Президент тапсырмасы

«Менің мектебім» аясында 11 кабинет ашылды

«Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтпаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында «Ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын» дей келе, ауылдарға жағдай жасау, ауылды сақтау, дамыту білім ошақтарынан бастау алатындығын атап өткен болатын.

Зайсан ауданындағы 27 мектептің 16-сы шағын жинақты мектеп. Соның бірі Кеңсай ауылында орналасқан. Кеңсай орта мектебінің директоры Махамбет Жұмашевтың айтуынша, білім шаңырағында 172 бала оқиды. Білім сапасы –  61 пайыз.

–  Мектепте жоғары білімді мұғалімдер қызмет етеді. Олардың 52%-ы осы мектептің түлектері. 12 жас маманға  «Дипломмен ауылға» бағдарламасы негізінде мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек көрсетілді, дейді мектеп басшысы.

Қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты қысқарту, шағын жинақты мектептерде қашықтан білім беру технологияларын халықаралық стандарттарға сай қолданысқа енгізу мақсатында республика бойынша «Тірек мектеп – магниттік мектептер кешені» қанатқақты жобасы енгізілген. Магниттік мектептің негізгі қызметі  оқушыларға сапалы білім мен тәрбие беру, мұғалімдердің педагогикалық шеберліктерін шыңдауда әдістемелік – тәжірибелік көмек көрсету.

Махамбет Мұхаметуәлиұлы айтып өткендей, Кеңсай орта мектебі географиялық орналасу тиімділігіне қарай Қарабұлақ ауылының Абай атындағы орта мектебіне серіктес мектеп. Екі мектеп арасында жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, тұрақты байланыс орнату үшін кешенді жоспар әзірленген. Сол жоспардың аясында әдістемелік, тәрбиелік, материалдық базаны жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіледі.

Бірлескен жұмыс нәтижесінде облыстық «Ауылдың үздік мұғалімі», «Жас мамандар», «Үздік педагог», «Soft skills», «Менің кіші Отаным», «Үздік өлкетану» байқауларында, әдеби оқуларда, айтыс өнерінде мектеп мұғалімдері мен оқушылары жүлделі орындарды иеленіп, ауданның абыройын асқақтатып жүр.

Қазіргі уақытта оқушыны жан-жақты дамытуда түрлі жобалар аясында имидждік іс-шараларды ұйымдастыру үрдіске айналып келеді. Мұның тиімділігі  оқушыларды қызығушылықтарына, қабілеттеріне қарай топтап, ары қарай дамыту.

–  Жайлы орта қалыптасқан мектебімізде білім беретін әріптестеріме қойып отырған басты талабым  білім сапасын көтеру бағытында аянбай еңбек ету. Сапаны көтеруде жыл көлеміндегі дәстүрлі оқу үрдісімен қатар каникул кезінде оқушылармен олқылықтардың орнын толтыру өте тиімді екеніне көзім жетіп келеді. Әсіресе мектебіміздегі жыл сайын ұйымдастырылатын «Жазғы мектеп» жобасының үлесі зор. Бұл жоба  аясында оқушылардың қызығушылығына қарай кіші жобалар ұйымдастырылады. Сонымен қатар қала мектептеріндегі тәжірибелі    ұстаздардың ауыл мектебіне келіп оқушыларға білім беруіне мүмкіндік жасалып отыр. Бұл жұмыстар оқушылардың аудандық, облыстық пән олимпиадаларына, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысып, білім деңгейлерін көрсетуге оң ықпалын тигізіп отыр, –  деді мектеп директоры.

Оқушыларға сапалы білім берудегі мәселелердің бірі  жайлы, қауіпсіз орта қалыптастыру екендігі белгілі. Бұл ретте «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының маңызы ерекше. Жобаның басты мақсаты  – қалалық және ауылдық мектептерде оқитын оқушылардың білім деңгейіндегі алшақтықты азайтып, сапаны арттыру. Бұл міндетке қол жеткізудің бірден бір жолы  мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтып, сынып кабинеттерінің заманауи жабдықталуы.

Осыған орай, мектеп түлектерінің және кезінде сол мектепте қызмет еткен ұстаздар отбасыларының демеушілігімен ауданда «Менің мектебім» жобасы жыл сайын жүзеге асырылып келеді. Аталған жоба аясында Зайсан ауданында демеушілікпен ашылған 53 кабинеттің 11-і Кеңсай орта мектебінде екендігін мақтанышпен айтуға болады.

Мектеп директорының сөзінше, облыс әкімдігі тарапынан ауыл мектептеріне үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Алдыңғы жылы 44 млн. теңге  қаражат бөлініп, мектептің терезе, есік, шатырына жөндеу жүргізілсе, ағымдағы жылы мектептің жылу жүйесін толық жөндеуден өткізу үшін 35 млн. теңгеге сметалық құжат жасалған.

Жергілікті бюджет тарапынан мектептердің дамуына, материалдық базасының жақсаруына беріліп жатқан көмек жас ұрпақтың білімді азамат болып шығуының алғышарты екендігі даусыз. Дегенмен, ауыл мектептерінде заманауи үлгідегі кабинеттердің жетіспеушілігі әлі де бар. Сондықтан мектеп басшысы Махамбет Жұмашев SMART құрылғылар мен жаңа модификациялы кабинеттерге қатысты сұраныстар оң шешімін тапса деген ұсынысын айтты.

Айжанат Ихсанова

Осы айдарда

Back to top button