үшін күресу күні ретінде шыққан еді.
19-шы ғасырдың екінші жартысында Америкада ауыр еңбек, мардымсыз жалақы, жұмыс уақытының ұзақтығына байланысты қоғамдық пікірлер белең ала бастайды. 1857 жылы 8 наурыз күні Нью-Йоркте тігін және аяқ киім фабрикаларының жұмысшы әйелдері үміттерін үкілеп, бейбіт шеруге шығады. Олар он сағаттық жұмыс күнін, жарық әрі құрғақ жұмыс орындарын, ер адамдармен бірдей жалақы мөлшерін талап еткен еді. Әйелдер сол кездері 16 сағат тер төккен еңбектеріне өте аз жалақы алатын. Сөйтіп, 1857 жылдан бастап кәсіподақ мүшелігіне әйелдер де ене бастады. Нью-Йорктың жан-жағынан көтерілген әйелдердің өз үні бейнебір толқын іспетті жан-жақтан естіліп, қоғамдағы әйелдердің орнын нақтылағандай болды. Осы күннен кейін алғаш рет әйелдердің қоғамдық ұйымдары құрылып, олар өз құқықтарын қорғауды қолға алды.
1910 жылы Данияның бас қаласы Копенгагенде өткен халықаралық жұмысшылар конференциясында немістің социалист әйелдері Клара Цеткин мен Роза Люксембург 8 наурыз күнін Халықаралық әйелдер күні ретінде атап өту туралы ұсыныс жасайды. Бұл әлемнің төрт бұрышындағы әйелдерге өз құқықтары үшін күресу үндеуі еді. Сонымен қатар ол әйелдерді кедейшілікке қарсы, еңбекті бағалау, ар-ожданды қадірлеу, бейбітшілік үшін күресуге шақырды.
Бұл мейрам келесі жылы-ақ, яғни 1911 жылы Аустрия, Дания, Германия, Швейцария елдерінде аталып өтті. Ресейде мейрам 1913 жылы Петербургте басталады. Қаладағы бір жарым мың адам жиналған жиналыста әйелдердің сайлау құқығы, аналық құқықты мемлекет тарапынан қорғау сияқты мәселелер көтерілді.
Әйелдер мерекесінің Совет елінде қалыптасуына Леонид Брежнев көп үлес қосқан. Оның тапсырмасымен 1966 жылдан 8 наурыз КСРО көлемінде мемлекеттік мереке ретінде бекітілді. Бұл мереке экономикалық тұрғыдан өте тиімді болды, себебі сол күні әлем бойынша гүлдер, парфюмерия, әшекей бұйымдар сатылымы жағынан рекордтар орнатып, Жаңа жыл мерекесімен теңесті.
Ал 1975 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық мейрам дәрежесіне көтерді. Уақыт өте бұл мейрам саяси мәнін жоғалта бастады. Кеңес одағы тарағаннан кейін де 8 наурыз мейрамы ТМД елдері арасында әлі де тойланып келеді.
Қазақстанда 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні ретінде мерекеленіп, бұл күні аналар мен арулар ыстық лебізге кенеліп, көктеммен бірге құлпыра түседі.
Ержан Кеңесұлы