Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметшілердің жаңа легі қалыптасады

Президенттік жастар кадр резервіне жаңа резервшілер салалық қажеттіліктерді ескере отырып іріктелетін болады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев мәлім етті.

Қай салаларға басымдық берілмек?

Оның айтуынша, президенттік жастар кадр резервіне (ПЖКР) кезекті іріктеудің бұрынғыларынан айтарлықтай өзгешелігі бар.

Мәселен, бұл жолғы, яғни үшінші іріктеу мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып жүргізілмек. Демек, іріктеу нысаналы болады. Осылайша, алты негізгі сала бойынша кадр резерві іріктелуі тиіс. Ол қандай салалар, енді соған тоқталайық. Жоғарыда айтқандай, іріктеу кезінде алты негізгі салаға басымдық беріледі. Олар:

– инфрақұрылым мен өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;

– агроөнеркәсіп кешені және қоршаған ортаны қорғау;

– сыртқы саясат және инвестициялар;

– экономика және қаржы саясаты;

– цифрландыру,

– әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.

Сондай-ақ биылдан бастап тағы бір жаңашылдық енгізілетінін айтқан жөн. Дәлірек айтсақ, енді үміткерлермен әңгімелесуге міндетті түрде салалық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысатын болады.

Талапқа сай, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі бар және жұмыс өтілі кемінде бес жылды құрайтын, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес дәрежеде меңгерген Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

 Үміткерлер алты сатылы іріктеуден өтеді

Нұрлан Еркебаев биылғы іріктеудің негізгі кезеңдері туралы да айтып берді. Оның сөзіне сенсек, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер алты кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс екен.

Бірінші кезең, яғни, іріктеуге қатысу үшін үміткерлердің құжаттарын қабылдау 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде жүзеге асырылады.

Іріктеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады.

Екінші кезеңде үміткердің мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттері бағаланады. Департамент басшысы атап өткендей, тестілеу процесі аудио-бейне фиксациямен өтеді. Осылайша, тестілеудің өту шарттарының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланатын болады.

Ал үшінші кезеңде үміткерлер ситуациялық тапсырмалар орындайды. Бұл кезең үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге қабілеттілігін бағалауға бағытталған. Аталған кезең онлайн-режимдегі аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында өтеді.

– Орындалған тапсырманың шешімін бір мезгілде қызметтің тиісті бағыттары бойынша үш салалық сарапшы бағалайтын болады, – деп нақтылады Нұрлан Еркебаев. – Сарапшылар пулына академиялық орта мен бизнес-қауымдастық өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер кіреді.

Төртінші кезеңде үміткердің құзыреті бағаланады. Былайша айтқанда, үміткердің қабілеттері ассессмент-орталық әдісінің көмегімен тексеріліп, одан құзыреттер бойынша сұхбат алынады. Осы ретте, ассессмент-орталық ел Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтетінін айтқан жөн. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы үміткерлердің құзыреттерін анықтауға және бағалауға бағытталған.

Аталмыш кезең барысында үміткерлер топтық және жеке тапсырмалар орындайтын болады. Жалпы, құзыреттерді бағалауға кемінде 15 сертификатталған бағалаушы мен бес супервайзер қатыспақ.

Ал құзыреттер бойынша сұхбат кәсіби HR-менеджерлерді тарта отырып, онлайн форматтағы жеке терең сұхбат түрінде өткізіледі. Сұхбат үміткерлердің ішкі уәждемесін, сондай-ақ құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады.

Бесінші кезең – сарапшы комиссиясында үміткерлермен әңгімелесу. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары енетін болады. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі әзірленеді.

Алтыншы, соңғы кезеңде Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, оның нәтижелері бойынша Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 үміткер қабылданады.

Әкімдер де бар

ПЖКР талаптарына сәйкес, резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық және А санатының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.

Нұрлан Еркебаев атап өткендей, Агенттік іріктеудің барынша ашық әрі объективті өтуіне мүдделі. Үміткерлерді бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде қолжетімді болады. Ал келесі кезеңге өткендердің тізімі резерв платформасында (pkrezerv.gov.kz) жарияланбақ.

– Біз Қазақстан жастарын ПЖКР іріктеуіне белсенді қатысуға шақырамыз. Өйткені, кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастыру – еліміз үшін айрықша маңызды мәселе, – деп атап өтті департамент басшысы.

Ол сондай-ақ іріктеу қорытындысы бойынша 2019 жылы резервке 300 адам, ал 2021 жылы 50 адам қабылданғанын атап өтті. Резервке алынған сол 350 адамның 265-і немесе 76 пайызы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарына жұмысқа орналасқан. Олардың ішіндегі 124 адам орталық мемлекеттік органдарда, 35 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 49 адам басқа ұйымдарда қызмет етуде.

Бұл ретте, 32 резервші саяси лауазымдарға, алты адам «А» корпусының лауазымдарына тағайындалғанын айтқан абзал. Тағы бір резервші Парламент Мәжілісінің депутаты, екі адам мәслихат депутаты болып сайланған.

Атап өтер жайт, алдыңғы іріктеу қорытындысы бойынша ПЖКР-ға алты жерлесіміз қабылданған, олар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарына басшылық лауазымдарға тағайындалыпты. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанда ПЖКР резервшілерінен шыққан облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов пен Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышов сынды кадрлар қызмет етуде.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button