Тұңғыш Президент

Мерекелік шаралардың онкүндігі басталды

 Мерекелік шаралардың онкүндігі басталды
Биыл Тұңғыш Президент күні екінші рет мерекеленеді. Осыған орай облыста қарашаның 20-нан желтоқсанның 1-не дейін арнайы онкүндік жарияланып, әр күні тағлымы мол шаралар ұйымдастырылады.

Тұңғыш Президент күніне арналған тақырыптық онкүндік аясында өткізілетін іс-шаралар туралы облыстық ақпарат орталығында өткен брифингте облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар кеңінен айтып берді.
Оның айтуынша, облыста Тұңғыш Президент күнін мерекелеуге орай 600-ге жуық іс-шара өтеді. Осы шаралар жаңаша бағытта, жаңа идеялармен жалғасатын болады. Ең бастысы, тақырыптық онкүндік өткізу – елімізде тұңғыш рет Шығыстан бастау алып отырған жоба екенін атап өткен жөн.

Онкүндік кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қатысуымен «Бір Отан, бір тіл – тәуелсіз Қазақстан» атты мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының V облыстық форумымен басталды. Қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін әйгілеуге арналған мұндай жиын бұған дейін Риддер, Зырян қалаларында өткен болатын.

Облыстағы жоғары оқу орындарының студенттері онкүндік аясында Назарбаев университетінің өкілдерімен, студенттерімен кездесетін болады. Олар Өскеменге 23 қарашада келмек. Одан соң кездесу Семейде жалғасады. Естеріңізде болса, облыс Әкімі былтыр аталған университетпен өзара әріптестік жөніндегі мемарандумға қол қойған болатын. Мұның да өзіндік себебі бар. Мысалы, тек биылдың өзінде ғана өңірдің 45 түлегі осы жетекші оқу орнының студенті атанып отыр. Ал біздің облыс Назарбаев университетінде оқып жатқан студенттерінің саны жағынан еліміздің басқа аймақтарының арасында көш бастап келеді.

Облыстағы әртүрлі салаларда әлеуметтік-экономикалық дамуға айтулы үлес қосқан азаматтарды марапаттауға арналған жиындар өтеді. Аймақтың ауылшаруашылық қызметкерлерінің кәсіби мерекесі де онкүндік аясында ерекше аталып өтпек. Оған себеп те жоқ емес. Биыл диқандарымыз қамбаға миллион тонна астық құйып, бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Онда еңбек озаттары марапатталады.

Сонымен бірге С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-да Назарбаевтану орталығы ашылады. Оның кейінгі жас буынға Елбасының ерен еңбегін дәріптеуде алар орны зор болмақ. Орталықтың ашылу салтанатына Астанадан Тұңғыш Президент мұражайының қызметкерлері келеді деп жоспарлануда.

Өңірдің барлық мектептерінде «Елбасына тарту» тақырыптық апталығы өткізіліп, қалалар мен аудандарда Президенттік көпсайыстан спорттық-бұқаралық жарыстар ұйымдастырылмақ. Жаңа әлеуметтік нысандар да салтанатты жағдайда іске қосылатын болады.

Ал тақырыптық мерекелік онкүндікті «Жастар – Жеңімпаздар» атауымен 1 желтоқсанда Өскемендегі Жекпе-жек сарайында өтетін жастар форумы қорытындыламақ. Форумға өңірдің белсенді жастарымен қатар, спортта әлемдік жетістіктерге жеткен Мерей Ақшалов, Ольга Рыпакова, Айбек Нұғымаров сынды танымал жерлестеріміз және Астана мен Алматыда оқып жүрген студент жастар қатысады деп күтілуде.

Сондай-ақ, Тұңғыш Президент күнінде облыстың барлық өңірлерінде түрлі бұқаралық іс-шаралар, жәрмеңкелер, мерекелік концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button