«Дидардың» қонағы

«Менің атым Қожа» секілді кинолар әлі түсіріледі

«Менің атым Қожа» секілді кинолар әлі түсіріледі


«Шал», «Рывок», «Человек ветер» сынды фильмдерге түсіп, рөлдерін мінсіз сомдап жүрген шығысқазақстандық актер Иісбек Әбілмәжіновпен әңгімелесудің сәті келген. Актерліктің қыр-сырын әбден меңгерген Иісбек Рамазанұлы сұхбат барысында қазақ фильмдеріне, жас актерлерге деген өз көзқарасы, шығармашылығы, отбасы туралы айтып берді.

– Көптеген отандық фильмдерге түсіп жүрген сіздің Шығыстың тумасы екеніңізді көпшілік біле бермейтін шығар. Әңгімеңізді туған жеріңіз, өсіп-өнген ортаңыздан бастасаңыз…

– Талантымен танылған адамдар Шығыстан көп шықты. Шығып та жатыр. Оның ішінде әншісі, суретшісі, актері де бар. Біз жақтың суы да, нуы да қасиетті ғой, шіркін. Менің туған жерім Тарбағатай тауының етегіндегі Ақжар ауылы. Сол жерде оқыдық, ержеттік. Еңбек жолымды да алғаш Ақжарда бастадым. Әке-шешем қарапайым еңбек адамдары еді. Бірақ әкем Рамазан жарықтық өнерге бейім адам болатын. Қоңыр домбырасын қолына алып күмбірлете күй шертіп жататын. Азын-аулақ ән-күй де шығарды. Өзінің авторлық кітабы бар. Жас күнінде өнердің қыр-сырын меңгеріп, талантын ұштағысы келгенімен, мүмкіндік болмаған. Соғыстан кейін ел енді-енді ес жиып жатқан уақыт болса керек. Өзі оқи алмағаннан кейін менің өнерге бет бұруыма зор ықпалын тигізді. Сөйтіп өзінің орындалмай қалған арманын мен арқылы орындады деп ойлаймын. Сондай-ақ, өнер жолына түсуіме кіші әкем Беделбек Әбілмәжінов те көп әсерін тигізді. Өнерге баулушы ұстазым десем де артық айтпағаным. Анам Рахила сексеннің сеңгірінде. Қазір бізбен бірге бір шаңырақ астында тұрады. Анамның жанымда болғаны мен үшін үлкен бақыт.

Өнердегі әуелгі ұстазым – Кеңес Байтағасов
– Демек, актерлікке қызығушылығыңыз сонау бала кезден басталған екен ғой.
– Ұшқыны бала кезден болған шығар… Әйтеуір оныншы сыныпты бітіре салысымен Ақжар халық театрында актерлік жолымды бастап кеттім. Ол жерде тұсауымды кесіп, өз білген-көргенін үйреткен ұстазым – Кеңес Байтоғасов еді. Оның есімін Шығыста білмейтін адам кем де кем шығар. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демекші, сахнадағы алғашқы тәй-тәй басқан қадамымды жасатқан сол Кеңес ағатайыма алғысым шексіз. Кейіннен Асқар Тоқпанов, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова сынды өнердің саңлақтарынан сабақ алдым. Бұл кісілер енді кәсіби біліктілігімді шыңдап, үлкен сахналарға жол көрсетті. Актерлік өмірім осылайша басталған еді.

– «Болмасаң да ұқсап бақ» дейді Абай. Бала күніңізде, жас кезіңізде еліктеу болған шығар…
– Өнерге таласы бар адамның еліктемей тұлға болып қалыптасуы мүмкін емес қой деймін. Қалай десек те, біреуден үйренесің, қателігін қайталамауға тырысасың. Табиғаты өзіңе тән адамдарға ұқсағың келеді. Бала кезден «Менің атым Қожа», «Қыз-Жібек», «Атаманның ақыры» фильмдерін көріп өстік. Сонда Төлеген де, Бекежан да, Қожа да болғың келетін.

– Осы уақытқа дейін елуден астам рөлді сомдапсыз. Өзіңізге қандай кейіпкердің рөлі жақын?
– Актер үшін жағымды рөлдері де, жағымсыз рөлдері де қымбат. Қай рөлді болмасын, сомдап шығу үшін маңдай теріңді төгесің, бар өнеріңді саласың. Жағымсыз кейіпкерді сомдасаң – көрермен жиренсін, жаманды көріп жақсылыққа ұмтылсын деген мақсатта тырысып бағасың. Сол себепті рөлдің жаманы жоқ мен үшін, әрбіреуінің орны ерекше, бәрі қымбат. Әрине оның ішінде қимай қоштасатын рөлдерің болады. Қимай қоштасасың деп отырғаным, спектакльдер де ескіреді, бірнеше жылдан кейін репертуардан алынады.

