Денсаулық сақтау

Менингитке шалдыққан балалар жазылып шықты

Менингитке шалдыққан балалар жазылып шықты


Республика көлемінде өршіп тұрған менингококк жұқпасына қатысты жағдай біздің облыста әзірге тұрақты. Жыл басынан қауіпті жұқпамен тіркелген төрт бала тиісті ем-домдарын алып, қазір жазылып, үйлеріне шыққан. Өскемен, Семей қалаларында қауіпті жұқпаға қарсы екпе салдыруға болады.

Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау саласының өкілдері менингит дертінің облыстағы жағдайы, дерттің белгілері және одан сақтану жолдары туралы айтып берді.

Менингококк жұқпасы бес айдың ішінде төрт шығысқазақстандық балада анықталған.

– Олардың үшеуі Семейде, біреуі Зырян ауданында тіркелген. Біреуі – оқушы, қалған үшеуі мектеп жасына дейінгі балғындар. Қазір барлығы да құлан-таза жазылып, стационардан шықты. Сондай-ақ, олармен қарым-қатынаста болған 89 адам, оның ішінде 40 оқушы осы жұқпаға тексерілді. Жаңа жағдайлар анықталған жоқ, – деді брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова.

Мамандардың сөзіне қарағанда, қоғамды дүрліктірген менингит жаңа дерт емес. Қауіпті жұқпаны жұқтырғандар өңірде жылда тіркеледі, жұқпа әсіресе балаларға әуес. Жұқпаның облыста ең көп таралған кезі – 2009 жыл, онда 11 адам менингококк жұқпасымен ауырған. 2016 жылы тіркелген 6 жағдайдың төртеуі 14 жасқа дейінгі балаларда анықталды. 2017 жылы белгілі болған 7 жағдайдың 4-еуі Семейде, екеуі Өскеменде, біреуі Зырян ауданында тіркелген. Ауырғандардың алтауы он төрт жасқа дейінгі балалар болатын.

Облыста адам өліміне әкеліп соғатын аса қауіпті жұқпадан сақтанудың, облыс аумағындағы эпидемияға қарсы санитарлық шараларды күшейте түсудің кешенді жоспары жасалған. Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің мамандары менингококк инфекциясына күн сайын бақылау жасап отырады. Мамандар адамдар көп жиналатын – мешіт, басқа да қоғамдық жерлерге жиі бармауға кеңес береді. Сондай-ақ мектептерде, жазғы лагерьлерде аурудың алдын алу шараларын жүргізіп, сол жерлердегі медицина қызметкерлеріне семинарлар өткізілген. Өскемен мен Семей қалаларының базарларында радиохабарлағыш арқылы дерттің қауіптілігі, одан сақтанудың жолдары жайлы радиолекциялар оқылып келеді.

– Біздің облыста менингококк жұқпасының бактериалды түрі тіркеліп отыр. Бұл жұқпа ауа арқылы, сөйлескенде, түшкіргенде, жөтелгенде жұғады.
Аурудың алғашқы белгілері – дене қызуының кенеттен 38-40 градусқа дейін көтерілуі, тамақтың қызаруы, бастың қатты ауыруы. Кішкентай сәбилердің еңбегі (родничок) үлкейгені байқалады. Мұрынның бітелуі мүмкін, әлсіздік пайда болады, денеде, санда және аяқта жұлдызша тәрізді бөртпелер шығады. Қышымайды, керісінше, ауырсынуы ықтимал. Егер осы белгілер байқалса, бірден жедел жәрдем шақыру қажет, – деді облыстың штаттан тыс бас инфекционисі Назигүл Сапарғалиева.

Брифингте облысқа менингококк жұқпасына қарсы екпе келіп түскені хабарланған еді. Жұқпалы дерттен өзін, отбасы мүшелерін қорғаймын деген өскемендіктер №2 қалалық емханада, семейліктер Семей қаласындағы №2 емханада қызметтің бұл түрін ақылы түрде ала алады. Ұлыбританиялық екпе жұқпаның А, С, W135, Y сияқты төрт тобына қарсы қолданылады.

– Жалпы алғанда, менингококктың қоздырушысы барлығы 12 топқа бөлінеді, ал ұлыбританиялық екпе жұқпаның А, С, W135, Y сияқты төрт тобынан қорғайды, – дейді Райфа Сафиоллинова. – Екпенің қатерлі жұқпадан қорғау тиімділігі 70 пайызды құрайды, егілген адамның иммундық жады 5-6 жылға дейін сақталады. Біздің облыста аталмыш дерттен көз жұму жағдайы тіркелмегендіктен, өңірде менингококк жұқпасының нақты қай түрі таралғанына бактериалды тексерулер жүргізілген жоқ.

Басқарма басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда, екпені тасымалдаушы – «Медсервис» фирмасы. Емханаларда медбикелерге екпені қалай салуды үйретуге бағытталған семинарлар өткізілген. Ауылдық жерлердің тұрғындары вакцинаны аудандық аурухананың емханаларында салдыра алады. Екпенің бағасы 21 мың теңгеден сәл асады. Бұл – бүгінгі таңдағы республикадағы ең төменгі баға, басқа облыстарда дәл осы вакцинаның құны 35 мың теңгеге жетеді. Райфа Сафиоллинова емханаларда екпені тасымалдаушылардың бағасынан қымбатқа сатуға жол берілмейтінін, жағдайды қатаң бақылауда ұстайтындарын жеткізді.

Бет қатталып жатқанда: №2 Өскемен қалалық емхананың тіркеу бөлімінде менингококк жұқпасына қарсы екпенің келесі аптада жеткізілетінін айтты. Әзірге өңірге екпе шектеулі мөлшерде әкелінбек. Егер қажеттілік туып жатса, тасымалдаушыға қосымша тапсырыс беріледі.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button