Денсаулық сақтау

Менингитке күдік болса, дереу дәрігерге бару керек

Менингитке күдік болса, дереу дәрігерге бару керек


Әлеуметтік желіде дүрбелең тудырып жатқан Алматыда менингит жұқпасы ауруының жиілеп кетуі қоғамды алаңдатып отыр. Алматыда мамырда бұл дерт 29 адамнан анықталып, осы дерттен үш адам – екі ересек адам мен бір бала қайтыс болғаны белгілі болды. Кейіннен оңтүстік астанада менингококк инфекциясынан 1-курс студентінің қайтыс болғаны да анықталды.

Облыстың бас инфекционисі Назигүл Сапарғалиева біздің облыста менингит жұқпасының таралу оқиғалары тіркелмегендігін айтады. Бірақ күз, қыс айларында бас көтеретін менингитпен ауырған науқастар жыл сайын тіркеліп тұрады. Облыста 2016 жылы алты, 2017 жылы жеті, 2018 жылғы қаңтардан мамыр айына дейін 3 менингококк жұқпасымен ауырған адам тіркелген. Былтыр менингитпен ауырған жеті адамның үшеуі қайтыс болған. Қайтыс болғандардың екеуі – 14 жасқа дейінгі бала, біреуі – ересек адам.

Назигүл Сапарғалиева, облыстың бас инфекционисі:

– Биыл үш адамнан минингит жұқпасы анықталғаннан кейін, олармен отбасында, жұмыста, тағы басқа жағдайда қарым-қатынаста болған 137 контактілік адамды тексеруден өткіздік, оған қоса 69 адамды тағы да қосымша тексеруден өткіздік. Барлық контактілік адамдар таза болып шықты. Менингит кез келген бактериядан, вирустан болуы мүмкін, менингиттің бірнеше түрі бар. Суық тиіп тұмаумен ауырған адамның да менингитпен ауырып қалуы мүмкін. Суық кездері менингококк жұқпасы менингит ауруын тудырады. Менингит жұқпасымен негізінен 14 жасқа дейінгі балалар ауырады, ересектердің арасында сирек кездеседі. Менингиттің басты белгілері: бастың қатты ауруы, құсу, жүрегі айну, жарықтан қорқу, дене қызуының 39 градусқа дейін көтерілуі. Асқынған кейбір түрлерінде теріде ілезде бөрткендер шығып кетеді. Менингит бір күннің, бірнеше сағаттың ішінде асқынып кетуі мүмкін. Егер дәрігер алдына келген науқастың ауруынан менингококк жұқпасы белгілерін байқаса немесе күмән тудырса, аурудың бар-жоғын анықтау үшін бірден инфекционистке, инфекциялық стационарға жіберуі тиіс. Менингит ауруханада, аурудың сипатына қарай ең аз дегенде 10 күн ішінде емделеді.

Ал еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин Алматыда менингококтан қайтыс болу оқиғаларына қатысты: \”Менингитті қоздыратын neisseria meningitidis әрдайым көпшілік орында таралады, қазіргі тұрақсыз ауа райы, салқын күндер бактерияның таралуына себепші болып отыр. Біз Алматыдағы эпидемиологиялық ауруды тіркеп отырмыз. Бұл – маусымдық ауру. Ол көбінесе суық кездерде болады, көктемде, иммунитет әлсіз кезде. Алматыдағы ауру-сырқау толқын тәрізді циклдік сипатқа ие болып тұр. Қазіргі таңда Алматыда менингитке шалдығудың 29 оқиғасы тіркелді және олар зертханалық негізде расталған. Қазір біз эпидемияға қарсы шараларды жүргізіп жатырмыз – мәдени-көпшілік шараларға шектеу қойдық, әсіресе жабық ғимараттарда. Бүгінгі таңда мектептердегі сабақ аяқталды, ол да жағымды әсер етеді. Бактериялар үшін ең қауіпті нәрсе – күннің сәулесі және біз күн ысығаннан кейін аурудың беті қайтады деп ойлап отырмыз. Сонымен қатар балабақшаларда профилактикалық шараларды жүргізіп жатырмыз – фильтрлер орнаттық. Мұндай жағдайда ғимараттың ішіндегі ауаны тазартып, дезинфекциялық заттардың көмегімен ылғалды тазалық жұмысын жүргізуге кеңес береміз. Ең бастысы, назофаренгит, суық тию белгілері бар науқастар бірден медициналық қызметкерлерге баруы керек. Дерттен қайтыс болғандардың барлығы дәрігерлерге кеш барғандар», – деді.

Қоғамның алаңдаушылығын туғызып отырған менингококк инфекциясына қарсы екпе еліміздің ұлттық күнтізбелік екпе жоспарында жоқ екен. Сондықтан оған қарсы екпе ешкімге арнайы жоспарлы түрде салынбайды. Облыстың бас инфекционисінің айтуынша, қазіргі күні мұндай екпе адамдардың өз өтініштері бойынша Алматыда ғана салынады. Бейресми дерек көздерінің мәліметі бойынша оның бағасы 20 мың теңгенің үстінде. Екпе арнайы түрде Мекке мен Мединаға қажылыққа баратындарға ғана (олар жолдамамен Алматыға жіберіледі) салынып келеді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button