Әр адам кинодан өзіне керегін алғаны жөн
– Кино мен театрдың қоғам үшін қандай маңызы бар? Кейбір шетелдік фильмдер теріс тәрбие беріп жатқан сияқты…
– Жалпы өнер атаулының қоғам үшін маңызы зор. Өнері жоқ ел жетім демей ме?! Әдебиетің, театр-киноң, ән-күйің, биің, мәдениетің болмаса, елдігіңді қалай дәлелдеуге болады? Елің рухани байлықты қайдан, неден алады? Театр да, кино да – қоғамның айнасы. Санасы бар адам соған қарап бой түзейді. Ал шетелдік фильмдердің бәрі жаман емес, олар да адам тағдыры, коғам тағдыры, тарих туралы кинолар түсіреді. Олардың да сүйсініп көрер фильмдері жетерлік. Тек бізде ұлттық менталитет басқа. Сол себепті кері әсерін тигізетін жағдайлары болмайды емес, болады. Әр адам әр кинодан өзіне керегін ғана алса дұрыс болар еді. Ал жаман жағын санасына сіңіріп керегі жоқ.

– Жаман жағы демекші, көпшіліктің көңілінен шыққан «Шырмауық» қойылымын жазған өзіңізсіз…
– Мына аударылып-төңкерілген әлемде жас тұрмақ, ақыл тоқтатқан ел ағалары да адасып кетіп жатады. Шырмауыққа шырмалған жас дұрыс екен деп, бұрыс жолда жүргенін аңғармай да қалады. Қоғамдық дерт болғандықтан, Өскемендегі облыстық театрдың көркемдік жетекшісі Сақан Әкелеевтің ұсынысымен «Шырмауық» қойылымын жазып шықтым. Жазбас бұрын дінтанушы, Мысырдан сабақ алып келген Қуат Қабдолда есімді жігітпен кеңесіп отырдық. Ал қойылым туралы көрермен өз бағасын береді.

– «Менің атым Қожа», «Алпамыс мектепке барады» сияқты ел есінде қалатын киноларды қашан түсіреміз?
– Мына заман ақпараттың, техниканың дамыған заманы болғандықтан елді елең еткізу қиын. Ел есінде әлденені қалдыру да оңай емес. Десе де, отандық фильмдер енді-енді жанданып, тың дүниелер қолға алынып жатыр. Оның біразын мемлекет қаржыландырса, біразын демеушілер арқылы қаржыландырып, жеке кино түсіру қолға алынды. Жақсы фильм түсіру үшін қомақты қаражат керек. Өкінішке қарай, қаражат мәселесі көп жағдайда қолбайлау болады.

– Көрерменге отандық сериалдар жол тартқанымен, актерлері қоғам арасында азды-көпті сынға да ұшырап жатыр. Әртістері жасанды ойнайды деседі.
– Актер болу қиынның қиыны. Бұл қасиет ең біріншіден, болашақ әртістің бойына ана сүтімен, әкенің қанымен даруы тиіс. Бағыт-бағдар алуы ұстаздарына тікелей байланысты. Дей тұрғанмен, жас актерларымыз жоқ емес, бар. Іштерінде таланттылары да жетіп артылады. Солардың біразы өз шәкірттерім. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында ұстаздық етіп, өз білгенімді шәкірттеріме үйретіп жүрмін. Мәдина Есманова, Айнұр Бабаева, Ұлан Болатбек, Жалын Төлеубергенов сынды шәкірттерімнің болашақтарына сенім артып жүрмін.
Асан Қайғының рөлін сомдаймын
– Біздің актерлер шетелдің актерлерімен тәжірибе алмасып тұра ма?

– Шет елдердің актерлерімен қарым-қатынас бар, біздің актерлер олардың киносына, олар біздің киноларға түсіп жатыр. «Менің атым Қожа» сияқты кинолар әлі туады, оған кәміл сенемін. Егеменді ел болғанымызға көп те болған жоқ. Кейбір біз сияқты республикалар кино түсірмек түгілі киностудиялары жабылып қалды. Соған қарап тәубешілік айтуға тура келеді. Бірақ Абай атамыз айтқан ғой: «Жаманға салысып жақсы болмайды, жақсыға салысып жақсы болады да» – деп. Демек, жақсы күндеріміз алда деп үміттенемін.

– Өзге елдер өз тарихы туралы, тарихи тұлғалары туралы сапалы, танымдық фильмдер түсіріп жатыр. Бізге неге 1932 жылдардағы ашаршылық, репрессия туралы көркем фильмдер түсірмеске? Әлде идея жоқ па?

– Идея да бар, сценарий де бар. Бірақ кедергілер де жетерлік. Өздеріңіз білесіздер, Елбасы «Қазақфильмге» келіп шығармашылық топпен кездескен-ді. Қазақ елі туралы, қазақ хандығы туралы кино түсіру жөнінде ұсынысын айтты. «Мемлекет тарапынан не керек, бәрін береміз, сендер тек кино түсіріңдер» – деді. «Қазақфильм» басшылығы бұл бағытта кино түсіруді қолға алып та үлгерді. Тарихи фильмдердің бірінде мен аты аңызға айналған Асан Қайғының рөлін сомдаймын.

– Өнер адамы болғасын үнемі ізденіс үстінде жүресіз, мойныңызға жүктелген тапсырмалар да көп. Отбасыңызға қаншалықты уақыт бөлесіз?
– Әр адам үшін отбасы бірінші орында деп ойлаймын. Сыртта көп жүретінім рас. «Ер адам түздікі» деп те бекер айтпайды ғой. Шаңырағымның ұйытқысы – Клара Бельжанова Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық жастар театрының актрисасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Көптеген фильмдерге де түсті. Ал қызым Әлия ағылшын және түрік тілінің маманы. Өнерге бейімі болғанымен, тіл маманы болғанын қаладық.

Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен – Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button